Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Тұрмысты түзеудің тиімді тетігі

Тұрмысты түзеудің тиімді тетігі
Автор
Бүгінде республикада 743 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тұрады. Оларды әлеуметтік тұрғыдан қолдау және өмір сүру сапасын арттыру – мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі. Қазақстанда тұратын 743,9 мың мүгедектігі бар адамның ішінде 414 мың адам еңбекке қабілетті жаста, 212,9 мың адам зейнеткерлік жаста, ал 117 мың адам – 18 жасқа дейінгі балалар.

МЕМЛЕКЕТТІК ЖӘРДЕМАҚЫЛАР МЕН ТӨЛЕМДЕР

2025 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы (МӘЖ) алушылардың саны 542,8 мың адамды құрады. Жыл басынан бері аталған жәрдемақыны төлеуге республикалық бюджеттен 424 миллиард теңге бөлінді. МӘЖ мөлшері мүгедектік тобы мен себебіне, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» Заңда белгіленетін күнкөріс минимумының көлеміне байланысты белгіленеді. 1 қарашаға қарай мүгедектік бойынша МӘЖ-нің орташа мөлшері 78 283 теңгені құрады.

Бұдан бөлек, жыл басынан бері 114,5 мың адам мүгедектігі бар баланы күтуге арналған жәрдемақы алды және 53,3 мың адам бірінші топтағы мүгедектігі бар адамды күтуге арналған жәрдемақыға қол жеткізді.

Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушылары мемлекеттік бюджеттен төленетін жәрдемақылардан бөлек, еңбекке қабілеттілігінен айырылу жағдайына байланысты МӘСҚ-тан әлеуметтік төлемдер алады. Бұл төлемдердің мөлшері әрбір адам үшін жеке есептеледі және әлеуметтік аударым жасалған орташа айлық табысқа, еңбекке қабілеттіліктен айырылу коэффициентіне, сондай-ақ жүйеге қатысу өтіліне байланысты есептеледі. 2025 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша 99 мыңнан астам адам еңбекке қабілеттілігінен айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алды,.

 

ОҢАЛТУДЫҢ ТЕХНИКАЛЫҚ ҚҰРАЛДАРЫ МЕН ҚЫЗМЕТТЕРІН ТАҢДАУ

Мүгедектігі бар адамдар медициналық көрсетілімдер мен қарсы көрсетілімдерге сәйкес, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен протездік-ортопедиялық көмекпен, сурдо-тифлотехникалық құралдармен, арбалармен, санаторлық-курорттық емдеумен, міндетті гигиеналық құралдармен, жеке көмекшінің, сондай-ақ ым-ишара тілі маманының қызметтерімен қамтамасыз етіледі.

Оңалтудың техникалық құралдарымен (ОТҚ) және қызметтермен қамтамасыз ету Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы жүзеге асырылады. Бүгінгі таңда порталда 589 арнайы әлеуметтік қызметтер жеткізуші, 1085 ОТҚ жеткізуші, 32 мыңнан аса жеке көмекші қызметін ұсынушы, 764 ым-ишара тілі маманы, 139 санаторлық-курорттық ұйым тіркелген.

Жыл басынан бері портал арқылы мүгедектігі бар адамдар тарапынан 562,9 мыңнан астам тапсырыс орындалды. Қазіргі уақытта инватакси қызметін де портал арқылы ұсынуға көшіру жұмыстары жүргізілуде.

 

АРНАЙЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕРДІҢ САПАСЫН АРТТЫРУ ЖӘНЕ ОҢАЛТУДЫ ДАМЫТУ

Мүгедектігі бар адамдардың қоғам өміріне араласу мүмкіндігін қалыптастыру және туындаған әлеуметтік проблемаларды еңсеру мақсатында арнайы әлеуметтік қызметтер (АӘҚ) ұсынылады. Қызметтер стационарлық, жартылай стационарлық жағдайда және үйде күтім көрсету форматында көрсетіледі. АӘҚ азаматтардың жеке қажеттіліктеріне байланысты келесі 8 бағыт бойынша ұсынылады: әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-еңбек, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-құқықтық.

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету жүйесін трансформациялау аясында АӘҚ көрсететін орталықтардың қызметі лицензиялау арқылы реттеліп, жан басына қаржыландыру жүйесіне көшу жүзеге асырылуда, бизнес-процестер цифрландырылуда. Лицензиялаудың басты мақсаты – көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру және қызмет алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Қазіргі таңда 94 мыңнан астам адамға қызмет көрсететін ұйымдарға 582 лицензия берілді.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында 2027 жылдың соңына дейін еліміздің 12 өңірінде мүгедектігі бар адамдарға арналған заманауи оңалту орталықтарын салу бойынша жұмыс жүргізілуде. Бұл өңірлер: Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Жетісу, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Павлодар, Түркістан облыстары, Алматы, Шымкент және Астана қалалары. Бүгінде Семей, Тараз, Кентау және Орал қалаларында 4 оңалту орталығы ашылды. Жыл соңына дейін Атырау облысында тағы 1 орталық пайдалануға беріледі. Қалған 7 орталықтың құрылысы жүргізіліп жатыр.

 

ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУҒА ЖӘРДЕМДЕСУ

Мүгедектігі бар адамдарды (МБА) жұмыспен қамтуға жәрдемдесу – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. 2025 жылғы 1 қарашасындағы жағдай бойынша, мүгедектігі бар 111 мың адам жұмыспен қамтылған. Бұл – еңбекке қабілетті жастағы МБА-ның 30 пайызын құрайды.

Әлеуметтік кодекске сәйкес, жергілікті атқарушы органдар мүгедектігі бар адамдар үшін жұмыс орындарына 2-ден 4 пайызға дейінгі квота белгілейді. 2025 жылдың үшінші тоқсанында квота шеңберінде мүгедектігі бар 7,1 мың адам жұмысқа орналастырылды.

Сондай-ақ, МБА жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тартылуда. Жыл басынан бері 4,8 мың адам тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды. Сонымен қатар, 1,4 мыңнан астам мүгедектігі бар адам жеке кәсібін ашу үшін мемлекеттен 400 АЕК-ке дейін (1,6 миллион теңгеге дейін) грант алды.

 

КЕДЕРГІСІЗ ОРТА ҚҰРУ ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТТІК БАҚЫЛАУ

Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және қолжетімді орта қалыптастыру мақсатында өңірлерде әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын бейімдеу жұмыстары жүргізілуде. 2023-2027 жылдар аралығында Интерактивті қолжетімділік картасына енгізілген 43 мыңнан астам нысанды бейімдеу жоспарланған. Қазіргі уақытта республика бойынша 25 мыңнан астам нысан толық бейімделген.

2023 жылдан бастап Қазақстанда әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік инспекторлар институты жұмыс істейді. Олар мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласындағы заңнаманың сақталуын мемлекеттік бақылау арқылы қадағалайды.

2025 жылдың басынан бері әлеуметтік инспекторлар 1356 тексеру жүргізді. Тексеру нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою жөнінде 701 нұсқама берілді.

Қазақстанның әр өңірінен мүгедектігі бар азаматтар оң өзгерістерді және өмір сапасының артқанын атап өтуде.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар