Осы жылдың көрсеткіштеріне зер салсақ, бұл бағыттағы жұмыстар өз нәтижесін беріп келеді. Мысалы, жалпы жасөспірімдер қылмысы 9,7 пайызға төмендеді. Бұл көрсеткіш жүргізілген жұмыс нәтижесінің арқасында өңірдегі жасөспірімдердің арасында қылмыс жасаудан аулақ болуға дағдыланып келе жатқандар саны артқанын, олардың ата-аналары үлкен күйзеліс пен уайымнан аман қалғанын білдіреді. Егер жастықтың буы немесе басқа да себептермен қандай да бір жасөспірім қателік жасаса, оның ата-анасы, айналасындағы жанашырлары да жапа шегеді. Сондықтан осындай көрсеткіштің төмендеуіне себеп болатын жұмыстар қоғамда саябыр таппауы тиіс. Қазіргі таңда аса ауыр қылмыстар саны да 87,5 пайызға азайды. Орташа ауырлықтағы қылмыстар да 21,4 пайызға төмендеп отыр. Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру 33,3 пайызға кеміді. Бұзақылық – 28,6 пайызға қысқарды. Өңірде бір де бір кәмелетке толмағандарды қылмысқа тарту деректерінің тіркелмеуі шынында да қуанышты жағдай. Бұл бағытта ұстаздар да, психологтар да, ата-аналар да, полиция да өте мұқият жұмыс істеп келеді деуге болады. Сол секілді ұрлықтың 14,3 пайызға азаюы балалардың бос уақытын дұрыс ұйымдастыру, мектептермен байланыс, ата-аналармен түсіндіру жұмыстарының тиімді жүргізіліп жатқанын көрсетеді. Біз жүргізіп отырған профилактикалық жұмыстардың бүгінде аясы біртіндеп кеңейіп келеді. Тарқатып айтсақ, жыл басынан бері 2 424 рейд өткіздік. Рейд барысында жасөспірімдердің әрекетін бақылау, олармен кездесу, заңды түсіндіру, әңгімелесу, жағдайды көру, саралау, әр отбасына жеке назар аудару секілді іс-шаралар кезінде 12 285 ата-ана мен басқа да ересек тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Атап айтсақ, ата-аналық міндетін дұрыс орындамағаны үшін – 1 192 адам, кәмелетке толмағандарды ойын-сауық орындарына кіргізгені үшін – 217 азамат, бұзақылық жасағаны үшін – 245 жасөспірім, түнгі уақытта балаларын қараусыз жібергені үшін – 7 174 тұрғын жауапқа тартылды. Жағдайды сараласақ, бір отбасында ата-ананың жұмыстан қолы тимеген, тағы бірінің тарапынан бақылау болмаған. Сол себепті адамды жазалаудан бұрын алдымен ескерту беру, түсіндіру, қылмысты болдырмау жұмысын жүргізу назарға алынады.
Қазіргі уақытта облыс бойынша 279 қолайсыз отбасы мен 415 жасөспірім есепке қойылып отыр. Олар біздің ерекше бақылауымызда тұрған балалар. Сондықтан да мұндай балаларды психологтармен кездестіріп, әлеуметтік педагогтармен де тиімді жұмыс жүргіземіз, учаскелік инспекторлар да үнемі жағдайын бақылап отырады. Өйткені осы балалардың әрқайсысы ертеңгі күні елдің тірегі болатын азаматтар. Сол себеті оларға дер кезінде қолдау көрсетілмесе, жаман жолға түсуін ары қарай да жалғастыра беруі мүмкін.
Десек те бауырынан өрбіген баланың тағдырына немкеттілікпен қарайтын ата-аналар да бар екенін жасырмауымыз керек. Ал оларға заң аясында шара қолданылады. Бұл ретте 63 ата-анаға қатысты ата-ана құқығынан айыру немесе шектеу туралы шешім қабылданды. Бұл, шынын айтқанда, баласының тағдырына алаңдамайтын, өздері де кісілік келбетінен ажырай бастағандарға амал жоқ қолданылатын соңғы шара. Полиция ешқашан бас-көз жоқ ата-ананы құқығынан айыруға күш салмайды. Бұған дейін талай рет ескерту беру, түсіндіру жұмысын жүргізу, кешірім жасау секілді барлық мүмкіндікті қарастыру шаралары қолданылады. Бірақ кей жағдайда баланың қауіпсіздігі үшін осындай шешімді қабылдауға тура келеді. 19 жасөспірім арнайы оқу-тәрбие мекемесіне жіберілді. Олар жағдайы ерекше бақылауды қажет ететін балалар. Сол жерде оларға тәрбие, білім беріліп, психологиялық көмек көрсетіледі.
Жыл бойы жасөспірімдерге арналған 7 221 лекция мен әңгіме өткіздік. Әр мектепке, әр сыныпқа кіріп, тікелей балалармен сөйлесу, көзбе-көз түсіндіру, проблемаларын тыңдау жұмыстары жүргізілді. 814 ата-аналар жиналысы болды. Бұл жерде біз ата-аналарға баламен қарым-қатынастың маңызын, интернет қауіпсіздігін, түнгі уақыттағы бақылаудың мәнін, құмар ойындардың зардабын, мектеп пен полицияның байланысы сияқты тақырыптарды түсіндірдік. 218 «дөңгелек үстел» отырысы өткізілсе, бұл ретте педагогтар, әлеуметтік қызметкерлер, психологтар, мемлекеттік мекемелердің өкілдері бірігіп, жасөспірімдерге қатысты ортақ мәселелерді талқыладық.
Біз үшін ең басты мақсат – әрбір баланың қауіпсіздігі. Көшеде болсын, мектепте болсын, үйде болсын бала өзіне қауіп төнбейтін ортада өмір сүруі қажет. Бұл заң аясында атқарылар іс әрі қоғам талабынан туындаған жайт. Балалар дұрыс тәрбие алса, қоғам тыныш болады. Олар білім алса, елдің болашағы жарқын. Олар қателік жасамаса, отбасыларда жанжал болмайды. Міне, сондықтан жасөспірімдердің қауіпсіздігіне бейжай қарауға болмайды.
Жоғарыда сөз еткен жиындардың бірін тілге тиек етсем, «Заң және тәртіп: жасөспірімдердің қауіпсіздігі» тақырыбындағы ата-аналар жиналысын айтуға болады. 14 қарашада Тараз қаласының прокуратурасымен бірлесе отырып, колледждердің бірінде ата-аналармен өткен жиынның маңызы зор болды.
Жиналыстың негізгі тақырыбы жасөспірімдердің қатысуымен жасалатын құқық бұзушылықтар, яғни буллинг, қорқыту, топтық төбелестер және басқа да құқыққа қарсы әрекеттерге арналды. Сол жерде ата-аналар мен балалардың жауапкершілігі сөз болды. Іс-шара барысында ата-аналарға кәмелетке толмағандардың әкімшілік және қылмыстық жауапкершілігі туралы заң талаптары түсіндірілді. Жиналыс ашық әрі мазмұнды форматта өтті. Ата-аналарға зорлық-зомбылыққа қарсы иммунитет қалыптастыру және жасөспірімнің айналасынан туындауы мүмкін қауіп-қатер белгілері туралы хабардарлықты арттыруға бағытталған профилактикалық бейнероликтер көрсетілді. Баланың мінез-құлқындағы өзгерістерге, атап айтқанда алаңдаушылық, тұйықтық, енжарлық немесе денесінде түсініксіз жайттардың болуы сияқты белгілерге назар аудару қажеттілігі баса айтылды. Жиналыс барысында ата-аналар көкейдегі сұрақтарын қойып, мамандардан нақты жауап алды.
Колледж әкімшілігі оқу орнының тіршілігіне белсенді араласып, балалардың тәрбиесіне үлес қосып жүрген ата-аналарды атын атады. Жалпы мұндай кездесулер отбасы, білім беру ұйымдары және құқық қорғау органдары арасындағы өзара байланысты нығайтып, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі мен құқықтық сауаттылығын арттыруға ықпал етеді. Сондықтан да біз осы бағыттағы жұмысты тоқтатпай жалғастыра береміз. Әрбір ата-анамен сөйлесеміз, әрбір мектеппен байланыста боламыз, әр балаға қолдау көрсетуге дайын екенімізді іс жүзінде көрсете береміз. Өйткені балалар жаман әдеттен, қылмыстан аулақ болса, қоғамның болашағы да баянды болады.
Азат Пірматов,
облыстық полиция департаментінің қоғамдық қауіпсіздік
басқармасына қарасты ювеналдық полиция тобының
ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы




