Депутаттың сөзінше, заңнамаға тұтынушылардың құқықтарын кеңейтуге бағытталған маңызды өзгерістер енгізілген. Енді тараптар арасындағы WhatsApp-хабарламалар, телефон арқылы сөйлесулер, бейнежазбалар, сондай-ақ жарнамада айтылған уәделер де келісімшарт ретінде қарастырылады.
«Біздің кез келген әңгімеміз, бейнежазбамыз, WhatsApp-тағы хат алмасуымыз және жарнама – бәрі келісімшарттың құрамдас бөлігі болады. Мысалы, Kaspi арқылы ақша аударып, үш жылдық кепілдік беруге уәде етілсе, ол міндетті түрде орындалуы тиіс. Олай болмаған жағдайда кәсіпкер “келісім болмады” деп жалтара алмайды», – деді Мұрат Әбенов.
Сондай-ақ депутат келісімшарт талаптары орындалмаған жағдайда тұтынушының алдымен ақшаны қайтаруды талап етпей-ақ, тікелей сотқа жүгінуге құқылы екенін атап өтті. Оның айтуынша, сот мұндай істер бойынша арызды қабылдауға міндетті.
Егер сот тұтынушы құқығының бұзылғанын анықтаса, кәсіпкер тек қаражатты қайтарып қана қоймай, қосымша айыппұл да төлейді.
Мұрат Әбенов бұл өзгерістер онлайн мәмілелер саны артып отырған қазіргі кезеңде аса маңызды екенін айтты. Оның пікірінше, жаңа норма тұтынушыларды қорғауды күшейтіп, азаматтар мен кәсіпкерлер арасындағы даулы мәселелерді азайтуға мүмкіндік береді.
Ұқсас жаңалықтар
Талас халық театры «Мірдің оғы» республикалық байқауында І орын алды
- авторAR-AY
- 8 желтоқсан, 2025


