Жақында облыстық төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру басқармасының бас маманы, азаматтық қорғау подполковнигі Нұрғали Байжігітовті салтанатты түрде зейнетке шығарып салу рәсімі өтті. Жиынға департамент бастығының бірінші орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Азат Абдразаков арнайы қатысты. Подполковник басқосуда Нұрғали Битөреұлының қызметтегі біліктілігі мен іскерлігіне, жалпы игі істеріне тоқталып, оның қызметіне жоғары баға беріп, зейнетке шыққан қуанышты сәтімен құттықтады.
Одан әрі Тараз қаласы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің базасында зейнеткерді өрт сөндірушілердің өзіндік ерекше дәстүріне сай үстіне су шашып, құрметпен шығарып салды. Жемісті қызметтік жолы Әулиеата өңірінде өткен Нұрғали Байжігітов негізінде Түркістан облысының тумасы. Түлкібас ауданы, Жаскешу ауылында 1975 жылы дүниеге келген. Ол өзі туып өскен ауылдағы С.Сейфуллин атындағы №15 орта мектебін аяқтаған соң, 1997-2002 жылдар аралығында сол кездегі Тараз мемлекеттік университетінің гидрокешенінде «Механик» мамандығын тәмамдаған. Еңбек жолын Шымкент қаласындағы «Бителеком» фирмасында маман болып бастаған. Ал 2006 жылы облыстық төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің өрт техникалары бөлімінде инженер лауазымына орналасып, аталған бөлімнің бастығы лауазымына дейін жоғарылаған.
2013 жылы Бішкек қаласындағы Техникалық институтты «Өрт қауіпсіздігі» мамандығы бойынша қосымша білім алған Нұрғали Битөреұлы қызмет жолында түрлі сипаттағы өрттер мен апаттарды жою жұмыстарына белсене қатысқан. Атқарған еңбегіне орай ол ІІІ және ІІ дәрежелі «Өртке қарсы қызмет саласындағы мінсіз қызметі үшін» медальдарымен, сондай-ақ «Қазақстан полициясына 25 жыл» мерекелік медалімен марапатталған.
Ал, өткен айдың соңында Тараз қаласы № 1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде бөлімше командирі, азаматтық қорғау аға прапорщигі Бекмұрат Мырзабекұлын зейнеткерлікке шығарып салу іс-шарасы өтті. Бекмұрат Сұрабалдиев өмірінің 30 жылдан астам уақытын өртке қарсы қызметке арнап, өртті және түрлі сипаттағы төтенше жағдайларды жою кезінде көптеген адамдардың өмірін құтқарған жан. Сонымен қатар ол нағыз өрт сөндірушілердің бір емес, бірнеше буынын дайындады. Қызмет еткен жылдары өзінің ерлігі мен батылдығын және кәсіби шеберлігін бірнеше рет көрсетіп, көптеген марапаттарға ие болған.
Бекмұрат Мырзабекұлы өртке қарсы қызмет органдарында 1992 жылдан бері қызмет атқарып келеді. I, II және III жәределі «Өртке қарсы қызмет органдарындағы мінсіз қызметі үшін», I, II және III дәрежелі «Құтқарушы» мерекелік төсбелгілерімен марапатталған. Енді қайсар азаматтың қайталанбас ерліктеріне тоқталайық. 2000 жылдың қазан айы болатын. Орталық байланыс пунктіне «Жансая» ықшамауданындағы үйдің бесінші қабатынан өрт шыққандығы туралы хабар түседі. Хабар алысымен жолға шыққан бөлімше командирі Б.Сұрабалдиев оқиға орнына жеткен кезде 5-қабаттағы терезеден қара түтіннің будақтап жатқанын көреді. Қарап тұруға уақыт жоқ, қасына Азамат Отарбаевты ертіп, жоғарыға көтеріледі.
– Есігі ағаш болғандықтан бұзып аштық. Қою қара түтіннен ештеңе көрінбейді. Үйдің ішіне зер сала қарай жүріп, төсек астына тығылған және шифонердің ішінен екі баланы алып шықтым. Әбден түтіннен тұншығып талып қалған екен. Сыртқа алып шығып алғашқы медициналық көмек көрсеттім. Бір бала тілін жұтып, соның амандығы үшін жанымызды салдық. Тез арада жедел жәрдем көлігі келіп, оларды ауруханаға алып кетті. Артынша өртті сөндіріп, басқа қабатқа өтіп кетпеуін қадағаладық. Кейін өрттің себебін анықтасақ, балалар сіріңкемен ойнаған екен. Ал ата-анасы сырттарынан құлыптап жұмысқа кетіпті. Жалпы, жұмыс барысында естен кетпес оқиғалар көп болды. Соның тағы бірі ойға оралып тұр. 1993 жылдың жаз айы еді. Қаламыздағы Западная көшесіндегі бір үйден өрт шықты. Ол кезде небәрі 23 жастамын. Қарасам, 60-қа жуық газ баллоны бар екен. Бір газ баллоны жарылып, басқаларының да жарылу қаупі төнген болатын. Айналама барлап қарасам шынжырға байланған ит те өліп жатыр. Газ баллоны деген оңай емес. Екі сағатта әрең өшіріп біттік. Өрттің себебін анықтасақ, үй иесі газ таситын көліктің жүргізушісі қызметін атқарады екен. Газдың қалдықтарын үйдің алдындағы қолдан жасалған резервуарға жинап, келген тұрғындарға сол резервуардан газ баллондарын толтырып береді екен. Толтыру кезінде құрылғыдан ұшқын шығып, соңы үлкен өртке ұласыпты. Осы салада отыз жылға жуық адал еңбек еттім. Енді бейнеттің зейнетін көретін уақыт жетті, – дейді Бекмұрат Мырзабекұлы өткен шақты еске алып.
Сонымен қатар таяуда Шу аудандық төтенше жағдайлар басқармасы Шу қаласындағы №5 өрт сөндіру бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Елнұр Канкулов та құрметті демалысқа шықты.
Салтанатты іс-шара өртке қарсы қызметтің ең озық дәстүрлеріне сай ұйымдастырылды. Жеке құрам сапқа тұрғызылып, әріптестері мен басшылық тарапынан жылы лебіздер айтылды. Көп жылғы адал қызметі, кәсіби шеберлігі мен жас мамандарды тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін алғыс білдірілді. Әріптестері Елнұр Мұратханұлының әрдайым жауапкершілігі жоғары, талапшыл әрі әділ басшы болғанын ерекше атап өтті. Қиын сәттерде батыл шешім қабылдап, жеке құрамға үлгі бола білген тәжірибелі офицер ретінде құрметке ие болғаны айтылды.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ



