Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ана мейірімінің өтеуін кімнен сұраймыз?

Ана мейірімінің өтеуін кімнен сұраймыз?
Автор
Редакцияға іздеп келген әжейдің жасы 65-те. Өмір бойы қалада ғұмыр кешкен әжей өмірдің тауқыметін аз тартпапты. 16 жасында жетім жігітке тұрмысқа шығып, шаңырақ көтерген соң білім алуға мүмкіндігі болмағанын айтты. Жастайынан жесір қалып, екі баласын жалғыз жеткізген қарт ананың 6 бауыры бар екен.

Тапқан нәпақасын екі бүлдіршініне жеткізу барысында қиындыққа көп кездескенін, «үй аламын» деп жинап отырған ақшасын ұрылардың тонап кеткенін айтып егілді. Содан кейін бар ғұмырын жалға алған пәтерде өткізген әйел қиын-қыстау кезеңдерде еден жуып нәпақасын тауып, күнелтіпті. Бүгінде қызын қияға, ұлын ұяға қондырған қарт ананың балаларының мейірімі жоқ екенін айтты.

– Әкем туғанынан ақыл-ойы кем болып дүние есігін ашқан жан еді. Бір анадан тараған екі ұлдың бірі сондай ауыр диагнозбен дүниеге келген соң, әжеміз ерекше бәйек болып өсірген екен. Бір күні көршінің үйінде жастар отырыс жасап, қыз-жігіттер жиналады. Сонда әжем сол жерден бір жас әрі сұлу қызды үйге алдап алып келіп, бірнеше ай тығып қойыпты. «Кіммен қарайсаң, сонымен ағар» деген сөзге берік болдық. Басында біраз уақыт бойы қашып кетуге ұмтылғанымнан түк шықпады. Кейін аяғымның ауыр екенін білген соң, үнсіз көндігіп, осы босағада қала бердім. Балалар бірінен кейін бірі дүниеге келіп жатты. Ішінде сен ғана сау болып дүние есігін аштың. Қуанғанымнан әбден жыладым. Сөйтіп, анама қалаға беріп жібердім. «Оқысын, білсін» деп. Бірақ сенің өзің мектеп бітірер-бітірмес тұрмысқа шығып кеттің» деп кейіп отыратын анам. Расымен білімге зауқым соқпады. Есесіне бір келбетті жігітке ғашық болып, ерте шаңырақ көтердім. Ол жетім бала еді. Әскери адам болды. Екеуміз әупірімдеп аяққа тұрып келе жатқанда, дертке шалдығып, өмірден озды. Сол жылы мені бағып, өсірген әжем өмірден өтті. Әке-шешем шиеттей ақыл есінде ауытқуы бар балалармен ауылда ғұмыр кешіп жатты. Ешкімге ауыртпалық салмай, ғұмыр кешіп, өзімше күн көріп жүрдім. Азын-аулақ пәтерге деп жинаған қаражатымды ұрылар сыпырып кеткен соң, тіпті өмірден түңіліп кеттім – дейді Алтынай әжей.

Бүгінде 50 мың теңге зейнетақысы бар әжейдің ұлынан 4 немересі және қызынан тараған 2 жиені өсіп келеді. Алайда осы уақытқа дейін қызы мен күйеу баласының қолында тұрып келген әжеге жақында қызы қарттар үйіне баруға кеңес беріпті. Сол сәтте Астана қаласында тұратын ұлына қоңырау шалады. Сонда ұлы: «Анашым, бізді өсіріп, жеткізгеніңіз үшін алғысымыз шексіз. Алайда келініңіздің мінезін білесіз. Сізді қолыма алсам, келініңіз сізді жақтырмайды. Мен енді сіз үшін төрт баламды тастап, ажыраса алмаймын. Қарттар үйі жылы. Мен қоңырау шалып, сұрастырдым. Ол жерде қарныңыз тоқ болады. Ештеңе уайымдамаңыз, мен еңбек демалысына шыққанда немерелеріңізді апарып тұрамын. Сіз де қонаққа келіп тұрыңыз», – дейді.

Содан бері көз жасы көл болған Алтынай әжей бауырларының да үйлерінен қуып шыққанын айтып егілді. Алайда ол аға-әпкелерінің ақылында ауытқуы болғандықтан, оларға еш реніші жоқ екенін, оларды түсінетінін жеткізді. Ал редакциядан қарттар үйіне орналасу үшін қандай құжат керек екенін журналистерден сұрай келген екен.

Бүгінде көшеде әркімнің ұстатқан тиын-тебенімен күнелтіп жүрген әжей әзірге көрші-қолаңның есігінде түнеп жүргенге ұқсайды. Қолында ұл-қызының «Анамнан бас тартамын» деген бір жапырақ қол қойылған қағазы бар. Кеудесін басқан қайғыдан еңсесін тіктей алмай тұрған абзал ананың көзіндегі мұңнан ауыр дерт жоқ екенін ұқтық.

Алдағы уақытта көмек қолын созуға уәде беріп, әжені шығарып салдық. Бірақ мұздай бесік таянып, ауыр бейнетпен өсірген балаларының қатігездігі мен аяулы ананың баласына берген мейірімінің өтемін кімнен сұраймыз!? Жүрекке жүк болған бүгінгі күннің басты мәселесі саналатын ана мен баланың қарым-қатынасы осылай аяқталғаны өзекті өртейді. Әлде «Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада» деген сөздің уақыт өткен сайын шындыққа айналып келе жатқанының бір көрінісі осы ма?

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар