Кеңес отырысында өңірдегі әлеуметтік саясаттың жүзеге асу барысы жан-жақты талқыланды. Жиында облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесов жол картасындағы әлеуметтік бағыттағы тармақтардың орындалуы баяндама жасады.
– Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жұмыс орнын ашу» тапсырмасы аясында 2025 жылы облыс бойынша 16 463 жаңа жұмыс орны және электронды еңбек биржасы арқылы есепті мерзімде 1 903 жұмыс орны құрылды. Сондай-ақ, осал топтар қатарына жататын 1 006 адамға қайтамсыз гранттар берілді. Субсидияланатын жұмыс орындарына барлығы 13 841 адамды тарту жоспарланған. Жыл басынан 13 078 адам тартылып, жылдық жоспар 94,5 пайызға орындалды. Жалпы жүйелі жұмыстың нәтижесінде 33 758 жұмыс орны құрылды. Меже асыра орындалды. Қазақстан Республикасының еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында 2025 жылдың 1 қарашасына жұмыспен қамту органдарының ықпалымен 33 758 адам бос жұмыс орындарына орналасса, 14 986-сы жастар. Бұдан бөлек, 108 бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі ұйымдастырылды. 1 789 жұмыс беруші мекемеден 7 754 бос жұмыс орны ұсынылып, нәтижесінде 1 193 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Атқарылып жатқан жұмыстар нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі үшінші тоқсанның қорытындысымен 4,8 пайызды, жастар арасындағы жұмыссыздық 3 пайызды құрады, – дейді Еркін Егембердіұлы.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасының еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде биыл 412,7 миллион теңге қаралып, кәсіптік оқытумен 1 315 жұмыссыз азаматты оқыту жоспарланған екен. Бүгінге дейін азаматтар толық оқытылып, 711-і жұмысқа орналасыпты. Жыл соңына дейін 100 пайызға жеткізу көзделуде.
Жиында жастарды жұмыспен қамту мәселесі де көтерілді. Әсіресе, медицина саласы бойынша оқуын аяқтаған түлектерді «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы арқылы жұмысқа орналастырудың маңыздылығы айтылды. Бұл бағытта Тараз қалалық Мансап орталығы мен Жамбыл жоғары медициналық колледжі арасында нақты әріптестік орнату қажеттігі атап өтілді.
Кеңес отырысында аудандарда отбасын қолдау орталықтарын ашу мәселесі де талқыланды. Бұл бағытта нақты жоспар жасақталған. Алдағы жылы «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында Меркі және Сарысу аудандарында жаңа орталықтар ашылады. Бұл бастама – ауыл тұрғындарының әлеуметтік мәселелерін шешуге, отбасылық институтты нығайтуға бағытталған маңызды қадам болмақ.
Кеңесте көтерілген тағы бір өзекті мәселе – зейнеткерлерді сауықтыру шаралары. Қазіргі таңда облыста 114 мыңнан аса зейнеткер тұрады. Оларды сауықтыру орталықтарына жолдамамен жіберу үшін бюджеттен қаржы қарастырылғанымен, қаражаттың мақсатты игерілмеуінен ол кері қайтарылып отыр. Сондықтан бұл мәселені тиімді шешу үшін жаңа жүйе қалыптастыру қажет.
Сымбат ҚУАНЫШ



