Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Өңірлерді дамыту – өзекті мәселе

Өңірлерді дамыту – өзекті мәселе
А.Рысмахан
Кеше «AMANAT» партиясының облыстық мәслихаттағы депутаттық фракциясының кеңейтілген отырысы өтті. Фракция отырысын партияның облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов ашып, жүргізді. Жиынға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, облыстық мәслихаттың төрағасы Абдалы Нұралиев, облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма және департамент басшылары, сондай-ақ бейнебайланыс арқылы аудан әкімдері мен мәслихат төрағалары қатысты.

Фракция мүшелері алдымен «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасы аясында 2025 жылға жоспарланған көрсеткіштердің орындалу барысын қарады. Бұл мәселе бойынша облыс әкімі Ербол Қарашөкеев баяндама жасап, облыс әкімдігі «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» атты сайлауалды бағдарламасының Жол картасын іске асыру бойынша тиісті жұмыстарды атқарып жатқанын тілге тиек етті.

– Аталған жол картасы бойынша 5 бағыт айқындалып, 18 міндет аясында 103 көрсеткішке қол жеткізу карастырылған. Жыл басынан бері биылға белгіленген 78 көрсеткіш аясында жүргізілген жұмыс өңір экономикасының өсіміне ықпал етті. Жалпы 2025 жылы шараларды іске асыруға 136,8 миллиард теңге бағытталды. Облыстың жалпы өңірлік өнімі 7,9 пайызға өсті. Осы жылдың 11 айында қысқамерзімді экономикалық өсім 109,4 пайыз деңгейінде қалыптасты. Жыл басынан бері 1,2 триллион теңгенің өнеркәсіп өнімі өндіріліп, өсім 10,9 пайызды құрады. Өнеркәсіп өнімі өндірісінің шамамен 62,1 пайызы өңдеу секторына тиесілі. Ондағы кәсіпорындар арқылы республика бойынша 100 пайыз натрий триполифосфаты, натрий цианиді, аммофос, сары фосфор және 40 пайыз қант өндіріледі. Жыл басынан бері салаға 203,8 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылып, өңдеу өнеркәсібі өнімінің экспорты 1,5 есеге ұлғайды. Бұл ретте облыс республика бойынша бірінші орында тұр. Жыл басынан бері облыс экономикасына 599,2 миллиард теңге инвестиция тартылса, оның 82 пайызы жекеменшікке тиесілі қаражат. Инвестициялардың жалпы көлеміндегі жеке инвестициялар үлесі бойынша облыс көшбасшы бестіктің қатарында. Өңірге тартылған инвестиция көлемінің өсу қарқыны бойынша облыс республикада үшінші орында. Облыста іске асырылуы 2029 жылға дейін қарастырылған 8,3 мың жұмыс орнын құруды көздейтін жалпы құны 4,1 триллион теңгені құрайтын 62 жобадан тұратын инвестициялық портфель қалыптастырылды. Оның 12-сі шетелдік инвесторлардың қатысуымен жүзеге асырылуда. Осы жылдың соңына дейін 161 миллиард теңгеге 1,1 мың жұмыс орны құрылатын 26 инвестициялық жоба іске асырылады. Оның ішінде осы жылы 27,5 миллиард теңгеге 21 жоба іске асырылып, 550 жұмыс орны құрылды, – деген облыс әкімі өңірде іске асырылып жатқан ірі жобаларға кеңінен тоқталды.

Аймақта бизнесті дамытуға да барынша басымдық берілуде. Облыстағы екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдары арқылы 32,5 мың кәсіпкерге 289,8 миллиард теңге несие беріліпті. Үлестірілген несие қаражатының ішінде мемлекеттік бағдарламалар аясында 52,1 миллиард теңгеге 1 218 жоба іске асырылыпты. Нәтижесінде шағын және орта бизнес субъктілері арқылы шығарылған өнім көлемі 18,1 пайызға ұлғайған екен. Осы жылдың 1 желтоқсанына жұмыс істеп тұрған субъектілер саны 109,9 мыңды құраса, онда жұмыспен қамтылғандар саны 165,4 мың адамға жеткен. Шағын және орта кәсіпкерліктің жалпы қосылған құны 348,2 миллиард теңгені, жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 22,5 пайызды құраған. Үкіметтің қолдауымен шағын және орта бизнесті дамыту үшін жалпы ауданы 40 мың шаршы метр өндірістік жайлары бар шағын өнеркәсіптік аймақтар құрылып, онда 1,7 миллиард теңгеге 3 жоба жүзеге асырылыпты.

– Ауылшаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 485,4 миллиард теңгені құрады. Биыл егістік алқабы 640 мың гектарға жетті. 3,3 миллион тонна өнім жиналса, 283 мың тоннасы масақты дәнді дақылдар, 31,3 мың тоннасы майлы дақылдар, 1,3 миллион тоннасы көкөніс дақылдары, 207 мың тоннасы картоп, 389 мың тоннасы бақша дақылдары. Қант қызылшасы алқабы 100 пайыз жиналып, 221 мың тонна өнім алынды. Қант қызылшасын субсидиялауға жергілікті бюджеттен 6,9 миллиард теңге бөлініп, жыл соңына дейін республикалық бюджеттен 5,3 миллиард теңге күтілуде. 858 ауылшаруашылық техникасы сатып алынды. Нәтижесінде ауылшаруашылығы техникасын жаңғырту деңгейі 6,3 пайызды құрады. Малшаруашылығында ет өндірісі 2,2 пайызға, сүт өндірісі 1,7 пайызға артты. 888,7 мың тонна ауылшаруашылығы өнімі экспортталса, 410 мың тоннасы пияз. Пияз экспорты бойынша облыс өзге өңірлер арасында көшбасшы болуда. 61,8 мың гектар пайдаланылмаған ауылшаруашылығы бағытындағы жер телімі кері қайтарылды. «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2025 жылы 3,2 миллиард теңгеге 437 жоба қаржыландырылды. Қазіргі уақытта қуаттылығы жылына 3 миллион тоннаға дейін жүгеріні тереңдетіп өңдейтін еліміз үшін бірегей жоба жүзеге асырылып жатыр. «Shengtai biotech co. LTD» («Fufeng Group») компаниясының құны 800 миллиард теңгелік осы жобасы арқылы 1,5 мың жұмыс орны ашылатын болады. Сонымен қатар «Zhongkai kazakhstan international sugar industry company» серіктестігі қуаттылығы жылына 1 миллион тонна қант қызылшасын өңдеп, 130 мың тонна қант, 72 мың тонна қызылша ұны мен 54 мың тонна меласса шығаруды көздеп отыр. Бүгінде заманауи қант зауытының құрылысы басталды. Жалпы осындай ірі жобалар арқылы ауылшаруашылығы өнімі алдағы уақытта тереңдетіп өңделеді. Оны өніммен қамтамасыз етуде егіс көлемін ұлғайтуға мүмкіндігіміз бар. Тек су тапшылығы туындамауы керек, сондықтан біз су үнемдеу технологияларын қолдану мәселесіне де баса мән беріп отырмыз. Жалпы облыста 66,5 мың гектар егіс алқабына су үнемдеу технологиялары енгізілді. Өңірдің 6 ауданында, яғни Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай, Меркі, Шу аудандарында 37,2 миллиард теңгеге 625 шақырым болатын 322 су нысандары қайта жаңартылуда. Су саласын дамытудың кешенді жоспары аясында Ислам даму банкі арқылы 184 миллиард теңге есебінен 2029 жылға дейін 11 жаңа суқоймасын салу, 3 суқоймасын қайта жаңарту және 312 каналды жөндеу жоспарлануда, – деген Ербол Шырақпайұлы облыста су үнемдеу технологияларын қолдануды кеңейту аясында қандай жобалар жүзеге асырылып жатқанын егжей-тегжейлі баяндады.

Сонымен қатар халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету, инженерлік және көлік инфрақұрылымы, облыс орталығы – Тараз қаласын дамыту, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, білім, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет және туризм салалары жайында да кеңінен әңгімеледі.

– 353 елді мекен мобильді интернетпен қамтамасыз етілді. «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 148 елді мекенде интернет сапасы 4G деңгейіне жеткізілді. Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында 12 антенналық-діңгекті құрылғылардың құрылысы жүргізілуде. Келер жылы талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамтылу деңгейі 90 пайызды құрайтын болады. Бұдан басқа жаңа базалық стансаларды орнату кезінде тағы 19 елді мекенде интернет желісінің сапасы 4G деңгейіне дейін арттырылады. Тараз қаласында 5G-мен 45 базалық станса іске қосылды. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жыл басынан бері 96 «Сергек» және 800 бейнебақылау камерасы орнатылып, 17 мамандандырылған автокөлік сатып алынды. Төтенше жағдайлар саласында 18 өрт сөндіру-құтқару техникасы пайдалануға берілсе, 23 сиреналық-сөйлеу құрылғысы орнатылып, облыстың Талас, Сарысу, Қордай ауданында өрт сөндіру пункттері ашылды. Халықпен кері байланыс орнату мәселесі де назарда. Барлығы 54 мың өтініш тіркелсе, 70 пайызы оң шешім тапты. Облыстың 150 елді мекенінде 39 мәрте іс-сапарға шығу арқылы болдым. Барлық деңгейдегі әкімдермен 632 кездесу өткізілді. Халық тарапынан 1 981 сұрақ пен ұсыныс көтерілсе, 1436-сы оң шешім тапты. 21 жеке қабылдау өткізіп, 272 азаматты көтерген мәселелері бойынша қабылдадым, – деді Е.Қарашөкеев.

Фракция отырысында кезек сұрақ-жауапқа беріліп, депутат Гулам Омаров халыққа үлестірілген жер телімдеріне инфрақұрылым жүргізу межесі қашан толық орындалатынын сұрады.

– Осы жылы инженерлік желілер салу және тұрғын үй құрылысы үшін тұрғын алқаптардан кемінде 5 547 жер телімін беру жоспарланған болатын. Атап айтқанда, Қордай ауданының Ауқатты және Степной ауылдарында, Сарысу ауданындағы 5А тұрғын алқабынан 13 гектар учаскесінде, Шу қаласындағы 215 гектар учаскесінде, сондай-ақ Тараз қаласындағы Автобекет, Қазарма және Қарасай тұрғын алқаптарынан да инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып, жер телімдері таратылып берілуі тиіс еді. Алайда аталған алқаптарда инфрақұрылым жобалары толық іске аспады. Қазіргі уақытта инженерлік желілер жүргізіліп, жер телімдері таратылып берілген аумақтарда халықтың тұрғын үй салу қарқыны өте төмен екені белгілі. Бүгінде облыс бойынша осындай алқаптарда тұрғын үйлер қанша пайызға салынды? Жалпы бұл жобаның болашағы қандай болады? – деді ол.

Бұл мәселе бойынша жауап берген облыс әкімдігі құрылыс басқармасының басшысы Ерлан Орынбаев биыл инфрақұрылымдық жобалардың құрылысына бюджеттен 11,4 миллиард теңге қаржы қаралғанын, оның ішінде тұрғын үй құрылысына 4,5 миллиард теңге бағытталғанын, нәтижесінде 1 130 жер телімін таратуға дайындық жүргізіліп жатқанын сөз етті.

– «AMANAT» партиясының бағдарламасы аясында екі тұрғын алқапта инфрақұрылым толық, яғни 100 пайыз жүргізілді. Олар – Тараз қаласының автобекет маңындағы 14-ықшамаудан және Қордай ауданының Ауқатты ауылындағы 109 гектар аумақ. Сарысу ауданындағы 5А тұрғын алқабындағы 13 гектар жерді қамтитын жоба қаржыландыруға ұсынылды. Ал Тараз қаласындағы «Қарасай» тұрғын алқабы бойынша жобалық-сметалық құжаттама сараптамадан өтіп, 2026 жылы электр, су, газ және жол желілерін жүргізу үшін қаржыландыру жоспарланып отыр. Қалған үш тұрғын алқапта жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлеу уақытша тоқтатылды. Бұған іргелес жатқан алқаптардың игерілмеуі себеп болып отыр. Мәселен, «Қарасу», «Құмшағал» тұрғын алқабында 2021 жылы 1 470 жер телімі таратылғанымен, оның тек 10 пайызына ғана тұрғын үй салынған. Шу қаласында 258 гектар аумақта 1 444 жер телімі берілген, алайда олардың бесеуінде ғана құрылыс жүргізілген. Жалпы соңғы 6 жылда облыс бойынша тұрғын үй құрылысының игерілу деңгейі 65 пайызды ғана құрап отыр. Қазіргі таңда игерілуі 5-30 пайыз аралығында болып отырған 14 тұрғын алқап бақылауда тұр. Бұл бағытта жергілікті жерлерде қала және аудан әкімдіктері түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жер телімдерінің меншік иелерімен тиісті жұмыс атқарылуда. Сонымен қатар пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтарып алу шаралары да қарастырылуда. Алайда бұл мәселе өте күрделі. Оған тек қатаң талаппен емес, жан-жақты, байыпты түрде қарау қажет. Себебі бұл тұрғындардың табыс деңгейіне және әлеуметтік жағдайына тікелей байланысты. Жер телімдерін қайтарып алу кезінде халықтың басым бөлігі бір-екі, тіпті үш жылдың ішінде бірден тұрғын үй салып кетуге қауқарсыз екенін ескеру маңызды, – деді Е.Орынбаев.

Жиында фракция мүшелері әр сала бойынша түрлі түйткілдерді мәселе ретінде көтеріп, облыс әкіміне халық атынан ұсыныстарын жеткізіп жатты. Мәселен, депутат Оралхан Дәуіт жақында Қордай, Шу, Тұрар Рысқұлов аудандарының шаруалары кепілдендірілген субсидияны ала алмай, әкімдікке шағымданып келгенін айтты. Қазіргі таңда шаруалардың 24 пайыздық несие төлеуі олардың жағдайына өте ауыр соғып жатқан көрінеді. Бастапқыда оның 18 пайызын мемлекет, ал 6 пайызын шаруалар төлеуі керек болған екен. Алайда бұл мәселе әлі шешімін таппапты. «Осы жағдайдың нақты шешу жолдары бар ма?» деген ол әкімнен осы мәселеге көмектесуді сұрады.

– Бізде берешек тек облыс көлемінде ғана емес, өңірлер бойынша да қордаланып отыр. Қазіргі таңда шығындарға байланысты қалыптасқан жалпы берешек көлемі еліміз бойынша 340 миллиард теңгені құрайды. Мұны өздеріңіз білесіздер. Біздің өңірге республикалық резервтен қосымша 2,5 миллиард теңге қаржы қарастырылды. Сонымен қатар облыс тарапынан да қосымша қолдау көрсетіліп, шамамен 900 миллион теңге бөлініп отыр. Осылайша, жартылай болса да бағдарламалар аясында қалыптасқан берешектерді жылдың соңына дейін өтеуді жоспарлап отырмыз. Ал келесі жылдың басынан бастап трансферттер арқылы алынған қаражат есебінен ең өзекті әрі басым берешектерді кезең-кезеңімен толық өтеу көзделуде. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде, жауапкершілікпен атқарылатын болады, – деді Ербол Шырақпайұлы.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша игерілмей жатқан және заңсыз пайдалануға берілген жайылымдық жерлерді мемлекет меншігіне қайтарып, ауыл тұрғындарының пайдалануына беру реті сөз болды. Бұл тақырыптың көтерілуі бекер емес. Өйткені соңғы жылдары мал жаятын жер таппай жүрген тұрғындардың шағымы көбейген. Фракция бұл мәселені «Жер аманаты» жобасы аясында жүйелі түрде шешуді қолға алған болатын.

– «Жер аманаты» комиссиясының міндеті – пайдаланылмаған және заңсыз жекеменшікке өткен жайылымдық жерлерді мемлекетке қайтаруға көмектесу және оларды ауыл тұрғындары үшін қолжетімді ету. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен жүзеге асып жатқан «Жер аманаты» жобасы аясында 4 жылда облыс бойынша 582 мың 600 гектардан астам жер кері қайтарылды. Әрине, пайдаланылмаған және заңсыз бөлінген жерлерді мемлекеттік меншікке қайтару процесінің өзіндік алгоритмі бар. Бұл жерлерді ауыл тұрғындарының пайдалануына беру үшін уақыт және едуәір күш жұмсауды қажет етеді. Жалпы, қазақ «Жер тағдыры – ел тағдыры» деп бекер айтпаған. Бүгінгі күнге мал жаюға жер таппай жүрген, кезіндегі жерлерлерінен айырылып қалған тұрғындар өздерінің өтініштерін партияға жазуда. Өз өтініштерінде өңір тұрғындары жауапты тұлғалардың заңсыз әрекеттеріне шағым келтіріп, құқықтарын қалпына келтіруді талап етуде. Әр өтініштер бойынша нақты зерделеп, жіберген заң бұзушылықтар орын алса, оларды жою бойынша шұғыл жұмыстар жүргізу қажет, – деді өз сөзінде Дауыл Ынтықбайұлы.

Бұл мәселе бойынша облыстық жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы Қанатбек Серікбаев пен облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасының басшысы Данияр Өтеповтің баяндамасы тыңдалды. Бұл бойынша да фракция мүшелері түрлі сұрақтар қойып, тұшымды жауапқа қанықты.

Жалпы фракция отырысында талқыланған тақырыптар бойынша көтерілген мәселелер назарға алынып, әр тапсырманың уақытында орындалуына мән берілді. Жиын нәтижесінде облыс пен өңірлердегі инфрақұрылымдық жобалар мен жер телімдерін тиімді пайдалану, тұрғын үй құрылысының қарқынын арттыру бағытында нақты шаралар қабылдау қажеттігі бекітілді. Көтерілген мәселелер хаттамаға енгізіліп, тиісті мемлекеттік органдарға жолданатын болды.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар