Қор қызметіндегі басты басымдық – салымшылардың қызығушылығы мен өзекті қажеттіліктері. Сол себепті «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» жыл сайын қызмет сапасын арттыру және жүйені заман талабына сай бейімдеу бағытында жаңа өзгерістер енгізіп келеді. Осы ретте біз «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Әбдіманат Еспаевтан келесі жылдан бастап күшіне енетін жаңа салық заңнамасына байланысты жаңалықтар жөнінде және алдағы уақытта зейнетақы жинағын басқару қалай өзгеретіні туралы сұрап, білдік. Айтуынша, қазіргі қолданыстағы салық заңнамасына сәйкес, тұрғын үй сатып алуға немесе емделуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану кезінде жеке табыс салығын (ЖТС) төлеу тәртібі салымшының өз еркінде. Яғни азамат бұл салықты бірден төлеуді де, кейінге қалдыруды да өзі таңдай алады.
– 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік осал топқа жататын азаматтар үшін біржолғы зейнетақы төлемдеріне салынатын салыққа қатысты жеңілдік енгізілген еді. Бұған сәйкес, оларға 882 айлық есептік көрсеткіш көлемінде стандартты салық шегерімі қолданылады. Егер осындай санатқа жататын азамат біржолғы зейнетақы төлем алып, одан салық ұсталса, ол үш жыл ішінде «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамының бөлімшесі арқылы өтініш беріп, жеке табыс салығын қайта есептетіп, артығын қайтарып ала алады. Ол үшін өтінішпен бірге өзінің жеңілдік санатына жататынын дәлелдейтін құжат тапсыруы керек. Ал 2021-2022 жылдары біржолғы зейнетақы төлем алған азаматтар әртүрлі жағдайға байланысты салықты қайта есептетіп үлгермеген болуы мүмкін. Сол себепті 2025 жылдың 15 шілдесінен бастап Салық кодексіне өзгеріс енгізіліп, өтініш беру мерзімі 3 жылдан 5 жылға дейін ұзартылды. Яғни енді оларда салықты қайтару үшін қосымша уақыт бар. Салық кодексіне сәйкес жеңілдік алуға құқылы азаматтардың санаты нақты көрсетілген. Олардың қатарында 1, 2, 3-топтағы мүгедектер, мүгедек баланың ата-аналары немесе қамқоршыларының бірі, сондай-ақ бала асырап алушылар мен жетім балаларды асырап алған ата-аналар бар. Сонымен қатар соғыс ардагерлері, басқа да әлеуметтік осал топтағы тұлғалар жеңілдік алуға құқылы. Барлық санаттардың толық тізімі Салық кодексінің 346-бабының 2 және 3-тармақтарында жазылған. Егер сіз біржолғы зейнетақы төлемін алған кезде стандартты салық шегерімі қолданылмаған болса, бірақ оны қолдануға құқығыңыз болса, онда міндетті түрде биылғы жылдың 31 желтоқсанына дейін «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының» жақын бөлімшесіне барып, өтініш беру керек. Өзіңізбен бірге жеңілдік санатына жататыныңызды дәлелдейтін құжаттарды алып барғаныңыз жөн. Өтініш бергеннен кейін егер бұрын жеке табыс салығы ұсталса, ол сіздің зейнетақы шотыңызға қайта қайтарылады. Ал егер сіз салықты кейінге қалдыруды таңдаған болсаңыз, 2026 жылдың 1 қаңтарынан кейін зейнетақы төлемдерінен ешқандай салық ұстамайды, яғни міндеттемелер жойылады. Салықты қайтару құқығы бар белгілі санаттағы азаматтар үшін өтініш беру мерзімі 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартылды. Оның себебі 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа Салық кодексі күшіне енетіндігінде. Егер сіз біржолғы зейнетақы төлемін 2021-2022 жылдары қолданған болсаңыз, стандартты салық шегерімін қолдануға құқығыңыз болса, онда бұл мүмкіндікті созбай, уақытылы өтініш бергеніңіз дұрыс. Қысқаша айтқанда мемлекет сізге салықты қайтарып алуға уақыт беріп отыр, бірақ ол мерзім шектеулі. Сол себепті жеңілдікті пайдаланып үлгерген жөн, – дейді Әбдіманат Төреханұлы.
Яғни қолданыстағы салық заңнамасына сәйкес, азаматтар тұрғын үй жағдайын жақсарту немесе емделу үшін пайдаланылатын біржолғы зейнетақы төлемдері бойынша жеке табыс салығын өз таңдауы бойынша төлей алады. Әбдіманат Төреханұлының мәліметінше, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік осал санатқа жататын азаматтар үшін жаңа мүмкіндік қарастырылған. Олар біржолғы зейнетақы төлемі түріндегі табысқа стандартты салық шегерімдерін қолдануға құқылы. Бұл дегеніміз – зейнетақы төлемінің белгілі бір бөлігі Салық кодексінде көрсетілген стандартты шегерім ретінде табыстан алынып, тек қалған қалдыққа ғана салық салынады. Мысалы, 2021 жылы бір азамат 5 000 000 теңге көлемінде біржолғы зейнетақы төлемін алған делік. Сол кезде оның салық міндеттемесі 500 000 теңгені құрайды. Егер стандартты шегерім 882 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 2 572 794 теңге болса, салықты қайта есептеу нәтижесінде төлеуге тиісті салық көлемі 242 720,60 теңгеге дейін азаяды.
Әбдіманат Төреханұлы келесі кезекте азаматтардың жиі қоятын сауалдарына да жауап беріп өтті.
– Мәселен лайықты зейнетақы табысы туралы сұраушылар көп. Лайықты зейнетақы табысы – бұл зейнеткерлікке шыққаннан кейін адамның әдеттегі өмір сүру сапасын елеулі қаржылық шектеулерсіз сақтауға мүмкіндік беретін төлем мөлшері. Халықаралық еңбек ұйымының ұсынысы бойынша кірісті алмастыру коэффициенті кемінде 40 пайызды құрауы тиіс. Қазақстанда бұл көрсеткіш қазір шамамен 41 пайызға жетіп отыр. Зейнетақы мөлшерін өсіру үшін адам бірнеше қарапайым қадам жасай алады. Ең алдымен жарналарды үнемі аударып отыру керек. Міндетті зейнетақы жарналарын уақытында төлеп, мүмкін болса, қосымша ерікті жарналарды аудару зейнетақы жинағын көбейтеді. Екіншіден қаражатты тиімді басқаруға беруі тиіс. Зейнетақы қаржысын жеке инвестициялық портфельді басқарушыға тапсыруға болады. Олар қаражатты нарықта тиімдірек инвестициялап, табысты арттыруға көмектесуі мүмкін. Одан кейін еңбек өтілін толық жинау мөлшерді ұлғайтудың бірден-бір жолы. 1998 жылдан бері еңбек өтілі тек нақты төленген міндетті зейнетақы жарналарына қарай есептеледі. Еңбек өтілі көп болған сайын, мемлекет төлейтін базалық зейнетақы да жоғары болады. 10 жыл өтілі барларға ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызы беріледі. Ал 30 жыл және одан көп өтілі барларға 110 пайыз болса, 2027 жылға қарай бұл көрсеткіш 120 пайыза дейін өседі. Үнемі жарна төлеу, қаражатты тиімді инвестициялау және еңбек өтілін жинақтау – болашақ зейнетақыны көбейтудің негізгі жолдары. Бұл шаралар адамның зейнет жасында да қаржылық тұрақтылығын сақтап, бұрынғы өмір сапасы мен қалыпты тұтыну деңгейін ұстап тұруына мүмкіндік береді. Сонымен қатар ерікті зейнетақы жарналарын кез келген адам да, кез келген ұйым да аудара алады. Жеке адамдар – өздері үшін немесе туыстары үшін өз табысынан ақша аударады. Ал компаниялар мен мекемелер – өз қызметкерлерінің немесе басқа тұлғалардың пайдасына ақша сала алады. Ерікті зейнетақы жарналарын аударудың екі жолы бар. Біріншісі – банк арқылы аудару. Кез келген екінші деңгейлі банк арқылы ерікті жарнаны жіберуге болады. Екіншісі – жұмыс беруші арқылы. Ол үшін жұмыс берушіңізге өтініш жазасыз. Содан кейін мекеме сіздің атыңыздан «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына» жарна аударады. Ерікті жарнаға арналған жеке зейнетақы шотын ашу үшін «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына» барып әуре болудың қажеті жоқ. Алғашқы жарна түскен кезде шот автоматты түрде ашылады. Ерікті зейнетақы жарналары өте қолайлы, себебі оларды 50 жастан бастап-ақ алуға болады, яғни негізгі зейнет жасын күтудің қажеті жоқ. Сондай-ақ мүгедектігі бар адамдар мен Қазақстаннан тұрақты тұру үшін шетелге кеткен шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға да төлем беріледі. Төлем алу үшін өтінішті «enpf.kz» сайтындағы жеке кабинет арқылы және «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының» мобильді қосымшасы мен «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының» бөлімшесіне барып бере аласыз. Жинаған ақшаңыздың сомасын «enpf.kz» сайтындағы жеке кабинеттен көруге болады. Ерікті зейнетақы жарналарын уақытылы аударып отырсаңыз, болашақта жинағыңыз көбірек болып, зейнетақы төлемдеріңіз де жоғары болады. Зейнетақы жинақтары, оның ішінде ерікті зейнетақы жарналары бар адам қайтыс болған жағдайда, оның жинақтары Қазақстан заңнамасында белгіленген тәртіппен мұраға қалдырылады. Атап айтқанда, зейнетақы жинақтарын мұраға беру өсиет немесе заң бойынша жүзеге асырылады. Өсиет болмаған немесе ол бүкіл мұраның тағдырын анықтай алмаған кезде, сондай-ақ басқа жағдайларда заң бойынша мұрагерлік күшіне енеді. Айта кету керек, азаматтар ерікті зейнетақы жарналарын өз қалауы бойынша төлейді, олардың мөлшері мен кезеңділігін өздері белгілейді. Ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы төлемдерін алу тәртібін алушы «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының» зейнетақы ережелеріне сәйкес дербес айқындайды. Өз жұмысшылары үшін ерікті зейнетақы жарналарын төлейтін жұмыс берушілер салықтық жеңілдіктерге ие болады. Жұмыс берушінің қызметкердің пайдасына аударған ерікті зейнетақы жарналары жеке тұлғаның табысы ретінде қарастырылмайды, жұмыс беруші үшін мұндай шығыстар корпоративтік табыс салығын есептеу кезінде шегеруге жатады. Яғни, бұл жағдайда жұмыс беруші салық салу кезінде жеңілдіктер алады, – дейді Әбдіманат Төреханұлы.
Жоғарыда айтылғандай, «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы» қражатты тұрғын үй алу немесе білім алу ақысын төлеу мақсаттарына пайдалануға болады. Елімізде мұндай жеңілдікті қолдану көрсеткіші төмен емес. Мәселен, 2024 жылғы 1 ақпаннан бастап 2025 жылғы 1 қарашадағы қорытынды бойынша барлығы 25,11 миллион АҚШ долларынан астам сомаға 171 938 өтініш орындалған. Оның ішінде тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында 15,88 миллион АҚШ доллары сомасына 107 390 өтініш жүзеге асқан. Ал білім алу ақысын төлеу мақсатында 9,24 миллион АҚШ доларына 64 548 өтініш қаралыпты. Осы орайда еске сала кетейік, азамат нысаналы жинақтардың барлық сомасын немесе оның бір бөлігін пайдалануға құқылы. Пайдаланылмаған қалдық нысаналы жинақтау шотында (НЖШ) сақталады.
Сонымен қатар тағы бір жайтты ескерген жөн. Интернет желісі арқылы мемлекеттік, қаржылық және өзге де электрондық қызметтерге азаматтардың қол жеткізу ауқымы күннен-күнге кеңейе түскендіктен интернет-алаяқтардың саны артып отыр. Әбдіманат Еспаев мұндай алаяқтардың «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын» да айналып өтпейтіні анық екенін айтады. Айтуынша, олар түрлі әдіс-тәсілдерді қолданады екен.
– Алаяқтар жылдам дамып келе жатқан жасанды интеллект мүмкіндіктерін белсенді пайдаланып, бейнелер, аудиожазбалар және адамдардың бет-әлпеті мен дауысын дәл беретін кескіндер жасайды. Әлеуметтік желілерде зейнетақы жинақтарын әртүрлі облигацияларға, акцияларға және қаржылық операцияларға салу туралы шындыққа сәйкес келмейтін жарнамалар мен ұсыныстар жиі таралуда. Азаматтардың ресми құрылымдарға деген сенімін пайдалана отырып, алаяқтар психологиялық қысым көрсетіп, жеке және қаржылық ақпаратқа қол жеткізу мақсатында өздерін көбінесе мемлекеттік органдардың, банктердің, құқық қорғау органдарының, байланыс операторларының және басқа ұйымдардың, соның ішінде «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының» қызметкерлері ретінде таныстырады. Естеріңізде болсын, зейнетақы төлемдерін рәсімдеу үшін ешқандай делдалдың көмегі қажет емес, комиссиялық төлем алынбайды. Және де «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» қызмет көрсеткені үшін өтемақы алмайды, барлық төлемдер қатаң түрде заң аясында жүзеге асырылады. Сондай-ақ жинақтардың бір бөлігін тұрғын үйге немесе емделу ақысын төлеу мақсатында пайдалану тек уәкілетті оператор (екінші деңгейдегі банктер) арқылы жүзеге асырылады. Мемлекеттік органдардың, банктердің, құқық қорғау құрылымдарының, байланыс операторларының және «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының» қызметкерлері телефон, электрондық пошта немесе мессенджерлер арқылы дербес деректерді, банк карталарының деректемелерін, SMS-кодтарды және өзге де құпия ақпаратты ешқашан талап етпейді. Егер қоңырау шалушы сіздің аты-жөніңізді, тұрғылықты мекенжайыңызды және жұмыс орныңызды білсе, ол оның ресми тұлға екендігін білдірмейді. Қажетті деректердің барлығын түрлі тәсілдермен алуға болады. «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамының қызметкерлері өз жинақтарын аудару, қаржы құралдарына салу, сондай-ақ қандай да бір акциялар сатып алу туралы ұсыныстар жасалатын түрлі роликтерге қатыспайды, – дейді Ә.Еспаев.
Расында өз қауіпсіздігіміз үшін кез келген ақпаратты арнайы мамандардан сұрап білгеніміз жөн. Алаяқтықтың алдын алу үшін жоғарыда айтылған кеңестерге құлақ түрсеңіз жеткілікті.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ



