Аудан өмірінің әр саласында өңірдің көркеюі мен тұрғындардың жайлы өмір сүруі үшін атқарылып жатқан жұмыстар көп. Соның ішінде санитарлық тазалық, көгалдандыру, көше жарығын орнату мен жолдарды жөндеу – ерекше мән берілетін бағыттардың бірі.
Осындай жауапты әрі маңызды міндеттерді Шу ауданы әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі үйлестіріп, ауданның ажарын арттыруға өз үлесін қосып келеді. Бүгінгі таңда жүзеге асырылып жатқан жобалар жайында бөлім басшысы Жадыра Қалықов айтып берді.
– Көктем мен күз – табиғаттың жаңарып, ауыл мен қалаларымыздың құлпыратын ерекше мезгілдері. Осы жылдың 24 ақпанында Шу ауданы әкімінің №80 қаулысына сәйкес көктем айларында кең көлемді тазалық және көгалдандыру акциясы бастау алды. Игі іске аудан тұрғындары, жастар ұйымдарының өкілдері, еңбек ұжымдары мен кәсіпкерлер белсенді түрде қатысты. Жыл басынан бері біз 8 сенбілік өткіздік. Оған шамамен 15 мыңға жуық адам қатысып, 1 800 тоннадай қоқыс шығарылды. Күз мезгілінде де жұмыстар жалғасын тапты. Үш рет сенбілік ұйымдастырылып, оған 13 мыңнан астам тұрғын атсалысты, нәтижесінде тағы да 2 000 тоннаға жуық қалдық шығарылды, – дейді бөлім басшысы.
Одан бөлек ауданда 2021-2025 жылдарға арналған «Жасыл белдеу» аймақтық жоспары жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді екен. Бағдарлама аясында жол бойларына және елді мекендердің кіреберіс аумақтарына ағаш отырғызып, жасыл аймақтар құру көзделген.
Аталған жоспарға сәйкес 2025 жылы барлығы 40 мың түп ағаш көшетін отырғызу жоспарланыпты. Оның 25 мыңы – Шу қаласында, ал 15 мыңы Төле би ауылында егілмек. Биыл көктем мен күз айларында осы елді мекендердің әрқайсысында 5 мыңнан ағаш көшеті отырғызылған.
Сонымен қатар ауданда «Жасыл тудың астында» атты экологиялық акция қолға алынған. Акция аясында 11 ауылдық округтің аумағында жалпы 9,1 гектар жерге 24 мың түп жас ағаш отырғызылыпты. Ал «TazaLike» жобасы бойынша Көктөбе ауылында 2000 түп терек көшеті егілген.
Жадыра Қалықовтың айтуынша, жоспарланған барлық жұмыстар толық көлемде орындалған.
Абаттандыру ісіндегі табыстың негізгі себептерінің бірі – тұрғындардың белсенді қатысуы.
– Қуантатыны – аудан халқының жауапкершілігі мен экологиялық мәдениетінің артып келе жатқаны. Бүгінде адамдар нұсқау күтпей-ақ өз еріктерімен сенбіліктерге шығып, тазалық акцияларына қатысып, ауласы мен көшесінің тазалығын өздері қадағалайды, – дейді Ж.Қалықов.
Сонымен қатар тұрғындардың өтініштерін жедел қабылдау және санитарлық жағдайға байланысты мәселелерді шешуді жеңілдету мақсатында арнайы Telegram-бот іске қосылған екен. Жыл басынан бері Telegram-бот арқылы 23 өтініш келіп түсіпті. Негізінен олар рұқсатсыз қоқыс төгілген орындарға қатысты болған. Барлық өтініштер уақытылы қаралып, көрсетілген аумақтар тазартылыпты.
Қазіргі таңда Шу ауданында жалпы аумағы 39,4 гектар болатын 22 қоқыс полигоны мен тұрмыстық қалдықтарды жинау орындары жұмыс істейді. Барлығы тиісті рұқсат құжаттарына ие және бөлімнің тұрақты бақылауында.
– Шу қаласы мен Төле би ауылында барлығы 1126 қоқыс контейнері орнатылған. Олардың ішінде пластик пен энергия үнемдейтін шамдарды бөлек жинауға арналған ыдыстар да бар. Тек Шу қаласының өзінен тәулігіне 18 тоннаға дейін, ал жылына шамамен 6500 тонна қоқыс шығарылады. Төле би ауылында бұл көрсеткіш тәулігіне 10-12 тонна шамасында. Ауданда қалдықтарды сұрыптау ісі де белсенді жүргізілуде. Күн сайын шамамен 700 келі пластик пен әйнек қайта өңдеуге жіберіледі. Сонымен қатар, рұқсатсыз қоқыс үйінділеріне тұрақты түрде қатаң бақылау жасалады, – деген бөлім басшысы жыл басынан бері 347 әкімшілік құқықбұзушылық анықталып, 25 адамға жалпы сомасы 900 мың теңгеден астам айыппұл салынғанын жеткізеді.
Мұндай шаралар халықтың тазалыққа деген жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді.
Шу ауданы әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі сондай-ақ жолдарды жөндеу мен күтіп ұстау жұмыстарына ерекше назар аударады. 2025 жылы жөндеуден өтетін жолдардың жалпы ұзындығы 90,3 шақырымды құрайды. Биыл жол жөндеу жұмыстарына 2,3 миллиард теңге бөліпті. Барлығы 133 көше жөнделмек, оның 64-і «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда.
Жол жамылғысын жөндеумен қатар, жол белгілері, сызықтар, бағдаршамдар мен жасанды кедергілер орнату және жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ Шу қаласындағы Шәкіров және Сәкен Сейфуллин көшелерінің қиылысында, сондай-ақ Мерке – Шу – Бурылбайтал тасжолының Төле би ауылына кіреберісінде жаңа бағдаршамдар орнатылыпты. Алдағы уақытта тұрғындар көп жүретін көшелерде жаяу жүргіншілерге арналған бағдаршамдар мен қосымша белгілер қойылады.
Ауданның елді мекендерінде, әсіресе мектептер мен балабақшалар маңында, көлік қозғалысы қауіпсіздігін арттыру мақсатында «жол кедергілері» орнатылған.
Сымбат Қуаныш




