Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Арбакеш – арланатын жұмыс емес

Арбакеш – арланатын жұмыс емес
UGC
Күнкөрістің қамы үшін арба сүйреп, ауыр жүк тасып жүрген жұмысшы мамандардың бір сәтке де дамыл таппайтын еңбегінің артында қаншама тағдыр, өзіне ғана аян шындығы бар. Көзге көп түсе бермейтін осы қарапайым еңбек адамдарының өмірі біз ойлағаннан да күрделі. Бүгінгі мақаламыз осындай еңбеккеш азаматтың бірі Мақсат Нұрқожаұлына арналмақ.

35 жастағы Мақсат есімді кейіпкеріміздің «Ауыл – Береке» базарында жұмыс істеп жүргеніне 5 жылға жуықтапты. Қытайдағы қазақ ауылынан 2 000 жылы көшіп келіп, 10 жасынан еңбекке араласа бастаған. Орыс тіліне шорқақтығы атамекенге келгенде бірқатар қиындықтар туындатыпты. Соның салдарынан жұмысқа орналасу да, білім алу да оңайға соқпаған. Мұнымен қоса тағдыр тауқыметі көп тірлікке қолбайлау болып, тұла бойына тартыншақтықты де үйреткен сыңайлы.

– Елге ес жинап қалған шақта көшіп келдік. Анам жұмысқа жарамсыз болды. Екі қарындасым кішкентай еді. Алғашында Құлан ауылында тұрдық. Сол аудандағы базарда анам пісірген түрлі тоқаштарды сатып жүрдім. Адамдардың сөмкесін көтерісіп, сатушылардың заттарын түсірісіп, оған арзымайтын тиын алсам да жұмыс істеуді тоқтатпадым. 5 жыл бойы күн көру үшін түрлі жұмыс істедім.

Кейін Қордай ауданына көшіп бардық. Бұл ауданда егіншаруашылығы жақсы дамыған екен. Жиын-терін кезінде жатпай-тұрмай қара жұмыс істегенімнің арқасында ақшаның басы құрала бастады. 2 жыл ішінде мал-мүлік жинап алдым. Араға аз уақыт салып, жер алып, үй соқтым.

Бір күні екі вагон цемент түсіру керек болды. 5 жігіт жабылып жүріп, бірінші вагондағы цементті тез-ақ түсіріп тастадық. Кейін екі жігіт шұғыл шаруаларымен үйлеріне қайтып, үшеуміз қалдық. Ерте бітіп, келесі жұмысқа кету мақсатында әрқайсысы 50 келіден асатын қапты екеуден көтеруді ойладым. Екі рет апарып, үшіншісін көтеріп келе жатқанымда белім кілт ете қалды. Қапты көтерген бойы құладым. Белім орнымнан тұрғызбай, оң қолымның білезік тұсы сынып, жатып қалдым. Кейін дәрігерлер ауыр көтеруге болмайтынын айтты. Қолым да қисық бітіп кетті. Осылайша ауыр жұмысқа жарамай қалдым. Дегенмен қол қусырып отыруға болмайды. Сол себепті базарға шығып жұмыс қарадым. Ұсынған жұмыстардың ішіндегі ең жеңілі арба айдау болды, – деген кейіпкеріміз өткен шақты ойлап бір күрсініп алды да әрі қарай әңгімесін жалғастырды.

Кейіпкеріміздің айтуынша, түрлі қиын кезең осы кезде басталыпты.

– Қордайдағы базарда ұзақ уақыт жұмыс істемедім. Шынын айтқанда тыныш қана еңбек етуге мүмкіндік бермеді. Базар басшысының інісі бізге арба бергені үшін алғашында 500 теңге, кейін 1000 теңге алатын болды. Күніне 2-3 мың тапсақ мың теңгесін соған беріп жүрдік. Әлгі жігіт бара-бара ойына келгенін істеді. «Түске дейін 1 000 теңге бер, бермесең арба айдайтындар жетеді» деп дүрсе қоя беретінді шығарды. Амалдың жоғынан тапқан-таянғанымыздың тең жартысын соған беретін болдық. Сол себепті ауылдағы үйді сатып, Меркіге көшіп кеттік. Ол жақта да базарда жұмыс істеп, арба айдадым. Сөйтіп жүріп ақырында Таразға келдік.

Жоғарыда айтқанымдай, «Ауыл – Береке» базарында жүргеніме 5 жылға жуықтады. Базар үлкен болғандықтан табысым да арта түсті. Басында арбаны жалға алушы едік. Кейін өзім біреуін сатып алдым.

Таңертең сағат 6 болмай келемін. Саудагерлерге көмектесіп, заттарын түсірісемін. Таң азанмен базардың артқы жағына жеміс-жидек пен көкөністер келеді. Соларды түсіруге, базар ішіне тасуға көмектесемін. Әрине тегін жасамаймын. Оған да ақша төлейді. Одан кейін киім сатушылар келеді. Олардың сөмкелері жеңіл болмайды. Сол үшін олар ақшаны сәл көптеу төлейді. Базар іші болса 300 теңгеге, сырт жағы, әрі зат көп болса 500 теңгеге апарамын, – дейді Мақсат Нұрқожаұлы.

Әрине, таңнан кешке дейін арба сүйреп, нәпақасын тауып жүрген жандарды нағыз еңбек адамдары демеске болмайды. Дегенмен кей азаматтардың арбакештерге мұрын шүйіре қарайтыны да жасырын емес. Бірақ арбакеш болу – арланатын жұмыс емес. Осы ретте «Ауыл – Береке» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Талғат Дүйсеновпен де тілдесіп, базардағы арбакештердің тыныс-тіршілігі жайлы сұрадық.

– Базарда ересек адамдармен қатар кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдердің де арба сүйреп жүргеніне талай мәрте куә болдым. Олармен тілдесіп те көрдім. Көбі отбасында еңбекке қабілетті басқа адам жоқ екенін, ата-анасына көмек ретінде арба сүйреуге мәжбүр болып жүргенін айтады. Дегенмен барлығына бірдей аяушылық танытып, жұмысын істеп жүре берсін деп қарау да қателік. Себебі ересектерін «Мансап» орталығына жұмыссыз ретінде тіркетіп, кәмелеттік жасқа толмағандардың білім алуына көмек көрсету де керек сыңайлы.

Сонымен қатар құқық қорғау органдары қызметкерлерінің де жұмыстары кей кездері көңілге қонымсыз болады. Себебі олар әлгі кәмелеттік жасқа толмаған, арба сүйреп ақша тауып жүрген балаларды ұстап, ата-анасына бірден айыппұл салады. Өздері күнін әрең көріп отырған отбасыларға мұндай айыппұл одан сайын соққы болып тиері сөзсіз. Сол себепті осындай сәтте құқық қорғау органдарының қызметкерлері баланың тұрмыстық жағдайы мен мәселесінің мән-жайымен танысып, психологтың көмегі арқылы түсіндірме жұмыстарын жүргізу керек деп ойлаймын.

Сондай-ақ арба сүйреп жүрген азаматтардың да осы жұмыстарына әбден үйреніп қалған. Бірнеше мәрте мен оларға базар ішінен өзге жұмыстарды ұсынып көргенмін. Олар айлықты азсынып, келіспеді. Нақтысын айтқанда қазақ жігіттерінің әркімнің затын тасып, арба сүйреп жүрмей, өз-өзін қамшылап, жақсы жұмысқа ұмтылғанын қалаймын, – дейді Талғат Әбдүмүтәліпұлы.

Қалай десек те күннің ыстығы мен суығына қарамай қара жұмыс істеп, адал табыс тауып жүрген арба айдаушылардың еңбегін бағалау, құрметпен қатар адамдық парыз.

 

Мұқағали БАЛТАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар