Мәселен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбындағы тамыз конференциясының пленарлық отырысында сөйлеген сөзінде: «Мектеп әр бала үшін қауіпсіз жер болуға тиіс. Зорлық-зомбылыққа, әлімжеттікке, яғни, буллингке, қатігездік пен озбырлыққа мүлде жол берілмеуі керек.
Соңғы екі жылда өскелең ұрпақтың құқығын қорғау үшін нақты шаралар қабылданды. Атап айтқанда, кәмелет жасына толмағандарға қатысты жасалған кез келген зорлық-зомбылық үшін берілетін жаза қатайды, Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің құзыреті кеңейді.
Сондай-ақ тағы бір өзекті мәселе. Балалардың өз-өзіне қол жұмсау жағдайларының, яғни, суицидтің алдын алу бойынша жүйелі жұмыс істеліп жатыр. Еліміздегі барлық мектепте «111» психологиялық қолдау қызметінің QR-коды орнатылды.
Жаңа оқу жылынан бастап мектептер мен колледждерде әлімжеттікке, буллингке қарсы «ДосболLIKE» атты бағдарлама іске қосылады. Негізгі мақсат – балалар мен жеткіншектер арасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу. Бұл бағыттағы маңызды жұмыс тоқтамайды, жасөспірімдердің құқығы мен мүддесін қорғау мәселесі әрдайым мемлекет назарында болады, – деді.
Негізінде жасөспірімдердің бір-бірін түртпектеуі, қысым көрсетуі түрлі оқу орындарында болатын жағдай. Бір сыныпта жүріп-ақ әлі жеткен әлсізге немесе жасы үлкен оқушы өзінен төмен сыныпта оқитын балаға күш көрсетуі мүмкін. Десе де балалардың ересектер тарапынан да қысымға ұшырайтыныны түрлі тағдыр тауқыметіне байланысты қоғамда жиі көрініс тауып жүр. Бұл ойланарлық мәселе.
«Буллинг» деген сөздің астарында нағыз адам тағдыры тұр. Мұнда біреудің айдың-күннің аманында теперіш көрген тағдыры, көзден бұл-бұл ұшқан үміті, әділеттілік атаулыдан әдіре қалған сенімі жатыр.
Мектеп оқушылары арасында буллингті «ер жетудің бір белгісі» деп қабылдайтындар бар. Сондағы сылтауы «балалар өздерін қорғай білулері керек» деген ой. Бірақ бұл өте қате пікір. Бала зорлыққа төзуді емес, өзгені құрметтеуді, өзі де құрметке бөленуді үйренуі керек.
Мен жұмыс істейтін орталықта әртүрлі тағдырлы жасөспірімдер бар. Жыл басынан бері осы орталыққа 267 адам қабылданса, оның ішінде 66-сы әйел, біреуі ер адам, 201-і бала. Осы балалардың көбі өмірінде бір рет болса да зорлықтың, қорлаудың, мазақтың не екенін сезінген деуге толық негіз бар. Оған біз қызмет алуға келген әйелдердің балаларымен маман ретінде тілдесу барысында көз жеткіздік. Көпшілігі алғашында үндемейді. Көздерінде қорқыныш, сенімсіздік, ал көңілінде әлде бір ауырлық бар. Тек уақыт өте келе, өзгеге сеніммен қарағанда олар ашыла бастайды.
Кейбіреулер алғаш бастан өткерген буллингті есіне алғанда денесі дірілдеп кетеді. Бір бала сөйлесіп жатқанымда: «Маған ешкім қол тигізген жоқ, бірақ күн сайын күледі. Менің даусымды, түрімді, киімімді мазақ етеді. Ал мен үнсіз қалуды жөн көрдім. Сол үнсіздік мені іштей жегідей жеді», – деді.
Міне, осындай сәттерде буллингтің ең ауыр түрі физикалық емес, психологиялық зорлық екенін түсінесің. Көптеген жасөспірім өз құнын жоғалтады, өз-өзін кінәлі сезінеді. Олар мұндайда «Мүмкін мен кінәлімін» деген оймен күн кешеді. Бұл ой біртіндеп олардың сенімін, ерік-жігерін жояды.
Тағы бір қыз баламен тілдескенімде: «Мен мектепке барғым келмеді. Таңертең тұрған сайын ішім ауырды. Мен өзімнің қара жерді басып жүруге лайық емес екенімді сезіндім...», – деді.
Осындай балалардың жүзінде қорқыныш, жүрегінде жара бар. Олар түнде ұйықтай алмайды, түсінде қайта сол сәттерді көреді. Кейбіреулер ашушаң болады, кейбірі тұйық болады. Көпшілігі адамдарға сенуден қалады. Психолог ретінде олардың бойынан мен ең алдымен үрей мен қорқынышты көремін. Олар кез келген топқа кіргенде «Біреу тағы мазақ етеді ме?!» деп үрейленеді. Кейде тіпті қарапайым сұрақтың өзінен шошып қалады. Сондықтан мұндай балаларға ең алдымен тыныштық пен қауіпсіз орта қажет. Олар өз сөзін ешкім бөлмей, ешкім күлмей тыңдайтынын сезінуі керек. Тек сонда ғана олар ішкі жандүниесімен ақтарыла сөйлей бастайды, сенімі қайта бас көтереді.
Буллингке ұшырау жеке адамға ғана тән емес, бұл қоғамға ортақ мәселе. Мұны дерт десе де болады. Егер бір бала қорланса, демек бір сынып, бір мектеп, бір қала оған көз жұма қараған. Біз үнсіз қалсақ, ертең сол балалар өздері де басқаға сондай қатыгездік жасайды. Сондықтан біздің орталықтың басты мақсаты – тыңдау, түсіну және қолдау. Біз жасөспірімдермен сенімге негізделген диалог құрамыз. Олар өз сезімін сурет арқылы, әңгіме арқылы, ойын немесе тыныс жаттығулары арқылы білдіреді. Әр бала өз болмысымен жазылып шығады. Мен мейірім мен қамқорлық кез келген жараны жазатын ең күшті ем екеніне сенімдімін.
«Буллингсіз қоғам – ертегі, бұл арман» деген көзқараста болу да жаңсақ пікір. Буллингсіз қоғам құруға талпыну – әрқайсысымыздың жауапкершілігіміз. Біз балаларымызға мейірім мен сыйластықты үйреткен сайын, олардың бойында қорқыныш емес, сенім қылаң береді. Буллингке расында да орын болмауы керек. Ол не мектепте, не қоғамда, не жүректе болмауы қажет. Біреудің жанын ауыртатын сөз ешқашан жеңіс пен бақыт әкелмейді. Нағыз күш, нағыз бақыт – өзгеге жақсылық жасай білу.
Зухра ЖҮРҚАРАЕВА,
облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық
құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығының психологі




