КЕМШІЛІКТЕРГЕ ЖОЛ БЕРІЛМЕУІ ТИІС
Жалпы бұл саяси құрылымның басты ұстанымы – халықтың тұрмыс сапасын жақсарту, әлеуметтік әділдік орнату, өңірлер арасындағы даму алшақтығын азайту. Осы бағытта «Халықпен бірге!» қағидатын басшылыққа алған «AMANAT» партиясының облыстық филиалы жыл сайын қандай да бір мәселемен есік қаққан әулиеаталықтардың уәжін тыңдап, мәселесін түрлі қоғамдық қабылдаулар арқылы шешіп, мемлекеттік органдардың жұмысына ашық бақылау орнатуға да мүмкіндік беріп жүр.
– Бүгінде сайлауалды бағдарламаның облыста жүзеге асырылуы арнайы жол карталарымен бекітіліп, оның орындалуы әр сала бойынша нақты көрсеткіштермен өлшенуде. Мысалы, ауызсу, жол, инфрақұрылым, денсаулық сақтау, мектеп салу мәселелері өңірімізде партиялық бақылауға алынған. Бюрократиялық кідірістерді азайтып, қарапайым халықтың күнделікті шаруасына тиімді ықпал етуге бағытталған осы тетік арқылы айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіп келеміз. «AMANAT» партиясының пәрмені әсіресе ауылдық жерлерде айқын сезіледі. Ауылдық округтердегі клуб, дәрігерлік амбулатория, мектеп, балабақша секілді әлеуметтік нысандарды жөндеу, жол салу сияқты басқа да жұмыстардың басым бөлігі тұрғындардың партия қабылдауында көтерген ұсыныстары негізінде жүргізілуде. Сондықтан партия халықтың мұң-мұқтажын жоқтап, жоқ-жітігін түгендеу, кем-кетігін бүтіндеуде олардың күнделікті проблемасына араласатын нақты қоғамдық институт рөлін атқарып келеді.
Сондай-ақ партия жанындағы «Өңірлік даму» жөніндегі аймақтық кеңес, тексеру комисиясы секілді тетіктердің де механизмі күшейтілді. Мұндағы басты міндет – қолға алынған жобалардың сапалы орындалуын бақылау, бюджет қаржысының мақсатты жұмсалуын қадағалау. Қысқаша айтқанда, партиялық бақылау тетігі арқылы «AMANAT» қоғамдағы жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға үлес қосып келеді.
Сөзіме нақты мысал келтірсем, жақында партияның облыстық филиалы жанындағы «Өңірлік даму» жөніндегі аймақтық кеңес отырысы өткен болатын. Онда партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі өңірлік жол картасы аясында автомобиль жолдарын салу, жөндеу, күрделі жөндеу, қайта жаңғырту жұмыстарының орындалу барысы қаралды. Сондай-ақ осы жол картасы аясында елді мекендерді талшықтық-оптикалық байланыс желісімен, республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын сапалы мобильді және интернет байланысымен қамтамасыз ету мәселелері назарға алынды.
Негізінде өңірлік жол картасы аясында 2025 жылға 1 мың шақырымнан асатын жергілікті маңызы бар 200 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу және 1 мың шақырымнан кем емес ауыл ішіндегі 235 шақырым жолды жөндеу міндеті қойылған. Облыста жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін арттыру бойынша партияның 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасының өңірлік Жол картасында 3 көрсеткіш негізінде енгізілген. Аталған кеңесте осы міндеттеменің орындалуы сараланған болатын. Негізінде автомобиль жолдарын салу, жөндеу және сол жолдардың бойын интернетпен қамтамасыз ету өңірдегі ең өзекті мәселелердің бірі. Осы тұста атап өтер бір жайт, кейбір жобаларда түрлі себептерге байланысты жұмыстардың уақытылы орындалмау фактілері бар. Соның бірі – «Шу – Қайнар» автожолын жөндеу мәселесі. Жобада қаржылық қиындықтар жоқ болса да, құрылыс жұмыстары тұралап қалған. Кеңес барысында бұл сұраққа «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Айжан Тұғанова жауап беріп, мәселенің негізгі себебі жолға жақын маңда қиыршық тас шығаратын карьердің жоқтығы екенін атап өтті. Дегенмен, аталған түйткіл алдағы бір айда шешімін тауып, жол жөндеу жұмыстары қайта жанданатын болады. Сондай-ақ, Жуалы ауданындағы «Ескі Күйік» асуында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының негізгі бөлігі осы уақытқа дейін аяқталуы тиіс еді. Алайда, бүгінгі таңда 12 шақырымдық жолдың тек 10 шақырымы ғана жөнделген. Жоспар бойынша бұл жұмыстар 1 желтоқсанға дейін толық аяқталады. Жөндеу жұмыстарының мерзімінде бітуі – аса өзекті. Себебі қыс мезгілінде қар түскен кезде жүк көліктері дәл осы асу арқылы қатынайды. Сондықтан жолдың уақытылы ашылуы – жүк тасымалының үзіліссіз жүруіне және өңірдің экономикалық белсенділігіне тікелей әсер етеді.
Бүгінде интернет пен цифрлық инфрақұрылым қоғам дамуының негізгі қозғаушы күшіне айналды. Осы бағыттағы жұмыстар Жамбыл өңірінде де кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Қазіргі таңда облыстағы 353 елді мекеннің дені талшықты-оптикалық интернетпен қамтылған. Жоспарға сәйкес, жыл соңына дейін тағы 54 елді мекенге интернет желісі тартылып, қамту көрсеткіші 78,8 пайызға жетеді деп күтілуде. Алайда, бұл салада шешімін таппаған түйткілдер де бар. Өңірде интернет түгілі, мобильді байланыс қолжетімсіз ауылдар әлі де кездеседі. Мысалы, Сарысу ауданына қарасты Қамқалы, Жайлаукөл, Арыстанды елді мекендерінде байланыс мүлде жоқтың қасы. Тіпті, Тараз қаласының өзінде, яғни Асқаров көшесінің соңғы бөлігінде байланыс сапасы өте төмен. Бұл мәселе кеңес отырысында көтеріліп, облыс әкімдігі цифрландыру және архивтер басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ақберен Сейдімханов тиісті министрлік пен ұялы байланыс операторларына нақты ұсыныстар жолданғанын айтты.
Жалпы 2024-2025 жылдарға белгіленген межелерді орындауда республикалық бюджеттен толық қаражат бөлінбеуіне байланысты тиісті көрсеткіштерге толық қол жеткізілмеуде. Сонымен қатар 2024-2025 жылдары елді мекендерді талшықтық-оптикалық байланыс желісімен қамтамасыз ету мәселесі де толық шешімін таппаған. Алдағы уақытта бұл мәселе өз шешімін табады деген сенім бар. Себебі біз халыққа берілген уәделерді толық орындауға міндеттіміз. Сондықтан партия мұндай мәселелерді үнемі назарда ұстайды, түйткілдердің түйінін тарқату жайы тұрақты бақылауда болады, – дейді «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов.
САПАҒА БАСА МӘН БЕРІЛУДЕ
Осы орайда біз облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Саурықовпен тілдесіп, жол саласында атқарылып жатқан жұмыстар жайын сұраған едік.
– Облысымыздың жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерінің желісі бүгінде 10 084 шақырымды құрайды. Яғни республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының ұзындығы 1204 шақырым болса, облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының ұзындығы – 1 697 шақырым. Сонымен қатар 1 451 шақырым аудандық маңызы бар автомобиль жолы мен 5 732 шақырым елді мекен көшелері бар.
2025 жылы жергілікті маңызы бар автожолдар мен елді мекен көшелерін жөндеуге 28 миллиард теңге бөлінді. Бөлінген қаражат есебінен 17,7 шақырым көше жолы мен 5 көпірдің құрылысы салынды. 8 шақырымды құрайтын жол қайта жаңғыртудан өтіп, 434,5 шақырым жол орта жөндеумен қамтылуда.
Барлығы 182 жобаны іске асыру аясында 460,2 шақырым жол құрылыс, қайта жаңғырту, орта жөндеумен қамтылуда. Саралай айтсақ, «Көлік-логистикалық әлеуетін дамыту тұжырымдамасы» шеңберінде 24 жоба жүзеге асып, 110 шақырым, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 78 жоба бойынша 199,8 шақырым жол жөнделді. Сол секілді «Өңірлерді дамыту» бағдарламасымен 6 жоба негізінде 14,7 шақырым, «Моноқалаларды дамыту» бағдарламасы бойынша 3 жоба аясында 5,4 шақырым, жергілікті бюджеттер есебінен 71 жоба бойынша 130,3 шақырым жол қамтылды.
Бөлінген қаржының 4 миллиард теңгесі жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, жергілікті жолдар мен елді мекен көшелерін ағымдағы жөндеу мен күтіп ұстауға бағытталған. Бүгінге дейін бірқатар жұмыстар атқарылды. Нақты айтар болсақ, көлемі 158 мың шаршы метрге жуық аумақ болатын шұңқырлар жөнделді. Сонымен қатар 3 286 жаңа жол белгісі орнатылып, тозығы жеткен 580 белгі жаңасына ауыстырылды. Жол бойына жүргізушілерге бағыт көрсетуге арналған 231 баған қойылды. Қауіпсіздік үшін көшелерге 1 231 шаршы метрден аса көлемде «жол кедергілері» (жасанды төмпешіктер) орнатылды. Жол сызықтары да жаңартылып, 3 495 шақырымнан аса жолға жаңа таңба сызылды. Қауіпсіздік үшін шулы жолақтар да 46,8 шаршы метрге орнатылды.
Бұдан бөлек, автогрейдермен жол жиегіндегі 15 мың шақырымнан аса жер тегістелді. Жол жамылғысындағы ойылған немесе отырыңқы жерлер 130 текше метр көлемде, ал жол табандары 770 шаршы метр көлемде қалпына келтірілді. Шағалды (грунт) жолдар да назардан тыс қалған жоқ, 112 шақырымға тегістеу жұмыстары жүргізілді. Ал өрттің алдын алу мақсатында 491 гектардан астам аумақта минералданған жолақтар жасалды, – дейді Мұрат Құттыбайұлы
Іске асырылып жатқан 182 жобаның 21-інің құрылысы былтыр басталған екен. Бұл жобалар 2024 жылдан өтпелі болса, қалған 161-і жаңа жоба екен. Қазіргі таңда 182 жобаның 173-і бойынша тиісті жұмыстар толық аяқталыпты. Қалған 9 жоба бойынша құрылыс жұмыстары әлі жалғасуда.

– Аудандық маңызы бар жолдар бойынша 17 жоба іске асырылуда. Төртеуі келесі жылға өтпелі. Бүгінде 16 жоба аясындағы жұмыстар аяқталса, 1 жоба бойынша жұмыстар жалғасуда. Ол жоба Қордай ауданында жүзеге асырылып жатыр. Қайта жаңғырту, құрылыс нысандары бойынша 15 жоба іске асырылуда. 14-інің жұмыстары келесі жылы аяқталады. Бүгінде 13 нысанда биылға жоспарланған жұмыстар аяқталды, Тараз қаласындағы 2 жоба аясында тиісті жұмыстар атқарылуда.
Елді мекен көшелерін орта жөндеу бойынша барлығы 143 жобаны іске асыру жоспарланған. 27-сі келесі жылға өтпелі. Бүгінде 137 жобада жұмыстар аяқталды, 6 жобада бойынша жұмыстар жалғасуда. Іске асырылып жатқан жобаларды осы айдың соңына дейін толық аяқтау көзделуде.
Жолдың сапасын бақылау үшін «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» облыстық филиалымен бірлесіп, тексеру жұмыстары жүргізілуде. Осы жұмысты орындау үшін аталған орталықпен 279 миллион теңгеге арнайы келісім жасалған. Бүгінге дейін мамандар 303 рет жолға шығып, жалпы 1 360 сынама алды. Сол үлгілердің ішінен 838-і талапқа толық сай болып шықса, 552 сынамада кемшілік бар екені анықталды. Яғни әр үш сынаманың бірінде (38 пайыз) ақау байқалған. Қазір анықталған кемшіліктердің 142-сі (27 пайыз) түзетілді. Қалған 380-ін «KazRoadLab» зертханасының мәліметтер базасында жою жалғасып жатыр.
Есепті кезеңде жол салу кезінде сапасыз материал қолданған немесе шартты бұзған бірқатар мердігер анықталған болатын. Басқарма тарапынан ол компанияларға 3,7 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар кепілдік мерзімінде өз міндетін орындамаған бір мердігерді «жосықсыз» деп тану үшін сотта іс қаралуда. Сол секілді аудандар тарапынан да шарт талаптарын бұзған 3 мердігерді жосықсыз деп тану және 1,7 миллион теңге айыппұл салу туралы сотқа талап-арыз берілді. Қазірдің өзінде сот шешімімен 1 мердігер жосықсыз деп танылса, қалған екі компания бойынша сот процесі жалғасуда.
Облыс бойынша «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасының 32, 33, 34, 35-тармақтарын басқармаға орындау жүктелген. Бағдарламаның 32-тармағы бойынша 2025 жылға 200 шақырым автожолды орташа жөндеу жоспарланған. Оның ішінде облыстық маңызы бар 130 шақырым, аудандық маңызы бар 70 шақырым жолды жөндеу қажет. Бұл ретте 2025 жылдың бюджетін қалыптастыруда 216 шақырым жергілікті маңызы бар автожолдарды орта жөндеуге 11 300 миллиард теңгеге өтінім беріліп, бюджет тапшылығына байланысты ішінара ғана қолдау тапты. 2025 жылдың бюджетін қалыптастыруда және нақтылауда бөлінген қаржыны қоса алғанда жергілікті маңызы бар автожолдарды орта жөндеуге 5 431 миллион теңге бөлініп, 62,1 шақырым облыстық және 48 шақырым аудандық маңызы бар автожолдарды жөндеу жүргізілді.
Осы орайда, бюджет қаржысының шектеулі болуына байланысты аталған көрсеткіштің орындалмауы орын алуда. Бағдарламаның 33-тармағы бойынша 2025 жылға 235 шақырым елді мекен көшелерін орта жөндеу жоспарланған. Бөлінген қаржыға сәйкес 330,1 шақырым көшелерді жөндеу жоспарланып, көрсеткіш асыра орындалуда.
Бағдарламаның 34-тармағы бойынша осы жылға 15 автобус алынуы белгіленсе, 2025 жылы 81 жаңа автобус жеткізілді. Тараз қаласының автобус парктерін жаңарту бағытында 2023 жылдан бері 309 жаңа қоғамдық көлік алынған. Жол картасымен белгіленген 6 жылдық жоспар – 80 автобус. Жоспар 3 есеге асыра орындалған, – дейді М.Саурықов.
ЖОЛ БОЙЫНДАҒЫ ИНТЕРНЕТ САПАСЫ АРТУДА
Облыс әкімдігі цифрландыру және архивтер басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ақберен Сейдімханов бүгінгі таңда интернет пен цифрлық инфрақұрылым қоғамның барлық саласының қозғаушы күші екенін, сондықтан да ауыл мен қаланың арасындағы цифрлық теңсіздікті азайту басты міндеттің бірі болып саналатынын айтады.
– Осы мақсатта «Қолжетімді интернет» жобасы аясында Қазақстан Републикасының Үкіметі мен «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы арасында ауылдық елді мекендерді жоғары жылдамдықты интернетке қосу жөнінде инвестициялық келісім жасалған. Жобаның басты мақсаты – халыққа, мемлекеттік және әлеуметтік нысандарға жоғары жылдамдықты интернетті қолжетімді ету, ауылдық жерлерде цифрлық теңсіздікті азайту және өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру. Бұл ауыл мектептері, әкімдіктер, емханалар, полиция және шекара бөлімшелерінің интернетке қосылуын қамтамасыз етеді.
Аталған келісім аясында 2025-2027 жылдары облыс бойынша 170 елді мекен және сол елді мекендердегі 307 мемлекеттік мекемені талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамтамасыз ету жоспарланған. Бұл бастама халықтың өмір сапасын жақсартып, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға, білім беру мен денсаулық сақтау салаларын цифрландыруға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы құрылыс-монтаждау жұмыстарын Шу мен Меркі аудандарынан бастап, екі колонна арқылы екі бағытта қатар іске асырып жатыр. Бұл ретте осы жылдың соңына дейін облыстың 54 елді мекенінде талшықты-оптикалық желі тарту жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде 19 елді мекенде мобильді байланыс 4G деңгейіне дейін жаңартылып, интернетпен қамту үлесі 78,8 пайызға жетеді деп күтілуде. Қазір оның деңгейі 73,4 пайыз шамасында тұр. Жоба ауыл тұрғындарына электрондық үкімет қызметтерін қашықтан пайдалану, онлайн білім алу және қашықтан жұмыс істеу мүмкіндігін кеңейтеді. Кәсіпкерлер өз өнімдерін онлайн сату, мемлекеттік сатып алуларға қатысу және банктік сервистерді қолдану арқылы бизнестерін дамытуға жол ашады. Бұл өз кезегінде өңір экономикасын жандандырып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді.
«Қолжетімді интернет» жобасының тағы бір маңызды бағыты – республикалық маңызы бар автомобиль жолдары бойында антенна-діңгек құрылымын салу. 2024-2026 жылдар аралығында барлығы 12 антенна-діңгек құрылымын орнату жоспарланған. Оның ішінде Шақпақата – Отар бағыты бойында ұзындығы 449 шақырым болатын аумаққа 7 антенна орнатуымыз керек. Ал Мойынқұм ауданындағы Хантау – Ақсүйек және Бурылбайтал – Қашқантеңіз бағыттарында ұзындығы 203 шақырымды қамтитын аумаққа 5 антенна-діңгек орнату жоспарлануда. Қазіргі таңда 9 антенна бойынша жобалық-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамадан өтті. Ал Мойынқұм және Меркі аудандарындағы екі нысан бойынша сараптама қорытындысын алу жұмыстары қараша айының соңына дейін аяқталуы тиіс. Одан бөлек, Мойынқұм ауданындағы бір нысанның орналасу аумағы Көктерек ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесіне тиесілі болғандықтан, қазіргі таңда облыс әкімдігі цифрландыру және архивтер басқармасы операторлармен бірлесіп жаңа координаттар бойынша келісу және жерді мемлекет теңгеріміне қайтару жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі аталған барлық нысандар бойынша құжаттама әзірлеу жұмыстары толық аяқталған соң, антенна-діңгек құрылымдарын салуға жеке инвестиция тарту тетіктерін қарастыруда. Бұл ретте жобаларды іске асыру үшін байланыс операторларымен өзара әріптестік орнату және келісімшарттар жасау мәселелері зерделенуде. Жалпы цифрлық инфрақұрылымды дамыту – өңірдің экономикалық және әлеуметтік дамуының негізгі кепілі. Бүгінгі таңда облысымыздың цифрландыру бағыты жүйелі түрде дамып келеді. «Қолжетімді интернет» жобасы осы бағыттағы ең ірі және нәтижелі бастамалардың бірі болып саналады – дейді Ақберен Бекболатұлы.
Байқағанымыздай «AMANAT» партиясының облыстық филиалы қоғамға ортақ жұмыстардың ашықтығын қамтамасыз етіп, бюджет қаржысының мақсатты жұмсалуын бақылауда өз құзыреті аясында пәрменді рөл атқарып отыр. Партия филиалдары көтерілген әрбір мәселенің орындалусыз қалмауын қадағалап, жауапты органдардың жұмысын жүйелеуге ықпал етуде. Жоспарланған жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, тұрғындар күткен нәтижелер біртіндеп орындалуда. Ең бастысы мәселе басталған істің уақытында әрі сапалы жүзеге асырылуына байланысты.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ




