Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қолайлы орта қалыптастырылуда

Қолайлы орта қалыптастырылуда
Автор
Мүгедектігі бар адамдарға қолайлы орта қалыптастыру – маңызды міндеттердің бірі. Бұл ретте мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік қолдаулар мүгедектігі бар азаматтардың өмірін жеңілдетіп, қоғамда белсенді болуына мол мүмкіндіктер береді.

Меркі ауданы әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Нұржан Төлебаевтың айтуынша, ауданда халықтың әлеуметтік осал тобына жататын отбасыларға барынша әлеуметтік қолдау көрсетілуде.

– Бүгінгі таңда Меркі ауданында 88 683 тұрғын болса, мүгедектігі бар азаматтар саны – 2 324. Өткен жылы еңбекке жарамды мүгедектігі бар 1 680 адамның 419-ы тұрақты жұмысқа орналасса, 3 тұрғын кәсіптік оқытуға жолданды. «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытумен 52 меркілік қамтылып, 19 азамат грант иегері атанды. Әлеуметтік жұмыс орындарына 1 адам жолданса, «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы аясында 3 азамат еңбекке араласты. Ақылы қоғамдық жұмыс бойынша – 21, «Алғашқы жұмыс орындары» аясында 2 адам, сондай-ақ «Күміс жас» жобасы шеңберінде 4 азамат жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Инватакси қызметінің мүмкіндігі шектеулі жандардың күнделікті жүріп-тұруына тигізіп жатқан көмегі зор. Былтыр бұл бағытта аудандық бюджеттен 54 азаматқа арнайы қызмет көрсету үшін 23 миллион 890 мың теңге қаржы бөлінді. Тасымалдау қызметін ұйымдастыру мақсатында мемлекеттік сатып алу рәсімі «Әлеуметтік тапсырыс бойынша сатып алу» тәсілімен жарияланды. Нәтижесінде «Қоғамдық Тараз» қоғамдық бірлестігі жеңімпаз атанып, аталған сомаға тиісті келісімшарт жасалды. Есепті жыл ішінде бөлінген 23 миллион 890 мың теңге қаржы толық игеріліп, қаражат жоспарға сай игі іске жұмсалды. Атап айтқанда, инватакси қызметі тағдыр тәлкегімен арбаға таңылған немесе өздігінен жүріп-тұруы қиындаған азаматтарды ауруханаға, оңалту орталығына, түрлі мекемелерге жеткізу бағытында пайдаланылды. Көпшілікке бұл қызметтің қаншалықты қажет екенін күнделікті тіршілікте байқай бермеуіміз мүмкін. Ал шын мәнінде бұл қызмет мұқтаж азаматтардың ауыртпашылығын айтарлықтай жеңілдетіп отыр. Аудан тұрғындарына осы қызметті алу тәртібі өте түсінікті. Инватакси қажет болған тұрғындар ең алдымен қызмет көрсететін ұйымға арнайы қайырылып, өтініш береді. Ересектер жеке куәлігін, мүгедектігі туралы құжатын және №026 үлгідегі медициналық анықтамасын тапсыруы қажет. Ал егер мұндай қызмет балаға қажет болса, онда №026 үлгідегі медициналық анықтамамен қоса баланың туу туралы куәлігі, күтушісінің жеке куәлігі, мүгедектігі туралы құжат өткізу талап етіледі. Тиісті құжаттар қабылданған соң, ол азамат белгіленген тәртіппен инватакси қызметін пайдалана алады. 2025 жылға арналған бейімдеу жоспары аясында да ауданда ауқымды жұмыстар атқарылды. Аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы негізінде дайындалған Жол картасын басшылыққа алып жұмыс істеуде. Негізгі мақсат – мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мемлекеттік мекемелерге, мектепке, ауруханаға, спорт нысандарына және басқа да ғимараттарға кедергісіз кіріп-шығуына жағдай жасау. Осы жоспарға сәйкес 2025 жылы барлығы 21 нысанды бейімдеу көзделген болатын. Нысандарды бейімдеу барысында ғимараттарға пандус орнатылып, кіреберістерді кеңейту, есіктегі арба дөңгелегіне кедергі келтіретін табалдырықтарды алып тастау, тактильді жолақтар төсеу секілді басқа да жұмыстар жүргізілді. Жоспарланған 21 нысанның барлығында тиісті жұмыстар толық аяқталды. Бейімделген ғимараттардың мәліметтері де түгелдей «Inva.gov.kz» қолжетімділік интерактивті картасына енгізілді. Бұл карта арқылы кез келген адам өзіне қажетті мекеменің қолжетімділік деңгейін алдын ала қарап, ол жайында маңызды мәліметтерді біле алады. Ал биыл 11 нысан бейімдеуден өтеді. Қазір дайындық жұмыстары басталды, – дейді Нұржан Дүйсенұлы.

Бөлім басшысының сөзіне сүйенсек, үйде оқитын балаларға да тиісті қолдаулар көрсетілген. Былтыр үйде білім алатын 77 баланың шығынын өтеу үшін жергілікті бюджеттен 5 миллион 309 мың теңге төленіпті. Бұл төлем ай сайын 2 айлық есептік көрсеткіш көлемінде тағайындалған екен.

Сонымен қатар жеке көмекші қызметіне де сұраныс жоғары. Жыл басынан бері 95 өтініш қабылданған. Олардың қызметі үшін жалпы сипаттағы трансферттер есебінен 93 миллион 876 мың теңге төленген. Бұл қаражат қызмет алушылардың қажеттілігін өтеуге бағытталған.

Ал есту қабілеті төмен азаматтарға ымдау тілі мамандары қызмет көрсетеді. Қазіргі таңда мұндай көмекке мұқтаж 39 азамат тіркелсе, оларға 6 ымдау тілі маманы қызмет көрсетуде. Осы бағытта жергілікті бюджеттен 13 миллион 95 мың теңге, ал жалпы сипаттағы трансферттер есебінен 5 миллион 915 мың теңге қарастырылыпты.

Жеке оңалту бағдарламасы денсаулығына байланысты арнайы ем-дом мен қолдауға мұқтаж азаматтарға көрсетілетін қолдау түрі екені баршаға мәлім. Аталған бағдарлама аясында жартылай стационарлық жағдайда қызмет алу үшін өткен жылы 121 өтініш қабылданыпты. Осы өтініштердің нәтижесінде 12 мүгедектігі бар азамат пен 74 зейнеткер облыстағы оңалту орталығына жолданған. Ол жерде қызмет алушылар дәрігерлік тексеруден өтіп, физиотерапия, емдік денешынықтыру, массаж сияқты ем-шаралар қабылдаған. Соның арқасында қызмет алушылар денсаулығын түзеп, қозғалыс белсенділігін арттыруға мүмкіндік алған. Сонымен қатар 21 бала аудандағы 18 жасқа дейінгі балаларға арналған оңалту және бейімдеу орталығына жіберіліпті. Ал 18 жастан асқан 14 азамат ересектерге арналған оңалту және бейімдеу орталығына жіберіліп, қажетті қызметтерді алған.

– Протездік-ортопедиялық көмекке есепті кезеңде 387 өтініш түсті. Барлығы әлеуметтік қызметтер порталы арқылы өзіне қажетті құралдарды таңдап алды. Кресло-қорап алу үшін 104 азамат өз өтініші бойынша аталған портал арқылы таңдау жасады. Шипажайлық-курорттық ем алуға 388 азамат өтініш білдірді. Олар да осы портал арқылы өзіне ыңғайлы шипажайды таңдады. Шипажайда азаматтар емдік суды пайдалану, балшықпен емделу секілді түрлі сауықтыру шараларын қабылдады. Көру қабілеті төмен азаматтарға арналған тифлотехникалық құралдар бойынша 68 таңдау жасалды. Сол секілді есту қабілеті төмен азаматтарға арналған сурдотехникалық құралдар алу үшін 33 өтініш түсті. Ал міндетті гигиеналық құралдармен қамту бойынша 996 өтініш тіркелді. Азаматтар портал арқылы өзіне қажетті құралдарды таңдады. 2024 жылдың 1 қазан күні 60 келушіге арналған Белсенді ұзақ өмір орталығы ашылған болатын. Мекеменің мақсаты – ауданның зейнет жасына толған азаматтарының өмір сүру сапасын арттыру. Орталық 2025 жылы барлығы 707 адамға қызмет көрсетті. Мүгедектігі бар азаматтар мен қарттарға арналған арнайы қолдау шаралары да жүйелі түрде жүзеге асырылды. Бұл мақсатта аудандық бюджеттен 52 миллион 207 мың теңге бөлініп, «Мүгедектігі бар адамдарды және қарттарды оңалту орталығы» түріндегі күндізгі жартылай стационарлық типіне жататын орталықта 15 күтім алушыға қызмет көрсетілді. Орталықта медициналық көмекпен қоса психологиялық кеңес беру, экономикалық және заңгерлік бағыттағы қолдау, тұрмыстық мәселелерді шешуге көмектесу, еңбекке үйрету және мәдени-педагогикалық іс-шаралар ұйымдастыру секілді кешенді әлеуметтік қызметтер ұсынылуда. Яғни, аталған орталықта қызмет алушылар толық қамқорлыққа бөленіп, өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік алуда. Бұл қызметтерді нақты жүзеге асыру үшін «JSM DEMEU» мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестігі жұмыс істеді. Аталған бірлестік орталықтағы азаматтар үшін сауықтыру шараларын ұйымдастырып, олардың күнделікті өмірде белсенді болуына жағдай жасауда. Есепті жылы бөлінген 52 миллион 207 мың теңге толықтай игеріліп, жоспарланған қызметтердің барлығы іске асырылды, – дейді Нұржан Төлебаев.

Биыл да әлеуметтік қолдау шараларына тиісті қаражат бөлініп, жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп жатыр екен. Бұл шаралар әр азаматтың өмір сапасын жақсартуға, тұрмысын жеңілдетуге және қоғамға белсенді араласуына бағытталған.

Меркі ауданында жүргізіліп жатқан жұмыстардың барлығы мүгедектігі бар азаматтардың қоғамдық ортаға еркін араласуына жағдай жасауға бағытталған. Көрсетіліп жатқан қолдау түрлері олардың өз бетінше өмір сүруіне, қажетті қызметтерге кедергісіз алуына жол ашуда. Соның арқасында қоғамда түсіністік пен қолдау күшейіп, әр азаматқа тең мүмкіндік берілуде.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар