Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жастар саясаты – басты назарда

Жастар саясаты – басты назарда
Автор
Кеше облыс әкімдігінің жанындағы жастар істері жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов төрағалық еткен жиында өңірде мемлекеттік жастар саясатының іске асырылу барысы талқыланды.

Кеңесте алдымен Меркі ауданы әкімінің орынбасары Мейірхан Өмірбек баяндама жасады. Аудандағы жастардың саны – 24 823. Биыл мемлекеттік жастар саясатын іске асыру бойынша іс-шаралар өткізуге 4 миллион 801 мың теңге қаражат бөлініпті.

– 2025 жылдың 11 айының қорытындысымен 1 128 жас жұмыспен қамтылды. Биыл 13 бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі ұйымдастырылып, жұмыс беруші мекемелер тарапынан 366 бос жұмыс орны ұсынылды. Осылайша 147 жас әртүрлі мекемелерге тұрақты жұмыс орнына орналасты. «Жасыл ел» жобасы аясында 100 жасты маусымдық жұмыстарға тарту жоспарланған болатын. Жоспарға сәйкес 100 жас маусымдық жұмысқа тартылып, Нәтижесінде аудан аумағындағы жалпы көлемі 35 000 аумақ тазаланып, 49,3 тоннаға жуық күл-қоқыс шығарылды. Сондай-ақ 15 қазан күні өткен «Жасыл ел» еңбек жасағы маусымының жабылу салтанатында Меркі аудандық «Жасыл ел» еңбек жасақтарының сарбаздары «Үздік жасақ» номинациясы бойынша бірінші дәрежелі дипломмен марапатталды, – деді Мейірхан Азатұлы.

Сонымен қатар ауданда Жұмысшы мамандықтары жылы аясында, «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайту, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, волонтерлік пен қайырымдылықты дамыту, жастарды ақпараттандыру және әлеуметтік қолдау бағыттарында кешенді, жүйелі жұмыстар атқарылған.

Баяндамашының сөзінен соң Серік Жақсылықұлы биыл аудан жастарының қатысуымен 27 құқықбұзушылық тіркелгенін, бұл өте алаңдатарлық көрсеткіш екенін жеткізді. Сондай-ақ NEЕТ санатындағы 935 жасты жұмыспен қамту мәселесі қалай шешіліп жатқанын, қанша жас нақты жұмысқа орналасқанын, тұрақты жұмыспен қамтылғандар үлесі қандай екенін сұрады.

Мейірхан Азатұлының айтуынша, жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде құқықбұзушылықтар саны өткен жылмен салыстырғанда 35-тен 27-ге төмендеген. «NEЕТ» санатындағы жастарды жұмыспен қамту бойынша көрсеткіштер жақсарғанымен, жалақының төмендігіне байланысты барлығы бірдей ұсынылған жұмысқа барғысы келмейтін көрінеді.

Мұнан соң Тұрар Рысқұлов ауданы әкімінің орынбасары Бақкелді Тұрсынбек те күн тәртібіндегі мәселе бойынша баяндама жасады. Кеңес мүшелері тарапынан аудандық жастар ресурстық орталығының ғимаратын қалыпқа келтіру, материалдық-техникалық базасын жаңарту секілді мәселелер көтерілді.

Отырыс барысында облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Қызылқұлова «Серпін – 2050» бағдарламасының іске асырылуы туралы ақпарат беріп, бағдарлама аясында жастардың білім алу мүмкіндіктері, солтүстік өңірлерге оқуға жіберу және түлектерді жұмыспен қамту мәселелеріне тоқталды.

Сонымен қатар облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Самат Төрегелдиев мемлекеттік бағдарламалар арқылы жастарды тұрақты жұмыспен қамту, кәсіпкерлікке баулу және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарға бағыттау шараларының нәтижелерімен бөлісті.

Кеңес қорытындысы бойынша Серік Сәлемов жастар саясатын одан әрі жетілдіруге бағытталған бірқатар ұсыныстар айтып, жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар жүктеді.

– Жастар саясаты аясында атқарылатын жұмыстар нақты нәтижеге бағытталуы тиіс. Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, жұмыссыздық деңгейін төмендету және оларды кәсіпкерлікке тарту бойынша іс-шаралар жүйелі түрде жүргізілуі қажет. Жастардың барлық санаттарын қамти отырып, мемлекеттік бағдарламалар мен мемлекеттік қолдау тетіктері бойынша кең көлемді түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жалғастырыңыздар. Барлық елді мекендерде жастар үшін жергілікті жерлерде кеңес беру алаңдары ұйымдастырылуы керек. Әріптестердің баяндамасында жастарды үйірмелермен қамту, спортпен шұғылданып жүрген жастар туралы нақты мәліметтердің жоқтығы атап өтілді. Осыған байланысты спорттық үйірмелерге тартылған жастардың нақты статистикасы жинақталып, олардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатындағы жұмыстар жандандырылсын. Жұмыссыз және өзін-өзі нәтижесіз жұмыспен қамтыған жастардың нақты тізімі тұрақты түрде жаңартылып отырсын. Аталған жастарды жұмыспен қамту, оның ішінде «Жасыл ел» еңбек жасақтарына, құрылыс нысандарына тарту, сондай-ақ олардың әлеуметтенуінің өзге де тетіктерін қарастыру қажет. 2026 жылдың Халықаралық волонтерлар жылы болып жариялануына байланысты жастар арасында волонтерлік қызметті кеңінен насихаттау және оған тарту шараларын күшейтуіміз керек, – деді Серік Жақсылықұлы.

Серік Сәлемов сонымен қатар Мойынқұм ауданы әкімінің орынбасары Мейірхан Тілеулиевтен аудандық жастар ресурстық орталығы қызметкерлерінің айлықақысын көтеру мәселесі қашан шешілетінін сұрады. Оның айтуынша, жуырда айлықақыны 50 пайызға көтеру туралы аудан әкімінің қаулысы шыққан. Ал келесі аптада бұл мәселе мәслихат сессиясында бекітіледі.

Жиында сондай-ақ облыстық, Байзақ және Шу аудандық жастар ресурстық орталықтарының жеке ғимараттарының жоқтығы сөз болды. Бұл мәселелердің де 2026 жылы өз шешімін табатыны атап өтілді.

Сонымен қатар облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Жанболат Нұрмолдаұлы жыл қорытындысы бойынша облыс әкімінің қатысуымен өтетін үздік жастарды марапаттау кеші – «Әулиеата үздігі», жаңашыл ойымен көзге түскен жастарға берілетін «Тәуелсіздік жастары» гранты және «Әулиеата жастары» тұрғын үй бағдарламасы жөнінде мәлімет берді.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар