Бауыржан Момышұлы ауылында 2024 жылдың қазан айында ашылған отбасын қолдау орталығы да бүгінде тұрғындарға жан-жақты әлеуметтік, психологиялық және құқықтық көмек көрсетіп, көптеген отбасылардың өміріне оң әсерін тигізген.
Орталық мамандары отбасылық қарым-қатынасты нығайту, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, ата-ана мен бала арасындағы түсіністікті жақсарту бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде.
Мекемені ұзақ жыл әлеуметтік салада қызмет атқарған тәжірибелі маман Жәмила Қалымбетова басқарады.
– Орталықтың мақсаты – тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына шұғыл әлеуметтік, психологиялық көмек пен қолдау көрсету, ажырасу сатысында тұрған жанұяны отбасымен қоғамға әлеуметтендіру және қайта ықпалдастыру процессіне жәрдемдесу. Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары деп танылған жандарға стандарт бойынша 8 бағыт бойынша көмек көрсетіледі. 2025 жылы орталыққа 108 адам жүгінсе, 15-і кеңес алуға келген, 93-і өмірлік қиындық жағдайға тап болғандар. Өткен жылы тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері бар 7 отбасы (23 баласымен) орталыққа орналастырылды. Олар жатын орынмен және ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. Жалпы орталықтың ішінде үш бөлме жатын орынмен жабдықталған. Асханамыз бар. Одан бөлек балалар ойнайтын бөлме, үлкендер келіп тынығатын және жуынатын бөлмелермен де қамтылған. Көрсетілетін қызметтерді алушыларды әлеуметтік оңалту, олардың азаматтық, мүліктік және де өзге де құқықтарын қайта қалпына келтіру мәселелерін шешу жолында жергілікті атқарушы органдармен, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, ішкі істер және әділет органдарымен, үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жасалуда. Отбасындағы зорлық-зомбылық құрбандарының көпшілігі ауылдық елді мекендерде елдің сөзінен қорқып, құқық қорғау органдарына шағымданудан бас тартып жатады. Сондықтан алдағы уақытта әйелдер мен қыздардың құқықтық сауаттылығын арттырып, зорлық-зомбылықтың түрлері мен себептерін зерделеп, қылмыстық әрекеттерді болдырмау бағытында тиісті профилактикалық іс-шаралар өткізіледі, – дейді Жәмила Қалымбетова.

Орталықта FSM Social цифрлық платформасы жұмыс істейді. Осы бағдарлама арқылы орталықтың қызметкерлері түскен өтініштерді тіркеп, керек бөлімдерге жіберіп отырады.
Отбасын қолдау орталығы жұмысының тағы бір маңызды бағыты – алдын алу жұмыстары. Мектептермен, ауылдық округ әкімдігімен, құқық қорғау органдарымен бірлесіп, ерте жастағы жүктіліктің, ажырасудың, отбасындағы жанжалдардың алдын алуға бағытталған іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылады. Тәрбие сағаттары, «дөңгелек үстелдер», семинарлар мен кездесулер ауыл тұрғындарының әлеуметтік сауаттылығын арттыруға септігін тигізуде.
Орталыққа жүгінген тұрғындардың айтуынша, мұндағы мамандар әрбір мәселені жеке қарап, түсіністікпен қарайды. Оларға тек кеңес беріп қана қоймай, қиын сәтте моральдық қолдау көрсетіп отырады.
Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдаудың нақты көрінісі саналатын бұл орталық – отбасы институтын нығайтудың тиімді тетігі. Алдағы уақытта орталық қызметінің аясын кеңейтіп, жастармен жұмыс, отбасылық құндылықтарды дәріптеу бағытындағы жобаларды көбейту жоспарланып отыр.
Баян ОРАЗБАЕВА,
журналист,
Жуалы ауданы


