Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Фосфогипс қалдығы аралдың экожүйесін жақсарта алады

Фосфогипс қалдығы аралдың экожүйесін жақсарта алады
Автор
Қалың қазақты алаңдатқан Арал теңізі қасіреті қазіргі уақытта түрлі экологиялық проблемалардың басты себебі болып отыр. Қаншама жылдан бері тұтас ұлт, қала берді Тәжікстан, Өзбекстан секілді көршілес елдер де алаңдаған Арал өңірінің экологиялық мәселелерін фосфогипс қалдықтары арқылы шешуге болады. Анығын айтқанда, өңіріміздің басты проблемасы саналатын фосфогипсты Арал өңірін қайта жандандыруға, жерді тыңайту үшін пайдалануға мүмкіндік бар.

Негізінде жердің тозуы, құнарсыздануы секілді мәселелер біздің облысымызға да тән. Себебі өңіріміздегі көптеген ауылшаруашылығы алқаптарындағы топырақтардың құнарлылығы төмендеп кеткені жайлы осы күні жиі айтылып жүр. Сала мамандары аймақтағы жерімізді аса жұтаң, саздақтар мен құмдақтар алып жатқанын, тіпті сортаң жерлердің ауқымы ұлғайғанын жазып, дабыл қағуда. Қаншама гектар алқап игеруге жарамсыз болғандықтан, оларды қайта қалпына келтіру уақыт талабына айналып отыр.

Бұған қоса, малды бақылаусыз жаю, бір дақылды ұзақ жылдар бойы үздіксіз бір жерде өсіру сияқты агрожүйедегі біржақты тәсілдер жердің тозуына әкелді. Қазір мұндай алқаптар қайта өңдеуді, жаңғыртуды қажет етеді. Климаттың өзгеруі де жағдайды күрделендіре түсіп, жауын-шашын көлемінің азаюы, орташа температураның көтерілуі, жиілеген құмды дауылдар өңірдің экологиялық тұрақтылығына айтарлықтай залал келтіруде.

Отандық ғалымдардың айтуынша, топырақты қалпына келтірудің тиімді жолдарының бірі – фосфогипсты пайдалану. Фосфогипс – фосфорит кендерінен тыңайтқыш өндіру барысында қосалқы өнім ретінде түзілетін кальций сульфатының гидраты. Әр тонна фосфор қышқылын алу кезінде шамамен бес тонна фосфогипс пайда болады. Оның негізгі бөлігі кәдімгі гипстен тұрады. Құрылыс саласында гипс кеңінен қолданылғанымен, фосфогипстың өндірістік және ауылшаруашылығы бағытында кәдеге жарауы әлі де сирек құбылыс. Фосфогипстың басым бөлігі әлсіз радиоактивтілігіне байланысты ұзақ мерзімді сақтауға арналып, арнайы үйінділерге жиналады. Мұндай радиоактивтілік оның құрамындағы табиғи радионуклидтер мен олардың туынды изотоптарының болуымен түсіндіріледі. Фосфогипсты үйінділерде сақтау мен олардың жыл санап ұлғаюы қоғамда түрлі пікір тудырып келеді. Алайда қазіргі таңда фосфогипсты экономикалық тұрғыдан тиімді қайта өңдейтін технологиялар жоқтың қасы.

Осы жағдайды ескере отырып, фосфогипсты ауылшаруашылығында, оның ішінде топырақтың физикалық-химиялық қасиеттерін жақсартуда пайдалану мәселесі ерекше маңызға ие болып отыр. Бұл бағытта жүргізілетін ғылыми ізденістер мен тәжірибелік жұмыстар табиғатты қорғау, жер ресурстарын тиімді игеру және экономикалық дамуға жол ашатын маңызды бастама саналады. Фосфогипс қалдықтарын кәдеге жарату жобасы болашақта ауылшаруашылығын дамытуға серпін беріп қана қоймай, Арал өңірінің экологиялық мәселелерін шешуге де өз үлесін қоса алады.

Мұндай экологиялық ахуал дүниежүзінің көптеген елдерінде де кездеседі. Мәселен, АҚШ-тың Флорида штатында фосфогипс үйінділерінің көлемі бір миллиард тоннадан асып кеткен, жыл сайын тағы 36 миллион тоннаға толыға түседі. Соған қарамастан, бірқатар елдерде фосфогипс сортаң және тұзданған топырақтардың құнарлылығын арттыру үшін тыңайтқыш ретінде баяғыдан-ақ қолданылып келеді. Демек, фосфогипстың табиғатқа зиянын азайтып қана қоймай, оны ауылшаруашылығына тиімді жұмсау – бүгінгі күннің өзекті мәселесі.

Осы мақсатта жақында Тараз қаласында «Арал теңізінің құрғаған табанындағы фитолесомелиорация жұмыстарында фосфогипсті қолдану мүмкіндіктерін ғылыми негіздеу» тақырыбында маңызды семинар өтті. Семинарды халықаралық Аралды құтқару қорының Қазақстандағы атқарушы дирекциясы ұйымдастырды. Жоба бастамашыларының айтуынша, аталған бастаманың еліміздің оңтүстігіндегі ауылшаруашылығының өзекті мәселелерін шешуге, қоршаған ортаны сауықтыруға және өңір экономикасын дамытуға ықпалы зор. Жоба Тараз, Түркістан және Қызылорда қалаларында жүзеге асырылуда.

Өзекті мәселелер талқыланған семинарға облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Болатбек Құлекеев, «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілдері, Қазақ сушаруашылығы ғылыми зерттеу институтының, Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының ғалымдары, сондай-ақ Орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі Арал мемлекеттік мекемесінің мамандары қатысты.

Аталмыш семинар Арал теңізінің құрғаған табанындағы топырақтан тұздарды өсімдік арқылы шығару үдерісінде фосфогипсті қолдану мүмкіндігін ғылыми тұрғыда дәлелдеуге бағытталған зерттеу жұмысы аясында ұйымдастырылды. Халықаралық Аралды құтқару қорының Қазақстандағы атқарушы дирекциясының директоры Серікәлі Мұқатаевтың айтуынша, ғылыми талдаулар мен практикалық сынақтар Арал ауданының сортаң топырағын қалпына келтіруде жаңа тәсілдерді енгізуге жол ашпақ.

– Бүгінгі басқосуда тұзданған жерлерде фосфогипсты мелиорант ретінде қолданудың биологиялық тиімділігін бағалау және нақтылау мәселесі кеңнен талқыланды. Семинар кезінде фосфогипсты енгізудің ғылыми негізделген әдістемелері таныстырылып, оның құрғақ климат жағдайында тигізетін пайдасы мен әлеуеті көрсетілді. Сонымен қатар агрономдар, ғалымдар және өндіріс өкілдері арасындағы кәсіби байланыстарды нығайтуға да зор мүмкіншілік туды, – дейді С.Мұқатаев.

Фосфогипс қалдықтарын топырақты құнарландыру мүмкіндігін зерттеу үшін ғалымдар өңірімізде әдістемелерді саздақ және жеңіл саздақ топырақтарға бейімдеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр. Ал Түркістан облысында фосфогипсті сілтілігі жоғары сортаң жерлерде қолданса, Арал өңірінде құмды және жартылай құмды топырақтарда, ылғал тапшылығы жағдайындағы әсерін зерттеу көзделген.

Талқылау кезінде мамандар фосфогипсты мелиорант ретінде қолданудың өзіндік талаптары бар екенін атап өтті. Ол үшін құрамындағы табиғи радионуклидтердің радиациялық деңгейі санитарлық нормаларға сай болуы шарт. Сондай-ақ фосфогипс енгізу мөлшерін ғылыми тұрғыдан дәл анықтау үшін топыраққа агрохимиялық талдаулар жүргізу қажет. Топырақтың физикалық-механикалық қасиеттері мен химиялық құрамына тұрақты бақылау жүргізіліп, енгізілетін фосфогипс көлемінің мерзімділігі мен ғылыми тұрғыда есептелген нормалары нақты белгіленуге тиіс.

Семинарда әсіресе Қазақ сушаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері, ауылшаруашылығы ғылымдарының магистрі Александр Басмановтың маңызды ғылыми тұжырымдамалары көптің көңілінен шықты. Ғалымның айтуынша, жоба аясында Қазақ сушаруашылығы ғылыми-зерттеу институты фосфогипс енгізудің топырақ жамылғысына нақты қандай әсер ететінін анықтау мақсатында кешенді зерттеулер жүргізген.

– 2024-2025 жылдары Арал ауданының оңтүстік аумағы және Арал теңізінің құрғаған табанында орналасқан төрт сынақ учаскесіне бірнеше далалық зерттеу экспедициялары ұйымдастырылды. Мәселен, Қаратерең ауылынан 57 шақырым қашықтағы сортаң алқаптардың 0-20 сантиметрлік жоғарғы қабаты жеңіл және орташа сазды топырақтардан тұрады, ал төменгі қабаты ауыр гранулометриялық құрамдағы саздарға ауысады. Бұл аумақтар өте күшті тұзданған, химиялық құрамы жағынан сульфатты-хлоридті, әлсіз сілтілі және сілтілі типке жатады. Тұзды қабаттың орналасу тереңдігі бойынша бұл жерлер терең сортаңданған және терең тұзданған категорияға кіреді. Топырақты визуалды зерттеу нәтижесі фосфогипс енгізілгеннен кейін жоғарғы қабатта майда, оңай ыдырайтын түйіршіктер пайда болатынын көрсетті, – дейді А. Басманов.

Семинар барысында Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының ғалымдары мен Арал ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау мемлекеттік мекемесінің өкілдері де өздерінің ғылыми зерттеу нәтижелерімен бөлісіп, өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған ой-пікірлерін ортаға салды. Ғалымдардың сөзіне сүйенсек, Арал өңірінде жаңа жоба аясында алғашқы көшеттер отырғызыла бастаған. Арал орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі мен Халықаралық Аралды құтқару қорының Қазақстандағы атқарушы дирекциясы бірлесіп теңіз табанының 3 гектар аумағына галафитті өсімдіктер отырғызу жобасын іске асыруда. Жоба биыл 22 қаңтарда басталған. Сол күні Халықаралық Аралды құтқару қоры мемлекеттік орман қоры жерінен 500 гектар және 1 гектар аумақты уақытша пайдалану құқығын алып, орман билетін рәсімдепті. Құжаттың мерзімі 31 желтоқсанға дейін жарамды болып бекітілген. Көп ұзамай, 12 наурызда тараптар арасында толыққанды келісімшарт жасалып, орман өсіруге арналған жобалық құжат дайындалған. Көшет отырғызу жұмыстары 29 наурызда басталды. Негізгі алқаптар Қаратерең ауылынан 60-65 шақырым қашықтықтағы «Оазис» деп аталатын аумақта орналасқан. Барлығы үш учаскеде сексеуіл, сарсазан және қарабарақ секілді шөлге төзімді өсімдіктер отырғызылыпты. Алдымен пилоттық учаскелерге фосфогипс шашылып, трактормен жырту және тырмалау арқылы ол топыраққа сіңірілген. Көшеттер тұқымбақтан қазылып алынып, гидрогель қосылған суға батырылып отырғызылған. Жоспар бойынша 3 гектар жерге барлығы 3 750 түп көшет егілген, яғни әр гектарға шамамен 1 250 түптен келеді. Дегенмен көктемгі ауа райының қолайсыздығы өз әсерін тигізбей қоймапты. Қатты жел мен температураның өзгеруі отырғызылған көшеттердің шығымдылығына кері әсер еткен. Осы себепті мамандар қосымша толықтыру жұмыстарын жүргізуді көздеп отыр.

Расында да фосфогипс өзінің құрамдық қасиеттерінің арқасында топырақтарды тыңайтуға таптырмас материал саналады. Топыраққа енгізілген кезде ол сіңіру кешеніндегі натрий иондарын ығыстырып, олардың орнын кальций иондарымен алмастырады. Соның нәтижесінде топырақтың физикалық және физика-химиялық қасиеттері айтарлықтай жақсарады, жыртуға қолайлы күйге түседі, ауа алмасуы жеңілдейді. Мамандар сонымен қатар фосфогипстың қолжетімді, бағасы арзан, әсері ұзақ мерзімге сақталады және экологиялық тұрғыдан қауіпсіз екенін де ерекше атап өтеді. Әдетте оны гектарына 4-25 тонна мөлшерінде, әр бес-алты жыл сайын қолдану ұсынылады. Дегенмен нақты норма топырақтың типі мен тұздану деңгейіне қарай агрохимиялық талдау негізінде белгіленуі тиіс.

Ғалымдардың пікірінше, фосфогипс топырақ құрылымы мен химиялық құрамын оңтайландыруда тиімді әрі шығынды аз талап ететін құрал. Дұрыс қолданылған жағдайда ол топырақты жақсартушы мелиорант ретінде ғана емес, құнды мезоэлементтердің көзі ретінде де қызмет ете алады. Ең бастысы – оны ғылыми негізде, агрохимиялық талдау нәтижелеріне сүйене отырып пайдалану.

Бұл бағытта жеке тәжірибелер де назар аудартады. Мәселен, Жамбыл ауданында 90-жылдары жер телімін алған бір тұрғын учаскесінің сортаң екенін білген соң, бір жүк көлігіне фосфогипс алдыртып, жердің барлығына біркелкі шашып шыққан. Соның арқасында бұрын сортаң болған аумақта қазір жеміс ағаштары жайқалып өсіп, алып асқабақтар шығып, жыл сайын картоп, қияр, қызанақ мол өнім берген. Демек фосфогипс қалдықтары тұзды жерден зардап шегіп отырған Арал өңірінің тамырына қайта қан жүгіртіп, жасыл желекті аймаққа айналыра алуы әбден мүмкін.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар