Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Экономиканы несиелендіру қолға алынады

Экономиканы несиелендіру қолға алынады
Автор
Жуырда Алматы қаласында Қазақстан қаржыгерлерінің дәстүрлі XIII конгресі өтті. Іс-шараға Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің, Қазақстан Ұлттық Банкінің, шетелдік орталық банктердің, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының басшылары, қаржы нарығына қатысушылар қатысты.

Жиында сөз сөйлеген Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова Қазақстанның қаржы секторы елдің экономикалық мақсаттарына қол жеткізуді белсенді қолдай отырып, орнықтылық пен сенімді өсуді көрсетіп отырғанын атап өтті.

Қаржы ұйымдарының жиынтық активтері биыл жыл басынан бастап 9 пайызға ұлғайып, 75 триллион теңгені құрады және жалпы ішкі өнімнің 51 пайызына жетті. Өсу қаржы нарығының барлық сегменттерінде байқалады. Банк секторы Қазақстанның қаржы жүйесінің негізі болып қала береді. Банктердің активтері 9 пайызға ұлғайып, 67 триллион теңгені құрады, ал соңғы бес жылда үш есеге жуық ұлғайды. Капиталдың жеткіліктілігі деңгейі ең төменгі талаптардан 2,5 есе артық және минимум 8 пайыз болған кезде 20 пайыздан асады. Проблемалық кредиттердің үлесі төмен 3,5 пайыз деңгейінде сақталып отыр.

«Сонымен қатар халық пен бизнестің қаржы жүйесіне деген сенімінің артуы байқалады. Клиенттердің депозиттерінің көлемі 2,5 есе артып, 45,7 триллион теңгеге жетті, ал жеке тұлғалардың салымдары үш есеге жуық – 26,5 триллион теңгеге дейін өсті. Қаржылық инклюзия деңгейі қалаларда шамамен 90 пайызды және ауылдық жерлерде 85 пайызды құрайды, ал қолма-қол ақшасыз төлемдердің үлесі 90 пайызға жақындады. Бұл көрсеткіштер сенімнің өсуін ғана емес, сонымен қатар заманауи қаржылық мәдениетті қалыптастыратын банктік қызметтерді жан-жақты цифрландыруды да көрсетіп отыр» – деді агенттік төрағасы.

Сондай-ақ Мәдина Әбілқасымова сақтандыру нарығының орнықты өсіп отырғанын жеткізді. Сақтандыру компанияларының активтері биыл жыл басынан бастап 20 пайызға ұлғайып, 3,8 триллион теңгеге жетті. Бағалы қағаздар нарығы бюджет пен жеке секторды қаржыландыру үшін ұзақ мерзімді капитал көзі ретінде позицияларды нығайтуда. Акциялар нарығын капиталдандыру 22 пайызға өсіп, 40,2 триллион теңгені құрады. Микроқаржы секторы шағын бизнес пен халыққа кредит беруде маңызды рөлін сақтауда.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін Банктер туралы жаңа заң жобасы әзірленді, экономикаға кредит беруді ынталандыру, тұтынушылық кредит беру тәуекелдерін азайту және алаяқтыққа қарсы іс-қимыл жөнінде шаралар қабылданды.

«Банктер туралы жаңа заңның әзірленуі банк секторындағы биылғы жылдың басты оқиғасы болды, ол қаржылық тұрақтылықты, бәсекелестікті дамытуды және тұтынушылардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету үшін озық стандарттарға және реттеу мен қадағалаудың үздік халықаралық тәжірибесіне бағдарланған банктік реттеудің заманауи моделінің негізін қалайды» – деді агенттік төрағасы.

Банктер туралы жаңа заң шеңберінде базалық және әмбебап банктік лицензияны енгізу арқылы жаңа қаржы институттарының пайда болуы үшін жағдайларды одан ырықтандыру көзделген. Тепе-тең реттеу қағидаты енгізіледі, орнықтылық пен есептіліктің негізгі қағидаттарын сақтай отырып, банктік лицензия алу талаптарын жеңілдету көзделеді.

Жоғары инфляция және қатаң ақша-кредит саясаты жағдайында корпоративтік кредиттеудің қолжетімділігін қолдау және тұтынушылық кредиттеу қарқынын төмендету маңызды басымдық болып қала береді. Агенттік Ұлттық Банкпен бірлесіп құрылымдық және пруденциялық ынталандыру шараларының кешенін іске асырды.

Өз кезегінде, тұтынушылық кредит беруді ынталандырмау үшін 3 жылдан 5 жылға дейінгі мерзімге кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша 350 пайызға дейінгі тәуекел-саралау коэффициенттері көтерілді, қарыз алушыда банктік қарыздар бойынша 30 күннен астам және микрокредиттер бойынша 1 күннен астам қолданыстағы төлем мерзімі өткен қарыздары болған жағдайда 5 жылдан астам тұтынушылық қарыздар беруге тыйым салынды.

Сондай-ақ агенттік төрағасы Қазақстанның қаржы секторындағы орнықтылықты, ашықтықты және инновацияларды арттыруға бағытталған жүйелі өзгерістерінің маңыздылығын атап өтті.

«Біздің мақсатымыз – экономикалық өсуді және азаматтардың әл-ауқатын тиімді түрде қолдайтын бәсекеге қабілетті, технологиялық тұрғыдан дамыған қаржы нарығын құру», – деді Мәдина Әбілқасымова.

Қазақстан қаржыгерлерінің XIII конгресі цифрлық трансформация мен жаһандық экономикалық өзгерістер жағдайында қаржы жүйесін дамытудың өзекті мәселелерін талқылауға арналған алаң болып табылады.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар