Мысалы, осы жылы облыс бойынша 13,9 миллиард теңгеге 24 ауылдық елді мекенде және 9 тұрғын алқапта ауызсу нысандарының құрылысын жүргізу қолға алыныпты. Қазіргі уақытта 19 елді мекенде және 5 тұрғын алқапта нысандар пайдалануға берілсе, екі ауылда жұмыстар 90 пайызға аяқталған. Ал 3 елді мекен мен 4 тұрғын алқапта нысандарды қабылдау-тапсыру рәсімдері жүргізіліп жатқан көрінеді. Оның ішінде биыл Байзақ ауданында жаңадан 3 ауызсу имаратын салуға және құбырлар тартуға республикалық, облыстық, аудандық бюджеттен қажетті қаражат бөлініп, тиісті жұмыстар өз деңгейінде атқарылған. Бұл туралы мәліметке біз Байзақ ауданының Сазтерек ауылдық округі, Жаңасаз ауылында жаңадан салынған ауызсу нысанының ел игілігіне берілуі барысында қанықтық.
Аталған нысанның ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімі Олжас Баққараев бүгінде аудандағы барлық елді мекен таза ауызсумен қамтылғанын тілге тиек етті.
– Ауданда 17 ауылдық округке қарасты 40 елді мекен болса, оның ішінде таза ауызсумен қамтылмаған Жаңасаз ауылы ғана еді. Жаңадан пайдалануға берілген осы нысан арқылы қазір аудандағы елді мекендердің барлығы толықтай таза ауызсумен қамтылды. Осылайша біз Президент тапсырмасын 100 пайыз орындап отырмыз. Әрдайым әкімдік тұрғындардың талап-тілегін орындауға, ауылдарды дамытуға барынша күш салып келеді. Бұған дейін ауылдық елді мекендер 100 пайыз газбен қамтамасыз етілсе, енді міне ауызсуға қатысты меже де толық орындалды. Осындай игі істер арқылы біз ауылдық елді мекендерді өркендете аламыз және бұл халықтың ауылдық жерден қалаға көшу үдерісін де тоқтата алады. Сондықтан да алдағы уақытта ауылдықтардың тұрмыс жағдайының түзелуіне, әл-ауқатын көтеруге барынша жағдай жасала береді. Қазір түрлі салалар бойынша бірқатар нысандар аудан көлемінде ел игілігіне ұсынылып жатыр. Әсіресе шалғайда жатқан елді мекендердің дамуына басымдық берілуде. Оның ішінде межелі жоспар аясында заманға сай балалар ойын алаңдарын, спорт алаңдарын, футбол алаңшаларын салу жұмысы да бар. Бұл жұмыстарға қаржы аудандық бюджеттен қарастырылатын болады, – деді Олжас Елебекұлы.
Ауылдық округ әкімі Жұмабек Шайхиевтің айтуынша, округке Абай, Жаңасаз, Ақтөбе елді мекендері қарайды. Биыл 435 миллион теңге қарастырылып, соның арқасында жаңасаздықтардың мәселесі шешімін тапқан екен. Құрылыс жұмысы ақпан айында қолға алынғанымен, республикалық бюджеттен бөлінетін қаржының кешігуіне байланысты арада біраз кідіріс болған көрінеді.
«Игіліктің ерте кеші жоқ», мұндағы 51 түтін, 287 тұрғын сапалы ауызсуға қол жеткізгеніне қуанышты.
– Ел іші болғаннан кейін әлеуметтік мәселе де болмай тұрмайды. Ауылымызда жарық, газ, жол секілді мәселелер бұған дейін шешімін тапқан. Тек осыған дейін суды піспе құдықтан тұтынып келсек, енді міне, тұрғындар таза ауызсумен қауышып отыр. Біздің талап-тілегіміздің орындалуына атсалысқан, осы істің басы-қасында жүрген азаматтарға, Президентімізден бастап облыс, аудан, ауыл әкіміне аалғыстан басқа айтарымыз жоқ, – деді ауыл тұрғыны Жұмахан Жәдіков.
Айта кету керек, аталған су нысанын салу барысында механизатор, жұмысшы секілді бас-аяғы 60 адам жұмыс істеген екен. Қазіргі таңда ауыл іргесінде салынған осы су нысаны арқылы үш адам тұрақты жұмыспен қамтылса, оларға айына 112 мың теңге еңбекақы төленетін көрінеді. Бастысы осындай жобалардың арқасында жаңасаздықтар толықтай инфрақұрылымға қол жеткізіп отыр.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ




