Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Кітаптан кұнды қазына жоқ

Кітаптан кұнды қазына жоқ
А.Қартабай
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің бастамасымен қолға алынған «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы өз мәресіне жетіп, руханият әлемінде жарқын із қалдырды.

«Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы – өңірдің мәдени тынысын кеңейтіп, кітапқа деген қоғамдық қызығушылықты жаңа деңгейге көтерді. Мектептер мен жоғары оқу орындарында оқу мәдениетін қалыптастыруға басымдық берілді. Қазақ әдебиетінің жауһарлары кеңінен насихатталды. Бұл жоба кітапты тек ақпарат көзі емес, рухани серік ретінде оқырмандармен қауыштырып, әдеби талғамды шыңдауға мүмкіндік туды. Ата-ана мен бала арасындағы рухани байланыс кітап арқылы нығая түскені көңіл қуантады.

Облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы мен Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапхананың ұйымдастыруымен өткен жиынды Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы, «Ғұмыр-Дария» газетінің бас директоры, «Құрмет» орденінің иегері Жаңабай Миллионов ашып, жоба жайлы жылы лебізін білдірді.

– «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы еліміз бойынша бірегей бастама. Тыңнан түрен салған жоба өзінің өміршеңдігін көрсетті. Кітап оқуға шақырған жоба халықтың мәдени, рухани қажеттілігін өтеумен айналысатын біраз мекемелердің жұмысын жандандырды. Қай кезде де біздің ақын-жазушыларымыздың шығармашылық таланты көзден таса болған емес, десек те «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында жергілікті қаламгерлердің шығармашылық еңбегіне жаңа өріс ашылды. Кітапханалармен қоса Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығында апта сайын жергілікті ақын-жазушыларымыз бен журналистеріміздің жаңа кітаптарының тұсауы кесіліп, шығармашылық кештер ұйымдастырылып, оқырман қауымға рухани нәр сыйланды, – деген Жаңабай Миллионов мұндай жобалардың қоғамға ауадай қажет екенін жеткізді.

Жоба аясында жыл бойы «Ел болып оқимыз», «Жазушымен бір күн», «Кітапхана – мәдениет ордасы», «Ойыма ой қосқан шығарма», «Кітап мұхитындағы аралдар», «Жастар – кітап әлемінде», «Кітап оқы, талқыла, суретте», «Өміріме әсер еткен бір кітап», «Отбасымызбен бірге оқимыз», «Жазғы демалыс кітаппен бірге», «Жүздек жүйрік» сынды түрлі тағылымы мен тәлімі мол іс-шаралар ұйымдастырылды. Жарқын жобалар жүзеге асырылды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында: «Шын мәнінде озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек», – деп атап өткен болатын. Кітап, әсіресе көркем әдебиет адамның ой-санасын тәрбиелеп, дүниетанымын кеңейтеді. Осы асыл мұратты негізге ала отырып, өңірімізде де руханият пен әдебиетті дамыту, қаламгерлерге қолдау көрсету, кітап оқу мәдениетін жүйелі түрде насихаттау бағытындағы жұмыстар үздіксіз жүзеге асып келеді. Бүгін қорытындыланып отырған «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы тек кітап оқуды насихаттауға бағытталған бастама ғана емес, рухани жаңғырудың білім мен мәдениеттің дамуына серпін берген маңызды жоба. Осы жоба аясында кітапханалар жаңарып, жастар мен оқырмандардың белсенділігі артты. Қазіргі уақытта цифрлық жүйе өмірімізге кеңінен еніп, кез келген нәрсе мобильдік қосымша арқылы қолжетімді болуда. Соның бір дәлелі – биыл іске қосылған «Әулиеата кітапханасы» мобильді қосымшасы. Өңіріміздің рухани өміріне серпін беретін бұл жоба облыс әкімінің қолдауымен іске асырылып, жергілікті ақын-жазушылардың шығармаларын насихаттауға бағытталды. Қазіргі таңда қосымшаға 115 қаламгердің шығармалары енгізілген. Облыс көлемінде жыл бойы ұйымдастырылған «Ой шебері» зияткерлік ойыны барысында қатысушылардың барлығы осы мобильдік қосымшаны қолданып, көркем шығармаларды сол платформа арқылы таңдады. Жалпы «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында облыс кітапханаларында 7 мыңнан аса іс-шара ұйымдастырылып, 210 мың оқырман қамтылды. Осы игі жобаға атсалысқан баршаңызға алғыс білдіремін. Бүгінгі салтанатты жиын да рухани серпіліс сыйлап, жаңа бастамаларға жол ашады деген сенімдемін, – деген облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай жобаның жүзеге асуына үлес қосып, белсенділік танытқан бірқатар азаматты марапаттады.

Атап өтсек, «Үздік автор» номинациясымен Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, ақын, журналист, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ғайни Әлімбекқызы, облыстық «Аq jоl» газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт және аталған басылымның жауапты хатшысы Нұржан Қадірәлі марапатталды.

«Ең үздік ауылдық кітапхана – 2025» облыстық байқауының бас жүлдесі Жамбыл ауданы, Қаракемер ауылдық кітапханасына бұйырса, I орынды Т.Рысқұлов ауданы, Ақыртөбе ауылдық кітапханасы, II орынды Байзақ ауданы, Үлгілі ауылдық кітапханасы, III орынды Сарысу ауданы, Ақтоғай ауылдық кітапханасы иеленді.

Сондай-ақ Бауыржан Момышұлының өмірі мен ерлігіне арналған «Тау тұлға, дара тұлға – Бауыржан» атты облыстық шығармашылық байқауының жеңімпаздары да сый-сияпатқа ие болды. Үздік оқырмандарға да құрмет көрсетілді.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар