Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қауіпсіздікті қамтамасыз ететін жүйе

Қауіпсіздікті қамтамасыз ететін жүйе
Автор
Өңірде медицина қызметкерлерінің еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды пилоттық жоба қолға алынды. Бұл бастама – елдегі денсаулық сақтау саласын жаңғыртудың және медицин қызметкерлерінің кәсіби беделін арттырудың бір бөлігі. Жоба Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының еңбек қауіпсіздігі жөніндегі халықаралық стандарттарына және тәуекелдерді басқару саласындағы заманауи талаптарға толық сай келеді.

Облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айдын Алтай облыстық жедел медициналық жәрдем стансасына барып, жаңа жобаның жүзеге асу барысын, техникалық мүмкіндіктерін және қауіпсіздік жүйелерінің тиімділігін зерделеді. А.Алтай медицина қызметкерлерінің еңбек жағдайын жақсарту аймақ денсаулығын қорғау ісіндегі басты басымдықтардың бірі екенін атап өтті.

Жобаның негізгі мақсаты – дәрігерлер мен орта буын қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін кешенді жүйе құру, сондай-ақ төтенше және форс-мажор жағдайлардың алдын алу. Бұл бастама медициналық ұйымдардағы еңбек мәдениетін жаңа деңгейге көтеріп, мамандардың кәсіби қызметін барынша жайлы әрі қауіпсіз етуге бағытталған.

Бүгінде жедел медициналық жәрдем қызметінің базасында бірқатар заманауи қауіпсіздік технологиялары орнатылды. Атап айтқанда, бейнебақылау камералары, SOS дабылы бар бейнежетондар мен бейнетіркегіштер, орталықтандырылған онлайн-мониторинг жүйелері, қорғалған байланыс арналары бар басқару құрылғылары енгізілді.

Бұл жаңашыл шешімдер медицина қызметкерлері мен пациенттер арасындағы өзара қатынаста ашықтық пен сенімділікті арттырып, төтенше жағдайлардың алдын алуға жағдай жасайды. Әсіресе, жедел жәрдем бригадасының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде бейнежетондар мен SOS батырмалары маңызды рөл атқарады. Егер дәрігерлер кезекшілік кезінде қауіп төндіретін жағдайға тап болса, жүйе бірден орталыққа дабыл жібереді.

Техникалық жұмыстарды «Адам қауіпсіздігі институты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырды. Бұл компания – Astana Hub, яғни Орталық Азиядағы ең ірі IT-технопарктің резиденті.

Институт мамандарының айтуынша, жүйе тек бейнебақылаумен шектелмейді. Ол барлық мәліметті талдап, қауіп-қатер деңгейін анықтайтын интеллектуалды алгоритмдермен жабдықталған. Осылайша, оқиға бола қалған жағдайда нақты дәлелдер мен деректер базасы қалыптасады.

Айдын Алтай өз сөзінде жобаның әлеуметтік және кәсіби маңыздылығына тоқталып өтті.

– Медицина қызметкері – ең қауіпті әрі жауапты мамандықтардың бірі. Олар күн сайын адам өмірімен тікелей байланысты шешім қабылдайды. Сондықтан олардың қауіпсіздігі – біздің ортақ міндетіміз. Бұл пилоттық жоба өз тиімділігін дәлелдесе, алдағы уақытта облыстың барлық емдеу мекемелеріне енгізілетін болады, – деді басқарма басшысының орынбасары.

Жоба Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген еңбек қауіпсіздігі құқығын жүзеге асырумен қатар, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың медицина қызметкерлерін қорғау және оларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу жөніндегі тапсырмаларын орындауға бағытталған.

Медицина саласындағы зорлық-зомбылық мәселесі – әлемдік деңгейде өзекті. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша, әрбір төртінші медицина қызметкері еңбек барысында агрессия немесе психологиялық қысым жағдайына тап болады. Қазақстанда да мұндай жайттар кездесіп тұрады. Сол себепті медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін күшейту – уақыт талабы.

Жаңа пилоттық жобаның артықшылықтарының бірі – тәуекелдерді басқару және деректерді талдау жүйесінің енгізілуі. Бұл технология кезекшіліктер кезінде жиі қайталанатын жағдайларды анықтап, қауіп картасын жасауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, басқару органдары нақты дерекке сүйеніп, кадрлық және техникалық шешімдерді тиімді қабылдай алады.

Сонымен қатар, жоба аясында медицина қызметкерлеріне арналған психологиялық қолдау бағдарламасы да қарастырылуда. Себебі, қауіпсіз еңбек ортасы тек техникалық жабдықтармен емес, мамандардың моральдық-психологиялық жағдайымен де тікелей байланысты.

Облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы жобаны кезең-кезеңімен жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

Бірінші кезеңде жүйе облыстық және қалалық деңгейдегі ірі медициналық ұйымдарға енгізіледі.

Ал екінші кезеңде аудандық және ауылдық деңгейдегі емдеу мекемелерін қамтиды.

Мамандардың айтуынша, бұл бастама сәтті жүзеге асқан жағдайда Жамбыл облысы еліміз бойынша медицина қауіпсіздігін цифрландыру үлгісін көрсететін өңірге айналуы мүмкін.

Жалпы алғанда пилоттық жоба – денсаулық сақтау саласындағы жаңа кезеңнің бастауы. Ол тек дәрігерлердің кәсіби қызметін қорғап қана қоймай, пациенттердің де сенімін арттырады. Өйткені қауіпсіз және сенімді ортада көрсетілген медициналық көмек – сапалы емнің кепілі.

Облыста қолға алынған жаңа жүйе медицина қызметкерлерінің абыройын қорғап, қоғамда олардың еңбегіне деген құрмет пен сенімділікті арттыруға жол ашады.

облыс әкімдігі денсаулық сақтау

басқрамасының баспасөз қызметі

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар