Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 1 қыркүйектен бастап ЖРВИ-дің 1 миллион 461 мың жағдайы тіркелген, бұл өткен маусымның ұқсас кезеңімен салыстырғанда 20 пайызға төмен. Науқастардың 66 пайызы 14 жасқа дейінгі балалар. Соңғы аптада республикада ЖРВИ-дің 183 мың жағдайы тіркелді, бұл өткен жылдың сәйкес аптасымен салыстырғанда 16 пайызға жоғары.
Эпидемиологиялық маусым басталғалы бері тұмаудың зертханалық тұрғыда расталған 590 жағдайы тіркелген. Сондай-ақ осы уақыт аралығында оқушылар арасында ЖРВИ-дің 6 мыңнан аса жағдайы тіркелген. ЖРВИ-мен ауыратын жалпы науқастар санының ішінде оқушылардың шамамен 4 пайызы ауырған.
«Көріп отырғанымыздай, вирустық аурулардың маусымы басталды. Денсаулық сақтау министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, көмекке жүгінген азаматтарға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын бақылауға алуды тапсырамын», – деген Үкімет басшысы қажет болған жағдайда стационарларда қосымша төсек-орын ашуға, жылжымалы мобильді бригадалардың жұмысын жандандыруға және дәріханаларда вирусқа қарсы препараттардың жеткілікті болуын қамтамасыз етуге дайын болуды тапесырды. Бақылау денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға жүктелді.
Маусымдық аурушаңдықтың артуы өңірлердегі медициналық ұйымдарға да елеулі жүктеме түсіріп отыр. Осыған орай облысымызда профилактикалық және ұйымдастырушылық іс-шаралар күшейтілуде. Мәселен облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек апта басында бірқатар аурухананы түнгі уақытта аралап, медициналық көмектің көрсетілу барысымен танысты.
Түнгі сағат 22:00 шамасында қала тынышталғанымен, жұқпалы аурулар ауруханасының қабылдау бөлімі әдеттегіден қарқынды жұмыс істеп жатты. Қабылдауға түскен пациенттерге алғашқы тексеру, сұрыптау және емдеу тактикасын анықтау жұмыстары үздіксіз жүргізілуде. Бұл – маусымдық тұмау мен ЖРВИ өршуінің айқын белгісі.
Басқарма басшысы қабылдау бөліміндегі науқастардың жағдайымен және көрсетіліп жатқан емдік шаралармен танысып, жеке бақылауды қажет ететін жүкті әйелдер палаталарына кіріп шықты.
Аурухананың жалпы қуаты 325 төсек-орынды құрайды. Оның 250-і балаларға, 75-і ересектерге арналған. Медициналық персонал тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс атқаруда. Соңғы тәулікте медициналық көмекке 217 адам жүгінсе, 87-сі стационарға жатқызылыпты. Ал 130 адамға амбулаторлық және консультациялық көмек көрсетіліп, әрі қарай тұрғылықты мекенжайы бойынша бақылауға жіберіліпті.
Сержан Назарбек аурухананың бас дәрігері Сағыныш Нұрғабыловаға қабылдау бөлімінің жүктемесін тиімді ұйымдастыру, медициналық көмектің сапасын арттыру, маусымдық инфекцияларға дайындықты күшейту және тәулік бойғы кезекшілікті нығайту бойынша бірқатар тапсырма берді.
Басқарма басшысы келесі кезекте облыстық балалар ауруханасына барды. Сержан Сәрсенбекұлы қабылдау бөлімінің жұмысымен, пациенттерді қабылдау және тексеру тәртібімен, кезекші дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлерінің қызметіне қанықты.
Балалар ауруханасының соматикалық блогы 250 төсек-орынға есептелген. Тәулігіне орта есеппен 350-365 бала медициналық көмекке жүгінсе, 60-90-ы стационарлық емдеуді қажет етеді.
Маусымдық инфекциялар бойынша науқастарды қабылдауға 215 төсек бөлінген. Қазіргі таңда ауруханада 241 бала ем қабылдап жатыр.
Жұқпалы аурулар бөлімі бастапқыда 127 төсекке арналған болса, маусымдық жүктеменің артуына байланысты қосымша 88 төсек ашылып, бөлімшенің қуаты едәуір күшейтіліпті.
Стационарлық емдеуді қажет етпейтін балаларға амбулаторлық ем тағайындалып, әрі қарай тұрғылықты жері бойынша бақылауға жіберілуде.
Басқарма басшысы аурухананың бас дәрігері Мәулім Қазиұлына қызмет сапасын арттыру, бөлімдер арасындағы байланысты жүйелі түрде қамтамасыз ету және пациенттерге көрсетілетін медициналық көмекті жетілдіру бойынша нақты тапсырмалар берді.
Маусымдық аурушаңдықтың артуы білім беру саласына да әсер етті. Тараз қаласында ЖРВИ-мен ауыратын балалар санының көбеюіне байланысты бірнеше мектеп уақытша қашықтан оқыту форматына көшірілді. 19-25 қараша аралығында Тараз қаласындағы №2, 10, 11, 18, 19, 26, 35, 52, 64 мектептер онлайн форматқа ауысты. Бұл шешім Тараз қаласы әкімдігі білім бөлімінің 2025 жылғы 18 қарашадағы №1971 бұйрығы негізінде қабылданды.
Осы ретте №2 Тараз қалалық емханасының жалпы тәжірибелік дәрігері Шұға Мүшбай тұмаудың алдын алу бойынша бірқатар кеңесін берді.
– Тұмау – жіті респираторлы вирустар тобына кіретін ауру. Ауа-тамшы жолымен тез таралатындықтан, профилактикалық шараларды сақтау өте маңызды. Алдын ала вакцина салдыру – тұмаудан қорғанудың ең тиімді тәсілі. Негізгі белгілері – дене қызуының 39 градусқа дейін және одан жоғары көтерілуі, бас ауруы, бұлшықет ауруы. Қоғамдық орындарда маска тағу, гигиенаны сақтау және ауру белгілері пайда болғанда өздігінен емделмей, дәрігерге жүгіну қажет, – дейді Ш.Мүшбай.
Маманның айтуынша, вакцинациядан бөлек, үй-жайды желдету, адамдар көп шоғырланатын орындарға баруды шектеу, дұрыс тамақтану мен иммунитетті нығайту – аурудың алдын алуда маңызды рөл атқарады.
Өңірде медициналық ұйымдар маусымдық тұмау мен ЖРВИ өршуіне байланысты күшейтілген режимде жұмыс жүргізіп жатыр. Дәрігерлердің үйлесімді қызметі, қосымша төсек-орындардың ашылуы және мектептердің уақытша қашықтан оқыту форматына ауысуы – індеттің таралуы мен асқынуын тежеуге бағытталған іс-қимылдар.
Айта кетейік, салауатты өмір салтын сақтау, уақытылы вакцина алу және алғашқы белгілер байқалғанда өз бетінше емделмей, бірден дәрігерге жүгіну – маусымдық вирустардан қорғанудың негізгі жолы болып қала береді.
Жалпы елімізде жаңа тұмау штамы тарап жатқан жоқ, эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Әсел Қыдырәлиеваның айтуынша, өтпелі маусымда вирустық инфекция жиілейді.
«Қазақстанда тұмау жыл сайын қараша айынан басталып, сәуір айының ортасына дейін созылады. Қазір маусымдық А тұмауы тарап жатыр. А тұмауы – жаңа вирус емес, бұрыннан белгілі маусымдық тұмаудың бір түрі. Дегенмен, ол халықтың әлсіз топтары үшін қауіпті. Қауіп тобына балалар, жүкті әйелдер және қант диабеті, жүрек-қан тамырлары, тыныс алу жолдарының аурулары бар адамдар кіреді. Мұндай кезде профилактика жүргізу өте маңызды, – дейді маман.
Айжан ӨЗБЕКОВА



