Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Тәуелсіздік ғылымға кең жол ашты

Тәуелсіздік ғылымға кең жол ашты
Автор
КСРО ыдырағаннан кейін Қазақстандағы ғылым саласы ауыр қаржылық дағдарысқа ұшыраған еді. 1990 жылдары Қазақстанда ғылымды қаржыландыру төмендеді, ғылыми кадрлар саны үш есеге жуық қысқарды. Бүгінде сол кезде кеткен кемшіліктердің орнын толтыру үшін жан жақты жұмыстар жасалып жатыр.

Ақтаңдақтың алғашқы жылдары тәуелсіз елдің ғылымын жаңа негізде қалыптастыру басталды. 1992 жылы «Ғылым және ғылыми-техникалық саясат туралы» алғашқы заң қабылданып, ұлттық ғылыми жүйені дербес дамытуға бағытталған қадамдар жасалды. 1995 жылдан бастап ғылыми бағдарламаларды мемлекеттік тіркеу және тәуелсіз сараптама жүйесі енгізіліп, алғашқы ұлттық ғылыми орталықтар құрылды, 1999 жылы Үкімет жанынан Жоғары ғылыми-техникалық комиссия ұйымдастырылды. Жас мамандарды даярлауға бағытталған «Болашақ» халықаралық стипендиясы 1993 жылдан іске қосылып, ғылымның жаңа буынын қалыптастыруға мүмкіндік берді.

2000 жылдары ғылымды реформалау жалғасып, қаржыландыру біршама тұрақтанды. 2001 жылы жаңа «Ғылым туралы» Заң қабылданып, ғылымды басқарудың жаңаша моделі қалыптасты. 2002 жылғы «Инновациялық қызмет туралы» Заң инновацияларды қолдаудың негізгі бағыттарын белгіледі. 2003 жылы Ұлттық ғылым академиясы мемлекеттік құрылымнан қоғамдық ұйымға ауыстырылып, институттар салалық министрліктерге берілді.

2010 жылдары инновациялық даму басымдыққа айналып, жаңа индустриялық-инновациялық бағдарламалар қабылданды. Ал, 2020 жылдары Қазақстан ғылымын дамытуға бағытталған бірқатар жаңа қадамдар жасалды. 2019 жылы жарияланған «Жастар жылы» аясында жас ғалымдарды қолдау мәселесі алдыңғы қатарға шығып, кейін «Жас ғалым» жобасы бойынша арнайы ғылыми гранттар бөлу басталды. 2021 жылдан бастап ғылыми жобаларды қаржыландыру мерзімі бес жылға ұзартылып, жас зерттеушілерге арналған мың постдокторантура гранты енгізілді. Сонымен қатар жыл сайын бес жүз отандық ғалымның әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тәжірибе жинақтауына мүмкіндік беретін бағдарлама қабылданды. Бұл бағдарлама «Болашақ» бағдарламасымен үйлестірілген жаңа бағыт болып саналады. 2022 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық ғылым академиясының мәртебесін арттырып, оны тікелей мемлекеттік қаржыландыруды қалпына келтіруді тапсырды. Президент жанынан Ғылым және технология жөніндегі ұлттық кеңес құрылып, ғылыми саясатты жоғары деңгейде үйлестіру жолға қойылды. 2023-2025 жылдарға арналған ғылым саласының бюджеті алдыңғы үш жылмен салыстырғанда үш бүтін оннан үш есеге артты, ал 2024-2026 жылдары жеті жүз отыз миллиард теңге қарастыру жоспарланды. Бұған қоса, 2024 жылдан бастап жер қойнауын пайдаланушы ірі компаниялардың жылдық шығындарының бір пайызын ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға бағыттауы заңмен бекітілді. Бұл шаралар ғылыми қаржыландыруды жыл сайын жиырма бес пайызға өсіріп, 2027 жылға қарай ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыс шығындарын ішкі жалпы өнімнің кемінде бір пайызына жеткізуді көздейді.

Жас ғалымдарды қолдау көлемі де кеңейді. 2020-2023 жылдары «Жас ғалым» жобасы арқылы екі мыңнан астам жас зерттеуші он жеті миллиард теңге көлемінде грантқа ие болды. Үздік жас зерттеушілерді қолдау мақсатында арнайы сыйлықтар тағайындалып, дарынды ғылыми қызметкерлерді шетелдің жетекші зертханаларында тағылымдамадан өткізу жүйелендірілді. Жалпы, ғылымды қолдау бағытында іске асырылған реформалар мен инвестициялар отандық ғылыми жүйені жаңа сапалық деңгейге көтеруге негіз болып отыр.

Мемлекет көрсетіп отырған қолдауды ұтымды пайдаланып отырған жамбылдық талантты ұл-қыздар аз емес. Солардың бірі – Нұрбол Жұмаділ. Бүгінгі таңда «Arcana Inc» компаниясының техникалық директоры қызметін атқаратын Нұрбол Жұмаділ 2018 жылы «Shakhmardan Yessenov Foundation» ұйымдастырған алғашқы «Yessenov Data Lab» (YDL) бағдарламасының тыңдаушысы атанды. Сол кезде жазғы мектеп 8 аптаға созылып, толығымен офлайн өткен еді.

Талас ауданы, Қаратау қаласында өмірге келіп, аудан орталығындағы мектеп-лицейді үздіктер қатарында тәмамдаған Нұрбол университетке алғаш рет құжат тапсырар сәтте әкесінің ықпалымен Қазақ Бритен техологиялық университетінің «Мұнай-газ ісі» мамандығын таңдаған. Бірақ көп уақыт өтпей, өз шешімімен құжаттарын қайтарып алып, Халықаралық ақпараттық технологиялар университетіне «Ақпараттық жүйелер» мамандығына ауысады.

– Ол кезде IT мамандар картридж толтыру, интернет қосу сияқты қызметтермен шектелетін. Дегенмен екі жыл өткен соң ата-анамның өтінішімен тағы да мамандық ауыстыруыма тура келді. Бұл жолы Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті, қазіргі «Satbayev University»-ға тағы да «Мұнай-газ ісі» бойынша оқуға түстім. Оқу орнын бітірген соң экономикалық дағдарыс басталып, жұмыс табу қиынға соқты. Осылайша қайтадан IT-салаға бет бұрып, Алматы менеджмет университетіне «Бизнес аналитик және үлкен деректер» мамандығына магистратураға оқуға қабылдандым, – деп еске алады ол.

Магистиратурада оқып жүрген кезінде Алматы менеджмет университетіндегі оқытушылар студенттеріне сол жылы өтетін «Yessenov Data Lab» атты жаңа бағдарлама туралы жиі айтып жүреді. Бағдарлама деректерді талдау бойынша терең білім беретінін білген Нұрбол конкурсқа қатысуды жөн көреді. Сол байқауда ойлы жастардан озық шығып, грант жеңіп алады.

– Бұл бағдарлама менің мамандығыммен тікелей байланысты болды. Қысқа уақытта үлкен білім алып шығу мүмкіндігін көрдім. Ең алдымен, Ш.Есенов атындағы ғылыми-білім беру қорының жазғы мектебінде қолданылатын тақырыптық зерттеуге сүйенетін оқыту және талдау әдісін атап өткім келеді. Бұл әдіс нақты бизнес жағдайларын терең зерделеуге негізделген. Ол қажетті білім тереңдігін беріп қана қоймай, теорияның шынайы өмірде қалай іске асатынын түсінуге, сондай-ақ ұқсас жағдайда дұрыс шешім қабылдауға үйретеді. Екінші ерекшелігі – берілетін білім сапасы мен оқытушылар деңгейі. Мұндағы лекторлар әлемдік деңгейде мойындалған, тәжірибесі мол практик-мамандар. Үшіншісі YDL – жаңа байланыстар құру мүмкіндігі және қалыптасатын кәсіби орта. Бұл тек лекторлармен, сарапшылармен немесе қонақ спикерлермен байланыс қана емес, сонымен қатар студенттердің өзара қарым-қатынасы, идея алмасуы, қолдау көрсетуі. Мұның бәрі болашақта кәсіби қатынастар құруға және қызметтік жолыңды дамытуға айтарлықтай көмектеседі, – дейді Н.Жұмәділ.

YDL жобасында үздік шығып, грант иегері атанған соң Нұрболға «Choco» IT компаниясынан жұмысқа орналасу туралы ұсыныс түседі. Сонымен қатар бірнеше компанияда сұхбаттан өтеді. Ақыры жаңа қызмет орны ретінде халықаралық «Japan Tobacco International» компаниясын таңдайды. Мұнда ол деректерді талдаудан бастап оқытушылыққа дейін тәжірибе жинайды.

Пандемия кезінде Астанада «ABAI» ақпараттық жүйесінің әзірлеу жұмысына шақырылады. «Python»-нан бастап бірнеше бағдарламалау тілін меңгеріп, екі жыл ішінде бөлім басшысы деңгейіне көтеріледі. Кейін қашықтан жұмыс режиміне ауысып, Алматыға оралады. Осы кезде оны «Arcana Inc» компаниясы жұмысқа шақырады. Нұрболға компанияның технологиялық дамуына, инновацияларды енгізуге және техникалық стратегия мен даму командаларын басқаруға жауапты аға менеджер лауазымы ұсынылады.

Соңғы 5 жылда Нұрбол «ҚазМұнайГаз» үшін жасалған ауқымды «ABAI» ақпараттық жүйесімен айналысты. Жоба мұнай-газ саласындағы деректерді бірыңғай платформада сақтау, талдау және визуализациялауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ «Arcana Inc» құрамында жүріп «Halyk Bank», «Jusan», «Freedom Bank», «e-Gov» үшін IT өнімдер әзірлеумен айналысты. Қазір компанияның «Corporoom» атты жаңа жобасын халықаралық нарыққа шығуға дайындалып жатыр.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар