«Қазір құзырлы органдарда еліміздегі су ресурстарының қолжетімді көлемі туралы нақты мәлімет жоқ.
Кейбір каналдағы судың 50-60 пайызы далаға кетуде.
Суды есепке алу технологиясы әбден ескірген. Суды бөліп тарататын орындарда қазіргі заманға сай құрылғылар жоқ.
Шын мәнінде, су – стратегиялық маңызы бар ресурс, сусыз өмір жоқ. Сондықтан бұл сала ұлттық цифрлық жаңғыру жұмысындағы басты бағыттың бірі болуға тиіс.
Су үнемдейтін технологияны енгізу жұмысы баяу жүруде, нақты нәтиже әлі жоқ.
Бұл жұмысқа белгілі шетелдік компанияларды тартқан жөн. Сондай-ақ Қытайда жасалған әлемдегі ең озық технологияларды сатып алуға болады.
Су тапшылығына байланысты қиындық болуы мүмкін екені алдын ала ескертіліп жатады. Соған қарамастан диқандар суды көп қажет ететін дақыл егуді азайтар емес. Тіпті егін суаруға қажетті суды еш рұқсатсыз, шартсыз бұрып алатын жайттар жиі кездеседі» – деді Мемлекет басшысы.
Президент тапсырмаларына сәйкес бүгінгі таңда Су ресурстары және ирригация министрлігі ел ырысын еселейтін нақты жобаларды жүзеге асыруда. Мәселен салада атқарылып жатқан кешенді жұмыстардың нәтижесінде алдағы жылдары Тараз қаласында су ресурстарын басқаруға арналған смарт-технологиялар шығаратын зауыт салынатын болады.
Жуырда ғана Су ресурстары және ирригация министрлігі мен қытайлық компаниялар консорциумы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Құжатқа Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов пен «Yellow River Engineering Consulting Co. Ltd» компаниясының директоры – бас экономисі Ин Дэвэнь қол қойды. Шетелдік делегация құрамында «Leture Technology» және «Cheng Cheng Group» компанияларының басшылары да болды.
Кәсіпорын цифрлық шешімдер өндіруге маманданады. Атап айтқанда, су ресурстарын бөлуді автоматты түрде бақылау және басқару жүйелері, су деңгейі мен сапасын өлшейтін датчиктер, ирригация желілерін диспетчерлеуге арналған бағдарламалық-аппараттық кешендер, сондай-ақ су тасқыны мен төтенше жағдайларды ерте ескерту жүйелері шығарылады.
Зауыттың іске қосылуы Қытайда қолданылатын озық технологияларды жергілікті жағдайға бейімдеуге, білім мен тәжірибе трансферін қамтамасыз етуге және Қазақстанның сушаруашылығы саласына заманауи стандарттарды енгізуге мүмкіндік береді.
Кәсіпорын «өндіріс – білім – ғылым» қағидаты бойынша жұмыс істейтін интеграцияланған орталықтың бір бөлігі болады деп күтіліп отыр. Мұнда жабдық өндірумен қатар, мамандар даярлау, кадрлардың біліктілігін арттыру және цифрлық шешімдерді еліміздің климаттық және гидрологиялық жағдайына бейімдеу жұмыстары жүргізіледі.
Жобаны жүзеге асыру ирригация жүйелерінің тиімділігін арттыруға, су шығынын азайтуға және Қазақстанның су қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етеді.
– Біз бірнеше бағыт бойынша бірлесіп жұмыс істеуге келістік. Ең алдымен, автоматтандыру мен цифрландыруды міндетті түрде енгізе отырып, ирригация жүйелерін реконструкциялау. Екіншісі – кадр даярлау. Соңғы екі жылда біз қытайлық кәсіпорындармен белсенді ынтымақтастық орнаттық. Мысалы, биыл «Power China» компаниясының есебінен сушаруашылығы саласындағы 125 маман Қытайда біліктілігін арттыру курстарынан өтті, – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
М.ЖАМБЫЛҰЛЫ




