Оларды қорғау үшін де жалпы оқырманның – ел-жұрттың көзіқарақты, көкірегі ояу болғаны абзал ғой. Бұл мәселеде көркем әдебиетті насихаттау, кітап оқылымын арттыру бағытында қыруар жұмыстар атқарылуы керек-ақ. Елімізде, жалпы қоғамда солай болып жатыр ма?
Міне, осындай сын сәтте журналист, әдебиеттанушы Салтанат Әбдіғали «Кітаптар әлемі» жобасын жүргізуді қолға алды. Кітап – тілдің қорғаны, қуаты һәм құнары. Салтанат қоғамымызды ілгерілетудің, міне, осы ең бір жанды жерін дөп басып, тыңнан жол салды. Ол «кітаптар әлемінің Тұмар ханымындай» бес қаруын бойына асынып, әлгі біз жоғарыда айтқан өлең мен ақын-жазушыны қорғауға шыққан секілді болып көрінеді. Әнебір кез бұл мәселеге әлі мән де берілмей жатқан абың-күбің тұс еді. Бұл істі жүйелеуді неден, қалай бастау керектігін мерзімді басылымдар, БАҚ-тар әлі біліңкіремей жатты. Сол екі арада Салтанат Әбдіғали бірнеше ондаған БАҚ, қоғамдық институттар атқара алмай жатқан жұмыстарды жалғыз өзі-ақ жүзеге асырып, «тау қопарып» та тастады.
Оның жобасына оқырмандар, әсіресе мектеп оқушылары көптеп атсалысып, айрықша қызығушылық та танытып үлгерді. Олардың қатары күн санап артуда. Сөйтіп, бағыт-бағдарлары айқындалған, жалпы оқырмандарға – кітап оқылымына атсалысушыларға әдістемелік құрал болуға да әбден жарайтын дап-дайын өміршең жоба дүниеге келіп, қанатын кеңге жая түсті. Әлеуметтік желіде, әрине. Дейтұрғанмен осыны көре-біле тұра газет, журнал редакцияларының, телеарналардың, әсіресе Оқу-ағарту министрлігінің кеңінен қолдау көрсетіп, іліп алып кетуді көрінеу кешеуілдетіп жатқаны түсініксіздеу. БАҚ-тардың бетін бермейтін жасық дүниелерге, телеарналарды жаулап алған бейбастақ бағдарламаларға қарағанда мұның маңызы айрықша елеулілеу ғой. Әрі нәтижесі де жоқ емес. Көркем әдебиетті насихаттау мен кітап оқылымын арттыру бағытында бұдан асар бағдарлама жоқтың қасында, меніңше.
«Кітаптар әлемінің» жаңылтпаштар, жұмбақтар жаттатып – тіл ұстарту, қазақтың классик жазушыларын қайталап оқытып – тіл байыту бағыттарында белсенді жұмыстарды жүзеге асырып келе жатқанына бес жыл толды. С.Әбдіғалидың арнайы жабдықталған жұмыс орны, заманауи құрал-жабдықтары да, оператор, ассисент секілді көмекшілері де жоқ. Жобаны да жалғыз өзі жүргізуде. Үкіметтен алып отырған нақты айлықақысы да жоқ. Демеушілер көмегімен оқырмандарын кітап түрінде, қаржылай да ынталандырып отыратыны ше?! Неткен жанкештілік, жауапкершілік, мақсаткерлік, мамандыққа деген айнымас адалдық, қайсарлық, еңбеккештік десеңізші!
Осылай ол өзінің ойға алған ісін ешкімнің көмегінсіз, еш жалтақсыз, дара жүзеге асыру үстінде. Әгәрәки, «Qazaqstan», «Хабар» секілді отандық ұлттық телеарналар арқылы берілсе, аудиториясы да кеңейіп, берері де, берекесі де мол үздік һәм өміршең бағдарламаға айналар еді. Кітап оқырмандарының қатары өсіп, ана тіліміздің қолданылу аясы кеңеюіне де орасан зор үлес болып қосылар еді.
Бұл жобаға да, міне, 5 жыл толғалы отыр. Оның жетекшісі осы жобасы арқылы бәлкім он, бәлкім жүз мың оқырманның жүрегіне өз сәулесін түсіріп үлгерген болар. Көптеген оқырманның орны толып, кітап оқуға қызығушылығы оянып, «беті бері қарағаны» бұл. Ал Салтанат Әбдіғалилар бір емес, бірнешеу болса ше? Ондай жағдайда көп өтпей-ақ «кітап оқитын елге» айналарымыз айдан анық.
Бір айта кетерлігі, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та кітап оқудың маңыздылығын айтудай-ақ айтып, жазудай-ақ жазумен келеді. Соған сәйкес елімізде берері де, берекесі де мол іс-шаралар көбейіп тұр. С.Әбдіғали өзінің жеке бастамашылдығымен бұл салада тынбай, жалықпай еңбектеніп, тер төгумен келеді. Осы еңбегі еленіп, мемлекеттік марапатқа ұсынылып жатса, оның еш артықтығы жоқ деген ойдамыз.
Елімізде Салтанаттардың сапы толығып, саны көбейсе, қандай ғанибет! Ақын-жазушыларымыздың шығармалары кеңінен насихатталып, ана тіліміздің абыройы асқақтай беруі үшін де!
Баймаханбет АХМЕТ,
ақын, жазушы, Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі




