Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Айжанның қадамы – сауапты істің бастауы

Айжанның қадамы – сауапты істің бастауы
Автор
Негізі қыз бала өз қара шаңырағына жатжұрттық болғандықтан, оң босағасында ғұмыр кешкен уақыттың өзінде қонақ ретінде құрметтеледі. Ол ертеңгі ел анасы, ұлттың ұяты, отбасының берекесі деп танылады. Үйдің үлкендері есейгенде өзге үйдің келіні болатынын ескеріп, соған сай тәрбие береді. Мұндай үрдіс қыздың қадірін арттырумен қатар, болашақта отбасының берік болуына ықпал етеді. Бірақ өкінішке қарай, бүгінгі қоғамда қыз баланы отбасылық өмірге бейімдеудің түсінігі өзгеріп бара жатқандай.

Кейбір қыздардың тұрмыс құруды жеңіл қабылдайтыны соншалықты, жаңа отбасына «Дайын асқа тік қасық» болып баруды қалайды. Ауқатты әулеттің баласына тұрмысқа шығуға ұмтылады. Себебі қазіргі таңда бір үйдің отын маздату, енесіне қызмет ету, шаңырақтың ауыртпалығын бөлісу сынды қасиеттер ескірген ұғымдай көрінеді. Әсіресе енесі сырқат немесе қартайған ата-анасы бар үйге келін болудан бас тартатындар бар. Ондай қыздар көңілі қалап, тұрмысқа шықпақ болып жүрген жігітімен бір-ақ күнде айырылысып кетеді. «Неге тұрмысқа шығудан бас тарттың?» деп сұрақ қойғандарға «Әкесі кемтар екен» немесе «Кәрі енемен кім тұрады?» деген сөзді шімірікпестен айтатындарды жиі еститін болдық. Алайда өмірде бәріне үлгі боларлық жандар да бар. Солардың бірі – ауылдың қарапайым қызы Айжан.

Ол жігіті Әкім сезімін білдірген күннің ертесінде-ақ оның анасының мүгедектігі бар екенін білген. Бірақ бұл жаңалық жас келінді шошытпады. Себебі ол бала күнінен-ақ тұрмысқа шыққанда ата-енесімен бірге тұруды армандайтын. «Ата-енемнің батасын алып, қадіріне жетсем» дейтін ізгі ниеті сәби күнінен жүрегіне орныққан балалық тілегі еді.

Құдай пейіліне берді. Қыз үйінен ұзаған соң, барған жерінде үлкен сын күтіп тұрғанын біле тұра еш ойланбастан тұрмысқа шығуға бел байлады. Енесі бірнеше жыл бұрын қан қысымы күрт көтеріліп, инсульт алған жан. Содан бері ақыл-есі кіресілі-шығасылы болып, тілі күрмеліп, жүре алмай қалған. Ал оның үш ұлының екеуі үйленіп, бөлек шығып кеткен. Шаңырақта анасына қарайтын үлкен ұлы, Айжанның жігіті Әкім ғана еді. Әкім жұмыс істеп жүрсе де үйіне үш мәрте сұранып келетін. Анасын тамақтандырып, қайтадан жұмысына кететін. Шомылдырып, киімін ауыстырып, үйді жинау, кір жуу да өз мойнына жүктелген.

Міне, дәл осындай ауыр сәтте осы шаңыраққа Айжан келін болып түсті. Ауыл адамдары жас келінге қарап: «Мұндай үйге келін болу оңай емес, шыдамайды» деп күбірлесті. Тіпті Айжанның өзіне де «Ойлан, әлі де кеш емес. Ауру енені баққан қиын. Мойныңа жүк болады» деп айнытқысы келгендер болды. Бірақ жүрегі таза, ниеті адал қыз өз жүрегінде бәрін шешіп қойғанын айтып, орынсыз ұсыныстардан бас тартты.

Келіндік өмірінің алғашқы күнінен бастап-ақ, ол енесін өз анасындай көрді. Таңертең ерте тұрып, қарт әйелдің дәрісін беріп, беті-қолын жуып, тамағын ішкізіп, бар ізетін сақтап бақты. Шашын тарайды, қолынан ұстап, жылы сөз де айтады.

– Мен алғаш табалдырық аттағанда енем мені жатырқап, үрке қарағаны жасырын емес. Дәрігерлер «Миының жартысы семіп қалған. Бұл кісі түк түсінбейді» дейді. Бірақ мен бұл кісінің сөйлей алмаса да, бәрін жүрегімен сезетінін білемін. Себебі үнемі ас ішіп болған соң, қолымның сыртын сүйіп, бетіне басады. Арқамнан қағып отырады. Енемнің бұл қылығының өзі көп нәрсеге дәлел. Яғни, бұл кісі сөйлей алмаған соң, өз разылығын осылай білдіреді. Бір қызығы енем ұлын «әке», мені «мама» деп атайды. Өзі де баладай аңғал адам. Жуырда үй жинап жүріп, құжатын тауып алдым. Екі күннен кейін туған күні екенін біліп, күйеуіме айтпай сыйлық дайындап қойдым. Сөйтіп сол түні сағат тілі түнгі он екіге жеткенде жұмыстан шаршап-шалдығып келіп, ерте ұйықтап қалған күйеуімді ояттым. Ол тіршілік қамымен жүріп, анасының туған күнін ұмытып кеткен екен. «Жүр, құттықтайық» деп тортқа шырақ жағып, анамыздың алдына бардық. Сол сәт жолдасымның елжіреп: «Мұндай адам жер бетінде жоқ шығар» деген сөзі мен үшін ең үлкен марапат болды, – дейді Айжан.

Расында да Айжанның қамқорлығы, жылы сөзі, адамгершілігі бүкіл үйдің аурасын өзгертті. Көршілер алғашында келінге аяушылықпен қараған. Ал қазір оның еңбегіне риза болып, шын пейілмен мақтап отырады. «Мына қыздың қолында мейірім бар, сондықтан шаңырағы берекеге толы» деп ауыл ақсақалдары батасын береді. Әкім де жарының парасаттылығына тәнті.

– Анам орыс ұлтының қызы болғандықтан біз қазақы дәстүрге аса көңіл бөлмедік. Көп нәрсені білмейтінмін. Айжан шаңырағыма келгелі үйден нағыз қазақылықтың, мейірімділіктің исі аңқып тұрады. Оның қазақ қызына тән сабыры мен жылы қабағы маған күш береді. Көпшілік оның қиыншылықпен күн көргенін қаламайды және осыған алаңдайды. Өзіме де талай туысым, жора-жолдасым ескертті. Бірақ Айжанның мейірімді жүрегі мен адалдығы бәрін өзгертті. Ол шешеме өз анасындай қарайды. Таңмен таласа тұрып, шайын береді, беті-қолын шайып, таза киімін кигізеді. Үй ішін жинап, жылы сөзбен көңілін аулайды. Бір кезде қара түнекке айналған үйге енді күлкі мен береке орнады. Анам Айжанды көрсе қуанғанынан күле береді. Мен анамды осылай дәл өзінің туған баласындай күтіп, сүйіспеншілікпен қарайтын адам бар деп ойламаппын. Менің келіншегім бір қолымен анамды күтіп, бір қолымен менің жүрегімді аялап ұстап тұрып, қазақи үрдістің барлығын бойыма сіңіріп келеді. Осындай әйелмен өмір сүріп жатқанымды мақтан етемін, – деді Әкім.

Біреуге ауыр көрінген өмір, басқаға сауапты іске бастар жол болуы мүмкін. Айжанның қамқорлығы расында тек енесіне ғана емес, бүкіл қазақ қызына үлгі болуға лайық. Осы бір қарапайым отбасының басына түскен жағдай қазіргі заманның қыздарына ой салатын тағылымды өмір сабағына айналды. Өйткені шынайы сұлулық сыртқы бейнеде емес, жүректегі мейірімде. Ал қазақ келінінің қадірі оның жасаған ісінде, төзімі мен сүйіспеншілігінде ғана.

Қаршадай ғана қазақ қызының бұл ісі атақ пен даңқ үшін жасалып жатпағаны анық. Ол табалдырық аттағанда жұрт «Құдай оңдасын» деп тілек айтты. Расында Айжанның алға басқан қадамын Құдай оңдады. Өйткені бүгінде Айжан мен енесі бір-бірінсіз өмір сүре алмайды. Бір-бірін іздеп отырады. Кейде тіпті енесі жас баладай келінінің құшағына тығылады екен. Бірде су сұраса, енді бірде сыздаған жүрегіне ем болған Айжанын құшақтап, мауқын басады екен.

«Батырлық пен ерлік» деген ұғым қылыш ұстап, жауға шабумен ғана өлшенбейді. Бұл тек жүрекпен қызмет ете білгендердің әр ісінен байқалатын ерекше құбылыс. Бүгінгі қыздарға осы әңгімеден алатын сабақ көп. Себебі өмір сүру кез келгенге жеңіл емес. Әрбір табалдырықтан аттаған адамды жаңа сынақ күтіп тұрады. Ал сол сынақтан сүрінбей өту үшін жүректе мейірім, бойда төзім, ниетте тазалық болуы керек. Сонда ғана қазақ қызының абыройы биіктеп, ұлттың ұйытқысы болар аналардың жолы жалғасады. Айжанның оқиғасы соның айғағы.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар