Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Сертіне берік Серғазы

Сертіне берік Серғазы
Автор
Жамбыл облысы – елі үшін жанын беруге дайын тұратын талай батырларды тудырған өңір. Сондай батыл ұлдардың бірі – азаматтық қорғаныс саласында тер төгіп жүрген жас құтқарушы Серғазы Әбдіқадыр.

Осы бір жанкешті жандардың сапына бес жыл бұрын қосылған Серғазы Қорабайұлы жас та болса табандылығымен, ептілігімен көзге түскен маман. Ол бес жыл ішінде қатардағы маманнан Төтенше жағдайлар министрлігі республикалық жедел-құтқару жасағының бас құтқарушысы дәрежесіне дейін көтерілген.

Құтқарушы 1997 жылы Шу қаласында дүниеге келкен. Мектепті сонда тәмамдап, 17 жасында Алматыдағы Мұхамеджан Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясына «Электроэнергетика» мамандығына түседі.

– Шынымды айтсам әкемнің айтуымен осы мамандық бойынша білім алдым. Оқуға түсетін кезде әкем «Қай жақта адам бар, сол жақта тоқ бар, наныңды табасың» деп ақыл-кеңесін айтты.

Студент кезімде тауға жиі шығатынмын. Іштей болашақ жұмысымды осы таумен байланыстырғым келетін. 2018 жылы Ресейдің Омбы қаласына студенттерді алмасу бағдарламасы бойынша іріктеліп, онда 6 ай оқыдым. Сонда оқып жүргенде «Күрең берет» киюді мақсат еттім. Ұлттық ұланда «Күрең берет» киетін арнайы жасақ бар. Солардың қатарына қалай кірсем деп ойлана бастадым, – деген ол білімін жетілдіріп жүргенде алдында екі таңдау тұрғанын айтады.

Бірі – тағы да оқуға түсу. Екіншісі – Отан алдындағы борышын өтеу. Серғазы тіпті Алматыдағы Тұран университетіне барып, туризм мамандығына құжат тапсырып, емтиханнан өтіп қойған. Сол сәтте әскерден шақырту келді. Сонымен не керек ойлана келе екінші таңдауға тоқтап, әскерге аттанады.

– Қарағандыдағы №52859 азаматтық қорғау полкінде әскери борышымды өтедім. Азаматтық қорғау полкі қарапайым тілмен айтқанда екінші Төтенше жағдайлар министрлігі сияқты. Сонда рота командирінен республикалық жедел құтқару жасағы бар екенін білдім. Ол кісі сол жасақтың суға да түсіп, тауға да шығып, түрлі жағдайда қызмет ететінін айтып, қызықтырып жіберді. Бір жылдан кейін әскерден келіп, осы республикалық жедел құтқару жасағына (РЖҚЖ) құжат тапсырдым.

Бастапқыда бәріміз тағылымдамадан өтуші болып келеміз. Үш айдан кейін құтқарушы болу үшін аттестациядан өтеміз. Онда альпинизм, суға түсу, түрлі құтқару құралдарын, оның ішінде жол апатына түскен көліктің ішінде қалған адамды шығаруға арналған гидравликалық құралдарды қолдана білу, адамның жүрегі тоқтап қалса, қол-аяғы сынса, күйіп, үсіп қалса алғашқы көмек көрсете алу сынды емтихандарды тапсырамыз. Аттестациядан өткеннен кейін құтқарушы ретінде кезекшілікке түсіп, жұмысымызды бастаймыз. Жыл сайын медициналық тексеруден өтеміз. Денсаулығымызды қатаң түрде қадағалап отырады.

Санатымызды жоғарылату үшін үш жылда бір рет аттестациядан өтеміз. Мен де үш жылдан кейін бас құтқарушы дәрежесін алдым, – дейді маман.

Республикалық жедел құтқару жасағында 4 бөлімше бар екен. Олар күні-түні кезекшілік етеді. Жаз кезінде жүктеме көбейеді. Республикалық жасақ болғандықтан, тек Алматымен шектелмейді, облыстарға да, шет елдерге де шығады. Серғазы альпинист, сүңгуір және газ-түтіннен қорғаушы біліктіліктерін меңгерген.

Мақтанып айтар жайт, жерлесіміз Серғазы Түркияда болған жойқын жер сілкінісінің салдарын жоюға барған ел құтқарушыларының қатарында болған. Түркияда қуатты жер сілкінісі болғанда Қазақстаннан 33 құтқарушы аттаныпты. Зілзала зардаптарын жоюдағы алғашқы тәжірибесі де осы болған.

– 33 адамды сегіз сағаттан үш топқа бөлді. Сегіз сағат объектіде жұмыс істейміз, сегіз сағат көмекші боламыз, сегіз сағат демаламыз. Газиантеп пен Кахраманмарашта жұмыс істедік. Үйіндінің астынан адам іздедік. Басшыларымыз аудармашы арқылы үйлердің жоспарын, қанша адам тұрғанын сұрайды. Екі аптада қазақстандық құтқарушылар тірі қалған 5 адамды тауып, шығардық. 88 мәйіт таптым. Сол кезде қазақстандық құтқарушылардың деңгейі әлдеқайда жоғары екеніне көзім жетті, – дейді Серғазы Қорабайұлы.

Биыл жазда қазақ елі үшін де ауыр апат болды. Сорбұлақ көліне ұшақ құлап, экипаж қаза тапты. Ол кезде де құтқарушылар қолдарынан келгеннің бәрін жасады.

– Көл өте үлкен екен. Ештеңе көрінбейді. Лай су болғандықтан иісі де бар, денсаулыққа зиян. Бірақ иісі бар деп қарап тұра алмайсың, өзіңе жүктелген міндетіңді атқарасың. Тікұшақты, оның бөлшектерін 15-18 метр тереңдіктен таптық. Мұндай жағдайда адамдарды кейде арқанға байлап, кейде өзің құшақтап шығарасың. Ал техниканы арқанға байлап, тікұшақпен алып шығып, әрі қарай сараптамаға жібереді. Сорбұлақта да Қорғаныс министрлігінің құтқарушыларымен бірлесе отырып, солай жұмыс істедік.

Шынымды айсам, кезекшілікке түскенде ешкім жоғалмаса екен, аман болса екен деп тілейміз. Дегенмен де мұндай жағдайлардан ешкім сақтандырылмаған. Бір тәулік ұйықтамай, демалыссыз жұмыс істейтін кездеріміз болады, – дейді С.Әбдіқадыр.

Кейіпкеріміз кызметтен тыс уақытта спортпен белсенді түрде айналысып, түрлі жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетіп жүр.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар