Қазақстанда жетім балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған жаңа заң қабылданды
- author AR-AY
- Бүгін, 11:05
- 27
Соның ішінде Мемлекет басшысы қол қойған жаңа заң ерекше маңызға ие. Аталған заң 2026 жылғы 4 ақпанда күшіне енеді.
Жаңа нормаларға сәйкес, қамқоршы, қорғаншы немесе асырап алған ата-ананың соттылығы анықталса, не олар психикалық немесе наркологиялық есепте тұрса, бала тәрбиелеу құқығынан дереу айырылады. Сондай-ақ, үстінен қылмыстық іс қозғалған азаматтарға бала асырап алуға, қамқоршы немесе патронат тәрбиеші болуға тыйым салынады.
Заңнамаға алғаш рет қамқоршылар мен асырап алған ата-аналардың жыл сайын сенімділігін растау талабы енгізілді. Олар денсаулығы, тұрғылықты жері және соттылығының жоқтығы туралы мәліметтерді ұсынуға міндетті. Сонымен қатар, баланы алдымен жақын туыстарына, ал ондай мүмкіндік болмаған жағдайда ерлі-зайыпты отбасыларға беру тәртібі заңмен бекітілді.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанованың айтуынша, қабылданған шаралар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қамқоршылық жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған.
Биыл кәсіби қабылдаушы отбасы институты енгізіліп, тәлімгерлік жүйесі кеңейтілді. Қазіргі таңда еліміздің 20 өңірінде 360-тан астам азамат жетім балаларға тәлімгер болып отыр.
2025 жылдан бастап балаларды мемлекеттік мекемеге жолдау тәртібі де өзгертілді. Енді бала алдымен үш күнге дейін медициналық ұйымға жіберіледі. Сонымен қатар, қамқоршылық органдары үшін нақты штат саны бекітіліп, мамандар саны 303-тен 1028-ге дейін артты. Өңірлерде балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі жаңа басқармалар құрылуда.
Қазіргі уақытта Қазақстанда 20 мыңнан астам жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала бар. Олардың 82 пайызы отбасылық ортада тәрбиеленуде.


