Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ел ырысын еселейтін ауқымды жобалар

Ел ырысын еселейтін ауқымды жобалар
А.Қартабай
Сейсенбі күні республикаға белгілі масс-медиа өкілдері өңірдегі бірқатар өндіріс орындарын аралады. Бұл күні журналистер қауымы Сарысу ауданында түркиялық ірі инвестор – «CoreX Holding» компаниясы жүзеге асырып жатқан «Qazaq Soda» жобасының жай-күйін зерделеуге мүмкіндік алды.

Жалпы аталған жоба Жамбыл жерінің әлеуетін арттырып, импортты алмастыруға бағытталған стратегиялық мәнге ие. Мұнда жылына 500 мың тонна кальцийленген сода өндірісін жолға қою көзделіп отырса, 2028 жылға қарай көрсеткіш 1 миллион тоннаға дейін ұлғаяды деп күтілуде. Ал жоба толықтай іске қосылғанда тұрақты 300 жұмыс орны ашылмақ. Бұдан бөлек зауыт бір мың азаматтың уақытша болса да «екі қолға бір күрек» табуына ықпал етеді деген жоспар бар.

«Qazaq Soda» серіктестігінің директоры Юсуф Джейланның айтуынша, бүгінгі таңда зауыт маңынан 100 отбасыға арналған шағын қалашық тұрғызылып жатыр. Қазірдің өзінде мұнда 50 адам қона жатып жұмыс істеуде.

– «CoreX Holding» компаниясы Қазақстан экономикасына 2 миллиард АҚШ долларынан аса инвестиция құйды. Ендігі жоспар – инвестиция көлемін 5 миллиард доллардан асыру және салаларды дамытуға үлес қосу. 2025 жылдың маусым айында Астана қаласында өткен «Орталық Азия – Қытай» іскерлік кеңесінің екінші отырысы аясында қытайлық САМСЕ компаниясымен қуаты 1 миллион тонна болатын зауыттың екінші кезеңін салу туралы келісімшартқа қол қойылды. Атап өту керек, металлургия, тамақ, тоқыма, химия өнеркәсібі мен тұрмыстық химия өндірісі салаларында кальцийленген сода өнімі кеңінен қолданылады. Ал өндірілетін өнімнің көлемі ішкі нарық қажеттілігін толық жабуға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда мұнда құрылыс-монтаж жұмыстарының дайындық деңгейі 68 пайызды құрайды. Әкімшілік және өндірістік ғимараттардың қасбеттерін салу толық аяқталса, жабдықтарды монтаждау жүріп жатыр. Ал құрылыс жұмыстары толықтай аяқталған кезде Саудакент, Тоғызкент пен Ақкөл секілді елді мекендердің тұрғындары тасымалданады, – деді серіктестік басшысы.

Сондай-ақ ол М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті мен Жаңатас қаласындағы өндірістік колледжбен екіжақты меморандумға қол қойылғанын да баса айтты. Сөзінше, алдағы уақытта аталған оқу орындарында зауытқа қажетті химия өндірісі саласындағы мамандарды даярлау қолға алынбақ екен. Нақтылай түссек, кәсіпорынға машина жасау, электрик және бұрғылаушы сынды жұмысшылар ауадай қажет.

Тілшілер тобы барған келесі нысан – «ЕвроХим» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты «Қаратау» фосфорит бассейні. Жаңа өндіріс орны экологиялық таза әрі мұнда кальций хлориді және синтетикалық гипс алынатындықтан, дәстүрлі фосфор зауыттарынан ерекшеленеді. Жоба екі кезең бойынша іске асырылады. Жалпы инвестиция көлемі шамамен – 1 миллиард АҚШ доллары. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары қарқынды жүргізілуде, оған 680 адам мен 77 техника тартылған.

Айта кетейік, Еврохим – минералды тыңайтқыштарды өндіру бойынша әлемдегі жетекші компаниялардың бірі. Кәсіпорын шаруаларды ауылшаруашылығы өнімдерінің сапасын арттыруға және егін сапасын жақсартуға қажетті жаңа инновациялық тыңайтқыштармен қамтамасыз етеді.

Бұдан кейін масс-медиа өкілдері Талас ауданындағы субаймақта натрий цианидін өндіретін «Talas Investment Company» серіктестігінің жұмысын көзбен көрді. Естеріңізде болса, 2014 жылы дәл осы зауыттың бірінші кезеңі іске қосылған болатын. Ал екінші кезеңіне салынатын инвестиция құны – 26 миллиард теңге. Өндірістік қуаты – жылына 15 мың тонна. Жоба толықтай жүзеге асқан шақта 150-нен аса жұмыс орны ашылады. Жобаны іске асыру келесі жылдың екінші тоқсанына жоспарланған. Сондай-ақ субаймақта «Karatau Chemicals» кәсіпорны да натрий пиросульфитін өндіруді жүзеге асыруда. Бұл жобаның инвестициялық құны – 2 миллиард 880 миллион теңге. Қазіргі таңда мұнда 30-дан аса адам жұмыс істейді. Зауыт өз өнімдерін Ресей Федерациясы мен Орталық Азия елдеріне экспорттайды.

Баспасөз туры барысында журналистер Шу ауданында құрылысы жүріп жатқан жүгеріні терең өңдейтін зауытқа да барды. Орталық Азиядағы ең ірі зауыт – «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағының қарқынды дамуының нақты көрінісі. Мұнда әлемге танымал қытайлық «Fufeng Group» компаниясы 1,5 миллиард АҚШ доллар көлемінде инвестиция құйған. Ауқымды жоба екі кезең бойынша жүзеге асуда. Биылғы жылдың сәуір айында ғана басталған алып құрылыстың жұмысы қазір қарқынды жүргізілуде. Бүгінгі таңда бірінші кезеңнің 80 пайызы орындалған. Мұнда жұмысшыларға арналған жатақхана мен асхана, кеңсе және қойма ғимараттары сондай-ақ жылу электр орталығы және өзге де өндірістік нысандар бой көтеруде. Зауыт толық қуатында жұмыс істеген кезде жыл сайын 3 миллион тоннаға дейін жүгері өңделіп, 1500 тұрақты жұмыс орны ашылады.

Жалпы, Шу өңірінде орналасқан «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағы бүгінде еліміздегі ең ірі өндірістік және инвестициялық орталықтардың біріне айналып үлгерді. Мұнда жалпы құны 972,4 миллион АҚШ долларын құрайтын 24 ірі жоба іске асырылуда. Нәтижесінде 4 397 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Қазіргі таңда глифосат өндірісі, полиэтилен құбырлары мен шлангтар шығару, пластмасса втулкалар өндірісі, аммоний бифторидін өндіру, өндірістік үй-жайлар құрылысы мен пластификацияланбаған ПВХ құбырлары өндірісі және жел электр стансаларының бөлшектерін шығару сынды 7 жоба толық іске қосылған. Сонымен қатар мұнда жүгері өңдеу зауыты, сутек асқын тотығын өндіру, өндірістік кремний шығару, тағамдық желатин өндіру, сэндвич-панель шығару, металлургиялық және натрий цианиді зауытының құрылысы жүргізілуде. Бұдан бөлек бас-аяғы 10 жоба жобалау сатысында тұр.

Қорыта айтқанда, «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағы – өңірдің өнеркәсіптік қуатын еселеп, жаңа жұмыс орындарын ашуға, экспорт әлеуетін арттыру мен экономиканы әртараптандыруға жаңаша серпін беріп отыр

Есет ӨТЕУЛІ,

журналист

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар