Орталықтағы қолөнер үйірмесіне қатысатын қыздар кесте тігу, тоқыма тоқу, ұлттық әшекей мен бұйымдар жасау секілді өнер түрлерін меңгеріп, ата-баба мұрасын жаңғыртуға атсалысып келеді. Бұл сабақтар олардың эстетикалық талғамын қалыптастырып, шыдамдылық пен ұқыптылыққа баулиды. Ал аспаздық үйірмесінде қыздар қазақтың ұлттық тағамдарын әзірлеудің қыр-сырын үйреніп, тұрмыстық дағдыларын жетілдіреді. Өнерге жақын қыздар би, вокал және домбыра үйірмелеріне қатысып, шығармашылық қабілеттерін дамытып жүр. Рухани даму бағытындағы тренингтер мен психологиялық сабақтар қыздардың ішкі жандүниесін тануға, өзіне деген құрмет пен сенімін қалыптастыруға бағытталған.
Одан бөлек, орталықта кітап оқу мәдениетін дамытуға арналған әдеби клуб та жұмыс істейді. Бұл клубта қыздар әртүрлі шығармаларды талқылап, пікір алмасу арқылы ой-өрісін кеңейтеді.
Сән және эстетика бағытындағы үйірмелер қыздардың өзін-өзі күту мәдениетін қалыптастырып, өз стилін табуға көмектеседі. Мұндай сабақтар олардың жинақылық пен ұқыптылыққа деген көзқарасын нығайтады. Орталықта жиі өткізілетін шеберлік сабақтары қыздарға жаңа нәрселер үйренуге мүмкіндік береді. Әртүрлі саланың мамандары шақырылып, тәжірибелерімен бөліседі. Сондай-ақ мәдени және тәрбиелік іс-шаралар қыздардың әлеуметпен еркін араласуына жол ашады.
Орталықтың жылы атмосферасы, жан-жақты қолдауы және қамқорлығы бұрымдылардың толық қалыптасуына едәуір әсер етеді. Мұнда алған білім мен тәрбие олардың саналы, мәдениетті, жан-жақты нағыз әйел болып қалыптасуына берік негіз бола алады.
Осы орайда ісмерлігін қыз-келіншектерге үйретіп, көктегі күнді кестеге, төстегі гүлді кеудеге қондыра білген «Бойтұмар» қолөнер және дизаин үйірмесінің жетекшісі Жазира Жолдыбайқызымен жолыққан едік.
КӨКТЕГІ КҮНДІ КЕСТЕГЕ ҚОНДЫРҒАН
Жазира орталықта 2023 жылдан бері еңбек етіп келеді. Осы уақыт аралығында үйірмеге 300-ге жуық қыз-келіншек қатысып, толық аяқтап шыққан.
– Жалпы тігін, қолөнермен бала күнімнен айналыстым. Анам айтулы тігінші болғандықтан, сол кісіге еліктеп жүріп жетілдім. Қыз балаларға арналған әшекей бұйымдарды жасау барысында әрбір тоғысқан түйіннің тағдыры, әрбір мөлдір моншақтың өз орны бар екенін терең ұғындым. Ал қазақтың әрбір оюында ұлттық рух пен терең мағына бар екенін білемін. Қызыл-жасыл моншақтардан түрлі ыдыс, сандық, қобдиша, гүл, тіпті сөмкелер тоқысам, маталардан кез келген киімді тігіп ала қоямын.
Отбасылық құндылықтарды насихаттап, әйел мен ананың қоғамдағы рөлін дәріптейтін ерекше рухани орталықта еңбек етіп жүргеніме қуанамын. Бұл үйірме тігін тігудің қыр-сырын үйретумен қатар, әйелдердің өзіне деген сенімділігін арттырып, қолөнер арқылы өзін дамытатын ортаға айналды. Әр қатысушының жетістігі мен үшін үлкен қуаныш, әрі шабыт, – деді Ж.Жолдыбайқызы.
Иә, қолөнерші ұстаздың шәкірттерімен бірігіп жасаған бұйымдары қабырғадағы сөреде қаздай тізіліп, бөлме ішін нұрландырып тұр. Қатты жіптен өріліп жасалған алуан түсті моншақ гүлдер қырдың қызыл қызғалдағындай жайқалады. Одан әріде іші толған әшекеймен безендірілген себеттер де той кәдесіне жарайтын заманауи стильде өріліпті. Түрлі оюлы қамзолдар мен зерлі тақиялар, құмыралар мен сөмкелер де көздің жауын алады. Жазираның жетекшілігімен үйірмеден тәлім алған қыз-келіншектердің қол ептілігі кез келген дүниені жайнатып жіберетіні байқалады.
ЗАМАНАУИ ӘЙЕЛГЕ ҚАЖЕТ МАМАНДЫҚТЫ МЕҢГЕРДІМ
Қазіргі таңда әйелдер мен қыздардың арасында маникюр қызметі сұранысқа ие. Кез келген әйел заты тырнағын әсем, жинақы етіп әрлегенді ұнатады. Заман талабына сай мекемеде тырнақ әрлеу, яғни маникюр курсы да ашылған. Маникюр жасаудың қыр-сырын курсқа жазылушыларға Ғазиза Сүгірбаева үйретіп жүр. Кейіпкеріміздің негізгі мамандығы – мұғалім. Үшінші баласын босанып, бала күтімімен үйде отырғанда қосымша табыс тапқысы келіпті. Айтуынша, ойға алған ісін жүзеге асырғанша тыным таппаған.
– Бірде «Арнайы курстарды оқып, бос уақытта үйде жұмыс істеп көрсем қалай болар екен?» деген ой келді. Бірақ оқуға мүмкіндік болмай, кейінге ысырылып қала берді. Жолдасым да бала тәрбиесімен үйде отырғанымды қалады. Араға біраз уақыт салып таныстарымнан жұмыспен қамту орталығынан тегін курстан өту үшін жолдама алуға болатынын естіп, қуанып кеттім.
Балаларымның сабағы аяқталып, жазғы демалысқа шыққан кезі еді. Жұмыспен қамту орталығына барып, қандай курс болса да оқып, өзімді дамытқым келді. Орталыққа барып, барлығын сұрастырдым. Ондағы мамандар 2-3 мамандық бойынша оқуға болатынын айтты. Соның ішінде маникюр курсына орын бар екенін біліп, жазылып қойдым. Сол жерде 1 айлық курстан өтіп, тәжірибе жинадым. Сонымен қатар маған стипендия да берілді.
Қолым жаттығып, тырнақ әрлеуді тәп-тәуір меңгерген маманға айналған соң «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығына жұмысқа қабылдандым. Бүгінгі таңда қыз-келіншектерге білгенімді үйретіп жүрмін. Курсты оқып, тәмамдаған әйелдер ары қарай өздері де бір іс бастағанын айтып, хабарласып жатады. Орталықта білім алған шәкірттерім түрлі сұлулық салондарында жұмыс істеп, табыс тауып жүр.
Негізі қарапайым ғана тырнақтар шын маманға кезіккенде трапеция, овал, сопақ сынды әртүрлі пішінге түсіп, әртүрлі түске боялады. Одан бөлек титтей тырнаққа түрлі дала гүлі, қызғалдақтардың суреті салынып, құлпырып кетеді. Қыз-келіншектердің қалауына сай түрлі заманауи суреттер салынып, жылтыр тастармен көмкерілгенде тіпті саусағыңа сыр бүгіп, әлемді алақаныңа көшіріп алғандай әсерде боласың.
Қазіргі әйелдерге ең қажет, ең заманауи стильдегі үйірмелердің орталықта тегін оқытылып жатқаны, әрі сол маман өзің екені есіңе түскенде ақылы оқуға қаражаты жете бермейтін бұрымдыларды осылай демеуге мүмкіндік алғаныма қуанамын, – дейді тырнақ әрлеу шебері.
«Ұстаздан шәкірт озады» демекші, орталықтағы үйірмеге қатысып, шеберлігі шыңдалған қыз-келіншектердің барлығы дерлік сұлулық салонында жұмыс істеп жүр.
ДӘМДІ ТАҒАМ ДАЙЫНДАУ – ЕҢ ҮЛКЕН ЖЕТІСТІГІМ
Келесі кезекте орталықтың «Береке» студиясына бас сұқтық. Студиядан аңқып шыққан дәмді де тәтті қош иіс тәбетті ашып жіберетіндей. Мұнда аспаз Самал Қыдырбекова түрлі тағам дайындап, қыз-келіншектерге ақ дастарқанды түрлендірудің сан тәсілін үйретеді.
– Бала кезімнен тағам дайындау ең сүйікті ісімнің бірі екенін түсіндім. Балқаш қаласының маңында дүниеге келгендіктен балықтан да түрлі дәм дайындай аламын. Сол өлкенің кең даласы, көгілдір жағалауы маған ерекше күш пен шабыт сыйлайтын. Балқаштың жарқыраған суына әрбір қараған сайын бойымда бір тыныштық оянып, сонымен бірге тәттірек, дәмдірек, жаныма жақынырақ ерекші дәмді дүниелер жасағым келе беретін.
Алғашқы ұстазым – анам. Ол кісі тағамның тек дәмін ғана емес, оның мәнін, қадірін үйретті. Әр табақтың өз сыры, әр тағамның әзірлеу дәстүрі бар екенін ұқтырды. Қазір біз әзірлеп жүрген әр тағамда сол балалық шақта көрген-білгеніміздің бедері, туған жердің бойға сіңірген тәжірибесі бар.
Тағам дайындау – нағыз өнер. Әр тағам шебер қолды, сабырды, ыстық пейілді талап етеді. Қазақтың дастарқаны қонақжайлылықтың, кеңдіктің белгісі. Сол дәстүрдің жалғасы болғым келді. Сондықтан әрбір тағамды жүрегіммен, мейіріммен, жауапкершілікпен әзірлеймін. Сондықтан шәкірттеріме де тек қана тамақ пісіруді ғана емес, тағамға мінез қосуды үйреткім келеді. Өйткені әр тағамның өзіне тән болмысы бар. Аспазшы осыны сезінуші адам, – дейді аспаз.
Орталықтың басты құндылығы сан алуан үйірмеге қатысқан арулардың қабілетін ашып, болашаққа нық қадам басуына мүмкіндік туғызу. Сондықтан бұл орта өнерді қадірлеп, талантты қолдап, рухани байлыққа бастайтын ерекше мекенге айналып отыр.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ



