Бірнеше ай бұрын Тараз қаласында алғаш рет учаскелік инспекторлар мен кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлардың республикалық слеті өткен болатын. Слетке еліміздің барлық өңірінен 40-тан астам қызметкер қатысты. Үш күнге созылған байқау барысында заңнаманы білу бойынша тестілеу, атыс және дене даярлығы бойынша жарыстар өткізілді. Байқау қорытындысы бойынша Эльмира Байниязова «Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі ең үздік инспектор» атанды.
Жақында үздік инспектормен кездесіп, қоғамды алаңдатқан жасөспірімдер қылмысы, оның алдын алу жолдары және жастарды түзу жолға бағыттау тақырыбында ой өрбіткен едік.
Негізінде Эльмира Алматы облысы, Ұзынағаш ауданының тумасы, 1987 жылы дүниеге келген. Бала күнінен ата-анасы қызының жан-жақты дамуына ерекше көңіл бөліп, түрлі үйірмелерге қатысуына жағдай жасаған. Нәтижесінде кейіпкеріміз спорт саласында, әсіресе бокста жақсы қырынан талылып, ән айту, би билеуге бейім болып өскен.
– Білім жолым құқық қорғау саласына келгенге дейін бірнеше кезеңнен тұрды. 2007 жылы Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжін «Бастауыш сынып мұғалімі» мамандығы бойынша аяқтадым. Кейін Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінде білім алып, «Педагог-психолог» жоғары білімін және магистр-психолог дәрежесін алдым. Одан кейін шамамен он жыл педагогика саласында қызмет атқардым. Бұл саладағы еңбек жолым 2020 жылы құқықтану мамандығын меңгергеннен кейін басталды. Бес жылдан бері құқық қорғау саласында табысты еңбек етіп келемін. Биыл республикалық слетта «Ең үздік кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектор» номинациясын жеңіп алдым. Осы орайда маған қолдау көрсеткен әріптестеріме, басшылық құрамға, қаламыздың әкіміне және халқыма шын жүректен алғыс айтамын. Жарқын жетістікке жетуіме үнемі ізденіс, еңбектің бағалануы және жанымдағы кәсіби мамандардың қолдауы себеп болды, – деген Э.Байниязова жұмысының күрделі әрі жауапты тұстарын атап өтті.
Маманның айтуынша, жасөспірімдермен жұмыс істеу жан-жақты ізденісті талап етеді. Әр жасөспірімнің мінезіне сай дұрыс тәсіл қолдану, олармен тиімді қарым-қатынас орнату маңызды. Кей кездері нәзікжанды инспектор түрлі қиын жағдайларға куә болып, әттеген-ай дейтін сәттерді де бастан кешіреді. Полиция капитанының жасөспірімдермен жұмыс істеудегі басты қағидасы – ең алдымен баланың жандүниесін түсіну, оның құқығын ешкімге таптатпау. Міндетіне сай балалардың қоғамдағы орны ерекше екенін ересектерге де, жалпы ортаға да жеткізе білу жолында аянбай тер төгіп жүр.
– Ел сенімі – ертеңгі ұрпақ. Елдің жарқын болашағы да, оның дамып, әлемнің озық елдерінің қатарына қосылуы да – бүгінгі жастардың қолында. Сондықтан да жасөспірімдердің қауіпсіздігі мен тәрбиесі ел алдындағы үлкен жауапкершілік деп білемін. Қазіргі балалар бұрынғыдай емес, психологиясы да, көзқарасы да өзгеше. Заман дамыған сайын балалар да техникаға бейімделіп өсіп келеді. Олардың ақпараттану деңгейі жоғары, креативті, жаңашыл, ізденімпаз болып қалыптасуы бұл заманның үлкен артықшылығы. Алайда интернеттің жағымсыз жақтары да жоқ емес. Түрлі қатыгездікке тәрбиелейтін ойындар, бейнелер, сайттар баланың мінез-құлқына әсер етіп, кей жағдайда құқықбұзушылыққа бейімдеуі мүмкін, – дейді полиция капитаны.
Айрықша атап өтерлігі, Эльмира қызмет көрсететін аумақта соңғы бес жылда жасөспірімдер арасында ешқандай қылмыстық құқықбұзушылық тіркелмеген. Мұны бала тағдырына бейжай қарамайтын қызметкердің профилактикалық жұмыстарды үзбей жүргізуінің, аумақты тұрақты бақылауда ұстауының нәтижесі деп бағалауға болады.
– Қазіргі балалар көп жағдайда сезімін білдіре бермейді, бәрін ішінде сақтайды. Сондықтан қай баланың қандай психологиялық күйде жүргенін анықтау оңай шаруа емес. Осы орайда мен көбіне сырттай бақылау, визуалды талдау, мінез-құлқын байқау сияқты психологиялық әдістерді қолданамын. Баланың түр-тұлғасынан, мимикасынан, көңіл күйінен, іс-әрекетінен өзгерісті байқасам, оны өзіме жақын тартып, әңгіме жүргіземін. Ең бастысы баланың маған сенуіне назар аударамын. Қажет болған жағдайда психолог мамандармен бірлесіп жұмыс істейміз. Кейде тек инспектор ретінде сырттай бақылау жүргізіп, қиын кезеңде жүрген балаларды анықтап, мамандармен бірге дер кезінде дабыл қағып, көмек көрсетуге тырысамын. Соның нәтижесінде бірқатар құқықбұзушылықтардың алдын алдық. Мысалы, бір жасөспірім қыз болды. Онымен әрдайым мейіріммен жеке әңгімелесіп, профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, оның қоғамдағы өз орнын сезінуіне, өзін ересек тұлға ретінде қабылдауына мүмкіндік беріп отырдым. Осы әңгімелер барысында оның шешілмей жүрген проблемалары бар екені анықталды. Қыз маған сенім артып, бәрін ашық айтып берді. Сол бойынша біз дер кезінде көмек көрсеттік. Әрине, бұл қыз кейін бойжетіп, мектепті тәмамдады. Маған еліктеп жүргенін де естідім. Естуімше, ол қазір оқуға түсіп, осы сала бойынша басқа қалаға кеткен, – деді Э.Байниязова.
Кейіпкеріміздің жауапкершілікке толы қызметінде есте қалған оқиғалары да аз емес. Десе де түнгі рейд кезіндегі жағдай әлі күнге есінен кетпейді. Бірде рейдтік іс-шаралар жүргізу барысында беймезгіл уақытта жүрген жасөспірімдер анықталып, барлығы №2 полиция бөлімшесіне жеткізіледі. Достарының бәрін ата-аналары келіп алып жатқанда, бір бала ғана жалғыз қалады. Оның көңіл күйінің ерекше төмен екенін инспектор бірден байқайды. Кәсіби маман ретінде ол баланың ішкі жағдайына мән беріп, әңгімеге тартады.
Сөйтсе, баланың тағдыры тым ауыр екен. Айтуынша, ата-анасы ерте айырылысып, әкесі басқа отбасы құрған. Анасы психикалық жүйке ауруына байланысты емделуге кеткен екен. «Мен бала болып қыдырып көрмедім. Анам уақытша емделіп жатқан кезде достарыммен бірінші рет сыртқа шыққан едім. Сол сәтте полиция ұстап алды» дейді ол.
Жасөспірім алып кететін тек ағасы ғана барын айтады, бірақ ағасының қолында оны ресми түрде алуға қажетті ешқандай құжат, сенімхат болмайды. Сондықтан инспекторлар баланы ағасына тапсыруға қауіптенеді, оның болашағына алаңдайды.
Сөйтіп, баланы анасы келгенше уақытша бейімдеу орталығына орналастыруға шешім қабылданады. Бірақ орталыққа келгенде бала қатты қобалжиды. Инспектор оның ішкі күйзелісін байқап, жай ғана: «Саған қандай көмек керек?» – деп сұрайды. Сол сәтте бала инспектордың мейірімін сезініп: «Мені бұл жерге орналастырмай-ақ қойсаңыздар. Анам келгенше жақындарымның қасында болғым келеді» деп ішіндегі шынайы тілегін айтады да тағы бір ағасының нөмірін ұсынады. Бірақ әкесінің бауыры болғанымен бұл ағасы да балаға жақын емес болып шығады, керек десеңіз танымайды да екен. Инспектор соған қарамастан әлгі кісіге мән-жайды түсіндіріп, баланың әкесінің нөмірін алады. Әкесі болған жағдайды естіген сәтте, уақытқа қарамастан бірден жетеді.
– Шынымды айтсам, «Ұлын қажет етпей қоя ма екен?» деп қобалжып тұрдым. Әрі кішкентай баланың үмітке толы көздері де көңілімді толқытпай қоймады. Бірақ соңы жақсы аяқталып, түн ортасы болса да әкесі біз тұрған жерге келіп, баласымен қауышты. Әке мен баланың бірін-бірімен кездесіп, мауқын басқан сәті әсерлі болды. Құшақтарын жазбай тұрған екеуінің көзінен жас шығып, бір-біріне деген сағыныш пен өкінудің араласқан күйін сездік. Әкесі құжаттарын көрсетіп, баласын өз қамқорлығына алды. Бұл менің қызметімдегі ең әсерлі сәттердің бірі болды. Мұндай оқиғалар болмас үшін балаларды назардан тыс қалдырмай, мейірім мен махаббатты аямай беру қажет. Психологиясын, олардың дауысы мен пікірін тыңдай біліңіздер. Баласына жеткілікті көңіл бөле алмай жүрген немесе көңіл бөлгісі келсе де уақыт таппайтын ата-аналар аз емес. Бала үшін бес минуттың өзі қымбат. Ата-ананың мейірімі – балаға берілетін ең үлкен тәрбие. Ұстаздың, психолог мамандардың, инспекторлардың айтқаны баланың миында тек білім ретінде қалады. Ал ата-ананың әрбір сөзі, берген өсиеті, тәрбиесі санада ғана емес, баланың жүрегінде қалыптасады, – дейді Э.Байниязова.
Полиция капитанының айтуынша, бұрынғы және қазіргі буынның айырмашылығы жер мен көктей. Сондықтан маман әр балаға жеке қарым-қатынас қажет екенін айтады. Ол девиантты мінез-құлықты балалармен жұмыс істеуде жеткіншектерге жекіріп, «сен осындайсың» деп айыптауды дұрыс әдіс емес деп есептейді. Жаза қолдануға да болады, бірақ ол баланың қоғамда өз орны бар екенін, оны тыңдайтын, қолдайтын адамдардың бар екенін сезіндіре отырып жасалуы тиіс.
Сондай-ақ инспектор «девиантты мінез-құлық түзелмейді» деген оймен келіспейтінін жеткізді. Әр баланың балалық және жасөспірімдік кезеңдерінде өтпелі, қиын сәттері болады. Кей балаларда девиантты мінез дәл осы кезеңдерде күшейіп, кейін басылады. Өмір адамның мінезін біртіндеп қалыптастырады. Жас ерекшелігіне қарай мінез өзгерістерінің болуы табиғи құбылыс. Сол секілді бұзақылыққа бейім жасөспірімдерді ерте анықтап, олармен жұмыс істеу полиция капитанының күн тәртібінен түспейтін мәселе.
– Қауіпсіздік мәселелері, буллинг, интернеттегі кибербуллинг, заманауи технологиялардан туындайтын қауіптер мен мектептегі әлімжеттік қазіргі таңда жиілеп кетті. Бұның себептері де аз емес. Отбасындағы түрлі келеңсіздіктер мен қоғамда орын алып жатқан жағдайлар бала психикасына тікелей әсер ететіні жасырын емес. Әр отбасының өз қиындықтары бар. Әрине, ешкімді кінәлағым келмейді. Бірақ отбасы ішіндегі жанжал, түсінбеушілік сияқты жағдайлардың теріс ықпалы болатыны анық. Техника дамыған қазіргі интернет, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы балалар түрлі буллинг пен кибербуллингтің құрбаны болып жатады. Буллингтің түрі көп. Әлімжеттіктің әр түріне байланысты қазіргі таңда біз, кәмелетке толмағандар жөніндегі инспекторлар белсенді жұмыс істеп, түрлі кездесулер, іс-шаралар мен профилактикалық жұмыстар жүргізудеміз. Суицид мәселесі де қоғамда азаймай отырғанын жасыра алмаймыз. Бұл бағытта да профилактикалық жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Арнайы психолог мамандар, медицина қызметкерлері, социологтар, прокуратура өкілдері, әкімшілік мамандары, педагог-психологтар барлығы бірігіп, кәмелетке толмағандармен кешенді жұмыс атқарады. Осы мобильдік топтың көмегімен бірлесе отырып жұмыс жүргізу үлкен нәтижеге жетудің бір жолы. Сол секілді мектеп психологтарымен де қарым-қатынас орнатқанбыз. Сол секілді «Сервистік полицияға бір қадам» сияқты байыпты бастамалар қоғамның полицияға деген сенімін арттырып, халық пен полиция арасындағы байланысты күшейтіп келеді. Қазіргі полиция қызметкерлерінің мейірімділігі, жауапкершілігі артып, балаларға деген көзқарасы да өзгергенін байқауға болады, – дейді инспектор.
Маманның айтуынша, жасөспірімдердің көптеген қателіктері көбіне ойланбастан жасалатын әрекеттерден туындайды. Сондай-ақ, кейбір балалардың жоқшылық пен тұрмыстық қиындықтардан мәжбүрлі қадамдарға баруы да орын алады екен.
Осы тұста полиция капитаны ұлттық тәрбиенің маңызы зор екеніне тоқталды. Бүгінгі таңда ауыл ақсақалдарының, ата-әжелердің өсиеті, отбасылық жылулық пен бірлік сияқты құндылықтардың азайып бара жатқанына алаңдаушылық білдіреді. Егер отбасында үлгі болатын тәрбие ошағы болып, ата-әже немересіне жақын болып, рухани байытатын мысалдарды жиі айтып отырса, баланың қызығушылығы интернетке емес, сол жақын ортасына ауатынына сенімді. Инспектордың пайымдауынша, мұндай тәрбие баланың жандүниесін нығайтып өсіреді.
Маман алдағы уақытта түрлі оқулықтар мен әдістемелік құралдар жазуға ниет етіп жүр. Өз тәжірибесінде кездескен оқиғаларды, тиімді әдістерді жинақтап, жасөспірімдерге және олардың ата-аналарына көмегін тигізетін материалдар дайындауды жоспарлауда.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ




