Бүгінгі таңда әлеуметтік желіні ашсақ та, шағын көрмелерге барсақ та гипстан, сабыннан, кейде моншақтан жасалған мүсіндерді жиі көзіміз шалады. Қолдан мүсін, бұйым жасаудың өзі қажырлы еңбек пен төзімділікті талап етеді. Осындай еңбектің бағасын біліп, оны өз кәсібіне айналдырып отырған жандардың бірі – Қарлығаш Тлешева.
Жамбыл ауданы, Жасөркен ауылының тумасы Қарлығаштың мүсін жасау кәсібін қолға алғанына 3 жыл болыпты.
– Кәсіп бастау туралы ой декреттік демалыста отырғанда келді. Екінші ұлым 1 жасқа толар алдында жолдасым екеуміз халқымыздың салт-дәстүрімен қонақ шақырып, кішігірім тұсаукесер рәсімін ұйымдастырмақ болдық. Қуанышымызды бөлісуге келетін қонақтарыма өз қолымнан ерекше сый, есте қалар бұйым бергім келді. Сол ойдың жетелеуімен әлеуметтік желі арқылы арнайы курстарды оқып, өз қолыммен гипстан, сабыннан бұйымдар жасадым. Басында қорқыныш болды. Бірақ жолдасымның қолдауы мен көмегінің арқасында аса қиналмадым. Кәсібімді жаңадан бастағанда қолдау ретінде туған-туыстарым, таныстарым жасаған бұйымдарымды сатып алды. Уақыт өте келе «Instagram» әлеуметтік желісінен парақша ашып, сол жерге жасаған жұмыстарымның сурет, видеоларын сала бастадым. Бірнеше күн өткен соң «Instagram»-нан алғашқы онлайн тапсырыстар түсе бастады, – дейді Қарлығаш Бекболатқызы.
Кез келген кәсіп секілді бұл салада да үйлесім мен өнім сапасы бастапқы орында. Сол себептіде Қарлығаш Тлешева әрбір тұтынушының қалауына сай тауар ұсынуды басты ережесіне айналдырған.
– Жасаған бұйымжарымның бағасы 400-850 теңге аралығында. Мүсіндерді жасау ұзақ уақыт алмайды, егер тапсырыс берілген бұйымдардың саны көп болса 5-10 күн аралығында аяқтап беруге тырысамын. Басында қатты керек деген құралдарымды ғана алып отырдым. Уақыт өте келе тәжірибе жинап, қолым үйренген соң керек құрал-жабдықтарымды толықтырдым. Түскен қаржыға түрлі курстарды оқып, білім алдым. Уақытымның тығыздығына байланысты әзірге шәкірттерге арналған шеберлік сағаттары тоқтап тұр. Бірақ алдағы уақытта шеберлік сағаттарын қайта бастаймын. Болашақта мүсін жасау кәсібімді үлкейтіп, қала орталығынан кеңсе ашу ойымда бар. Бүгінде қыз-келіншектер қонақтарға ерекше сыйлықтар бергенді жөн көреді. Қазір тапсырыстар көбінесе сәбилерді қырқынан шығаруға, тұсаукесерге түседі. Ал қоныстой, үйлену, ұзату сынды тойларға трендтегі қазақи нағыштағы сәукеле, киіз үй формасында жасалған бонбоньеркиларды алады. Мүсіндерді тапсырыс берушінің талғамына қарай сәндеп, бояп беремін. Шағын кәсібіммен айналысып келе жатқаныма аз уақыт болса да өзіме қатты ұнайды. Сабыннан қалып құйып, гипстан бұйым жасағанда үйдегі тірліктен, толассыз ойлардан миым демалып, тынығып қаламын. Үйде отырып кәсіп бастағанда түсінгенім, сүйікті істі бастау үшін қолайлы уақыт, ыңғайлы жердің болуы міндетті емес екен. Сүйіп жасайтын ісім болғандықтан үйдегі қауырт тіршіліктің арасынан уақыт тауып айналысамын, – дейді Қарлығаш Бекболатқызы.
Халқымыз ерте заманнан-ақ «Еңбектің наны тәтті» деп бекер айтпаған. Бұл жұртымыздың еңбекті сол кезден бері жоғары бағалағанының дәлелі. Қазіргі таңда жастар арасында еңбекке деген құштарлықты арттыру да маңызды. Жастар тек оңай жұмыстарға ғана емес, шығармашылықты талап ететін жұмыстарға да қызығушылық танытуы керек. Осы орайда біздің бүгінгі нәзік жанды кейіпкеріміз Қарлығаш Тлешеваның кәсіп жолы мен еңбекқорлығы көпке үлгі болатындығы сөзсіз.
Сымбат ҚУАНЫШ


