Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Үміт оты сөнбейді

Үміт оты сөнбейді
Автор
Әлдекімге зорлық көрсетіп, күш қолдану қиянаттың ең сорақысы. Бір сәттік ашу тұтас отбасының тағдырын тоздырады. Қорлыққа төзімділік танытқан қоғам ертең әлсізін қорғай алмайтын күйге түседі. Сондықтан зорлық-зомбылықты ақтау емес, оны болдырмауға атсалысу және әшкерелеу біздің адами парызымыз.

Орталық алаңда орналасқан орындықтардың бірінің айналасына адамдар жиналып қалыпты. Мен жүгіріп барғанда сол орындықта қайыр тілеп отыратын ақсақалдың бір әйелді ұрып жатқанын көрдім. Әйел соққыдан жерге ет бетінен құлап түсті де, орнынан әрең тұрып, үстін қаққылап, үнсіз жылаған күйі ары қарай кетіп бара жатты. Соңынан біраз жерге дейін ілесіп отырдым. Әудем жер жүргеннен кейін көшедегі орындықтардың біріне жайғасқан нәзікжанды аңырап, жылай бастады. Жыртылған күртешесінің ішіндегі астары көрініп тұр. Кір сіңіп кеткен күртешесінің алды сатпақ-сатпақ. Дауыс салып жылап отырған әйелді құшақтап, жұбатпақ болғаным сол еді, одан сайын аңырап қоя берді. Сәлден кейін солығын басып, өмірбаянын айта бастады.

– Бақуатты отбасының жалғыз қызы болып өстім. Соңымнан ерген інім бар еді, ол да өмірден өтті. Мектепті алтын медальмен бітіріп, жоғары оқу орнында математика мамандығы бойынша білім алдым. Университетті де үздік студент ретінде қызыл дипломмен тәмамдадым. Қатты ғашық болып, сүйген адамыма тұрмысқа шықтым. Ерлі-зайыпты болып бір жылға ғұмыр кештік. Орта және жоғарғы оқу орындарында математика пәнінен сабақ бердім. Жалғыз ұлым да зерек болып өсті. Мектепті алтын медальмен, университетті қызыл дипломмен бітірді. Ұлымның әрбір жетістігі төбемді көкке жеткізіп, көңіліме қуаныш сыйлады. Оған қарап отырып, күйеуімді еске алатынмын. Бір күні ұлым аяқ астынан қайтыс болды. Анығын айтқанда асылып қалды. Не болғаны, қандай жағдай әсер еткені маған беймәлім күйде қалды. Ұлымның қайғысы жүрегіме ауыр салмақ салып, инсульт алдым. Кейін ес жиған соң, сол аяғым мен қолым онша икемге келмей қалғанын ұқтым. Қант диабетінен тісімнің бәрі түсіп қалды. Ал өзім өмірдің мәнін жоғалттым. Туған-туыстың үйіне ұзақ тұрақтауға ыңғайсызданамын. Өзімнің де мінезім тік, бірбеткей. Сол мінезім еш жерге сыйдырмады. Содан көше кезіп, қайыр тілеп күнелттім. Бүгін де алақан жайып, бір бос орындыққа отыра кетіп едім, ол әлгі зағип кісінің бірнеше жыл бойы алақан жайып, күнделікті отыратын орны екен. Қайдан білейін?! «Менің орныма неге отырасың?» деп сабап тастады. Кеше ғана ұстаз едім, бүгін көше кезген қайыршыға айналдым. Жақында бір орталыққа жатып шыққанмын. Басымнан сөз асырмайтын мінезімнің арқасында ол жерде бір орыс әжеймен төбелесіп қалдым. Соңыра орталықтан кетіп тындым. Енді сол мекемемен қайта сөйлесіп, орналастырып берші, айналайын, – деп егіле жылады.

Апайдың есімі Гүлбану екен. Небәрі 55 жаста. Бейбақ ана алақан жайып тапқан азын-аулақ тиын-тебенге күнелтіп жүр екен.

Сөйтіп Тараз қалалық өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды қайта әлеуметтендіруге арналған орталыққа хабарластым. Апай орталықтан ережеге бағынбай, талаптарды бұзғаны үшін шығарылыпты. Қоңырау шалып, сөйлесіп, мән-жайды айтқан соң мекеме басшылығы апайды орталыққа қайта алу үшін комиссия құратынын айтты. Таңертең орталыққа баратын болдық. Сол күні апайды тамақтандырып, қонақүйге орналастырдық.

Алайда түрлі олқылықтар орын алғаны ескеріліп, апай орталыққа қайта қабылданбады. Тағдыр тәлкегіне ұшырап, баз кешкен апай «Далада қалдым. Енді қайда барамын?!» деп қоңырау шалды. Осы сәт әлеуметтік желідегі «Tik Tok» парақшама жазылған оқырмандарыммен ақылдасатын сәттің жеткенін ұқтым. Сөйтіп әлеуметтік желідегі қолдаушыларымның көмегімен, 2 күн қатарынан қонақүйге түнеді. Сол уақыт аралығында халықтан 70 мың теңге қаражат жиналды. Одан бөлек, қайырымды жандар табылып, Бақыткүл апай 15 мың, Жалғас есімді жігіт 70 мың теңге салып жіберді. Жиналған ақшаны «математик» апай өзі есептеп, халыққа айтып отырды.

Пәтер іздеп жүргенде өзін Айбол деп таныстырған бейтаныс жігіт хабарласып: «Мен Гүлбану апайды іздеп жүр едім. Алты айға пәтерімді тастап, алыс сапарға кетіп бара жатырмын. Пәтер жалдамаңыздар. Ертең күндізгі сағат 10.00-де пәтерімнің кілтін қолдарыңызға беремін. Ішінде керек-жарақтың бәрі бар. Азық-түлік те алып әуре болмаңыздар. Жинаған ақшаларыңызға киім әперіңіз», – деді.

Қуаныштан жарылардай, мәре-сәре болдық. Алайда таңертең сағат 10.00-ге дейін ешкім хабарласпады. Өзіміз қоңырау шалғанда да тұтқаны көтермеді. Сөйтсек, Айбол тікелей эфирде оқырман назарын өзіне аудару үшін осылай хайп жинаған екен. 

Кешке жұмыстан шыға сала орталық алаңға беттедім. Жарығы мол түскен орындықтардың біріне арқа сүйеп, мені күтіп отырған Гүлбану апай балаша қуанды. Қалтамызда халықтың пәтер мен азық-түлікке жинап берген ақшасы болғандықтан расында көңіліміз көтеріңкі еді. Сәлем-саулықтан соң, апайды ертіп, аяңдап басып аялдамаға қарай беттедік.

Жол жиегінде басы салбырап, мұңайып отырған ер-азаматқа көзім түсті. Көрмегендей болып қасынан өтіп кете алмадым. Жақын барып, әңгімеге тарттым.

– Сізге көмек көрек пе? – деппін жөпелдемеде жөнді сөз аузыма түспей.

Ол болса үнсіз ғана үміті сөнген, оты жоқ жанарын маған қадап тұра берді. Сол сәт бас-аяғына барлай қарадым. Түте-түтесі шыққан ескі күртешесінің екі түймесі түсіп қалыпты. Сол түймесі жоқ жерден жел уілдей берсе керек, қолымен қымтап ұстап алыпты. Аяғында жұқа жаздық тәпішке. «Қайда қонып жүрсіз» дедім сосын мән-жайды бірден түсініп. Ол басын шайқап «Ешқайда» деді селсоқ. «Осы орындыққа қонып жүрсіз бе?» деп едім, ол басын изеді.

Үстімдегі қалың тоннан өткен ызғарды және оның жұқа, жыртық күртешесінен ентелеген суықты ойлағаным сол, бойым мұздап қоя берді. «Жоқ, сіз бүгіннен бастап далаға қонбайсыз. Егер ащы су ішпесеңіз, мен сізге қонатын жер тауып беремін. Сіз қарсы емессіз бе, Гүлбану апай?» дедім қасымда бір уыс болып тұрған апайға қарап. «Жоқ, далаға қонғанның қандай азап екенін мен білемін ғой» деді апай бірден.

Жігіттің аты Ерлан екен. Талас ауданы, Сәду Шәкіров ауылының тумасы болып шықты.

– Әке-шешем өмірден ерте озды. Екі туған қарындасым үйімді сатып жіберді. Содан бері дүниеден баз кешіп, қаңғып қалдым. Бойымды уайым билеп, өмір күңгірттене берді. Мал бағып жүргеніме бір жылдың жүзі болды. Алайда малшыларды ұрып-соғып жұмсайтындардан қашып қалаға келген бетім еді. Мұнда да өмір сүру оңай емес екен, – деді де кілт тоқтай қалып, «Екі дүниеде алдыңызда қарыздар болып кетейін. Жылы жер тауып берсеңіз, жақсылығыңызды мәңгілік ұмытпаймын» деп басы жерге жеткенше иілген сәтте орнынан тұрғызып жібердім.

Біз сол түні үшеу едік. Қасымда тарам-тарам көз жасын алақанымен алқына сүртіп егіле жылаған жігіт пен жалғыз ұлынан айырылып, өмір азабын тартқан апай бар. Адасқан екі тағдыр иесіне тіршіліктің азабын ұмыттыруға ішімнен өз-өзіме серт еттім. Біз сөйтіп қараңғы түн құшағында жалға берілетін пәтер іздеп кете бардық. Балуан Шолақ көшесіне жеттік. Сол көшенің бойында жалға берілетін арзан үйлер көп екенін естіп, сұрастыра бастадық. Үш үйдің иесі бізді «бос орын жоқ» деп шығарып салды. Ең соңғы үмітімізді аялап, шамы әлсірей жанған соңғы үйге де жеттік.

«Бір бос бөлме бар, бірақ көрпе-төсегі жоқ. Ертең келіңіздер, бәрін дайындап қояйын» деді орта жастағы үй иесі езуіндегі шылымын тістелеп тұрып.

Осы сәтте Ерлан пысықтық танытып, әйелдің қолындағы қоқыс толы шелекті алып, төгуге кетті. Қоқысты төгіп, қайта келді де: «Мен еңбекпен өскен ұлмын. Жер үйде тұрады екенсіз. Барлық шаруаңызды атқарамын. Бізге жататын жылы жер болса жетеді. Көрпе-төсекті кейін жеткізіп аламыз» деді қиылып.

Әйел күлімдеген күйі ішке кіріп кетті де, кілт алып шықты.

Бөлмеде шынымен-ақ артық зат жоқ екен. Үйдің қабырғалары кірден сарғайып кетіпті. Амалдап бүгін осы жерде қона тұруларын өтініп, үйге қайттым.

Ертесі күні жұмыстан кейін көрпе-төсектерін алып қайтадан бардым. Есіктен кіргеннен әппақ жастықты көрген Гүлбану апай: «Құдай ау, мына жастық шынымен менікі ме? Жастықты құшақтап, жылы үйде ұйықтайтын күн туғаны ма бізге?! Не заман болып кетті өзі?» деп әбден жылады.

Пәтерақыны төлеп, қалған қаражатқа азық-түлік алдық. Екеуінің сүйікті ортақ асы қолдан ұйытылған айран екен. Бірі анаға, екіншісі баласына айналған екеу маған қуаныш сыйлау үшін түрлі дүние ойлап тауып жүр. Кеше үйді екі қайтара әктеп, ет асып қойыпты. Күнделікті қолтығыма екі таба нан мен айранды құшақтап, сол үйді бетке алып, құрақ ұшып жүгіру менің де күнделікті әдетіме айналды. Өткен өмірін ұмытуға талпынған екі жүректі жылытып, шырағын тұтатуға талпынып жүріп, жон арқама күміс қанат біткенін байқамаппын. Ол қанат ұшу үшін емес, ол қанат өмір сүруге ұмтылған екі адамды алға жетелеу үшін арналғанын ұқтым. Ең қызығы ол күміс қанат өзіме ғана көрінеді.

Бала күнгі арманым суретші болу еді. Жо-жоқ! Сіз ойлағандай суретші емес. Алды арманға толы адасқан адамдардың, өткен өмірінің күңгірт тұстарын түрлі түске бояп беретін суретші болғым келетін! Ендеше, сол арман қол созым жерде тұр деп сендім. Сәл ұмтылсақ болғаны...

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар