Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қазақтың қаһарман ұлы

Қазақтың қаһарман ұлы
ашық дереккөз
Бұрқ ете қалған соғыс елдің астан-кестенін шығарды. 1939 жылдың аяғында құрылған Жамбыл облысының шаруасы шаш етектен еді. 1941 жылдың тамыз айында мұнда 81-атты әскер дивизиясы жасақталды. Қараша айында Бас қолбасшының бұйрығымен мұнда 105-дербес ұлттық атты әскер дивизиясы құрылды. 1941 жылдың 13 қарашасы күні қабылданған КСРО Мемлекеттік Қорғаныс комитетінің қаулысы негізінде дербес ұлттық әскери құрамалар жасақтау жөніндегі қаулысын орындау аса маңызды еді.

Жаңадан құрылған Жамбыл облысына бір емес, екі атты әскери дивизияны жасақтау оңайға түспеді. Алайда соғыс заңы сондай, оны орындау міндет. Егер орындалмаған жағдайда қатал үкім күтіп тұр еді. 105-дербес ұлттық атты әскер дивизиясы, аты айтып тұрғандай, қазақ ұлтынан жасақталу керек болды. 21 қараша күні еңбекшілер депутаттары облыстық советінің атқару комитеті мен облыстық партия комитетінің бюросының қаулысы негізінде 105-дербес ұлттық атты әскер дивизиясын жасақтау туралы шешім қабылданды. Осы шешім аясында барлық аудандар ұлттық дивизияға қажетті адам күші мен құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге міндеттелді.

 Осылайша облыста аса қауырт күндер басталды. Алдымен атты әскер дивизиясын жасақтау жөнінде облыстық комиссия құрылды. Комиссия төрағалығына облыстық атқару комитетінің төрағасы Ә.Жансақалов тағайындалды. Республикалық комиссияның төрағасы – ҚазКСР Халық комиссарлары Кеңесі Төрағасының орынбасары Н.Е.Бабкин.

 Облыстық архивтің 282-қор, 1-тізімдеме, 257-іс, 17-қорабы өн бойы осы ұлттық дивизияның жасақталу барысы жайлы хабардар етеді.

 Комиссияның шешімі бойынша, ең алдымен, жасақталатын дивизияның мекенжайын анықтаған. Жаңа дивизия үшін олардың орналасқан мекенжайы облыс орталығына таяу, әрі жайлы, бір-біріне жақын орналасуы қарастырылды. Өйткені соғыстың әдіс-тәсілдерін үйрету барысында әскери құрамалар бір-біріне таяу тұруы шарт болды. Комиссия мүшелері олардың орналасатын мекенжайын былай деп шешті:

Дивизияның 1-полкы Свердлов ауданының Буденновка селосында Труд Пахарь ұжымшарының ғимаратына орналасты. Ұжымшардың сиыр қоралары, кеңселері әскерилердің тұрағына айналды. 2-полк осы ауданның Қызылша кеңшарындағы клуб, кеңсе, балалар бақшасы, наубайхана және бірнеше тұрғын үйге тұрақтады. 3-полк қазақ сыра зауытының аумағындағы кеңсе үйлері, қамба, қойма, балалар үйінің ғимараты мен асханасында орналасты. Жедел түрде барлық ғимараттар жөндеуден өткізілді, қажетті жиһаздармен жабдықталды.

Республикалық комиссияның төрағасы, ҚазКСР Халық комисарлары Кеңесі Төрағасының орынбасары Н.Е.Бабкинге ерсілі-қарсылы жолданған қызметтік хаттардан дивизияны жасақтаудың үкімет тарапынан қатаң бақылауда болғанын аңғарамыз. Бірде облаткомның төрағасы Жансақалов, бірде облыстық партия комитетінің хатшысы Бектелеев, облыстық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің меңгерушісі Берденников пен облыстық военком Трофимов әр апта сайын әзірлік барысын шұғыл әрі жедел баяндап тұрған.

Дивизияны қажетті тұрмыстық жабдықтармен қамтамасыз ету үшін былғары өндірісі жедел қолға алынды. Атты дивизияның көлігі де, қаруы да жылқы малы болса керек. Жылқы үстінде әскери оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізу оңай шаруа емес. Жылқы малын әскери іс-қимылға үйрету үшін оның тілін білетін мамандар ауадай қажет. Жылқының ер-тұрманын, жүген-шылбырын, өзге де қажетті бұйымдарды даярлау үшін ел ішінен ісмерлер жинақталды. Соның нәтижесінде 1 айдың ішінде 357 адам дивизия сапында болуға тілек білдірді. Дивизия қатарына Оңтүстік Қазақстан, Алматы облыстарынан 84 адам шақырылды. 26 желтоқсан күнгі мәлімет бойынша, атты әскер дивизиясының құрамына 750 сарбаз өткен екен.

Енді осы жауынгерлерді қажетті киім-кешекпен қамтамасыз ету қолға алынды. Әр ауданға қажетті заттардың тізімдемесі жасалынып, жоспар берілді. Жылдың әр маусымында киетін шолақ тон, етік, мақтадан тігілген шалбар, күртеше, баскиім әзірленді. Оның орындалу уақыты қатаң қадағаланды.

Ат әбзелдерін дайындауда іркіліс болғанын байқаймыз. 26 желтоқсан күнгі мәлімет бойынша, 236 ер-тоқым, 255 жүген дайындалған.

Бұл жоспардағыдан аз еді. Мұндай бұйымдарды әзірлеу үшін былғары өндірісін жолға қою қажеттігі аңғарылды. Мәселен, осы уақытта 470 өгіз терісі, 800 жылқы, 55 өгізше, 375 қой терісін дайындау қажет болғанымен қолда бары аз ғана еді. Бұл әзірліктің өз дәрежесінде жүргізілуіне кедергі келтірді.

Дивизияны жасақтау барысында облыс басшылығы күнтүн демей еңбек етсе де қиындықтар алдан шығып отырған. Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы М.Ткаченконың Қазақстан Компартия Орталық комитетінің бірінші хатшысы Ж.Шаяхметовке 1942 жылдың 7 ақпанында жолдаған хатында аттарды қажетті жемшөппен қамтамасыз ету барысы өте қиындықпен жүріп жатқанын, осыған байланысты көмектесулерін өтінген. Ақпан айында өзге өңірлерден облысқа 600-700 тонна шөп жеткізілуін сұранған. Осыған қоса дивизия жауынгерлері үшін қажетті азық-түлік өнімдерінің де азайғанын айтады. Күн сайын дивизия 2-7 тонна картоп, 765 келі орамжапырақты қажет еткен. Осы қиындықтан құтқару үшін 15 наурызға дейін 100 тонна картоп, 28,3 тонна орамжапырақ жіберуді өтінген. Әрине, партия облыс басшысының бұл өтініш-тілегін аяқсыз қалдырмады.

1941 жылдың 12 желтоқсанында 610 жылқы қабылданған. Алматы облысынан әкелінген 543 бас жылқының комиссияның шешімі бойынша 110-ы жарамсыз, Ақтөбе облысынан жеткізілген 246 жылқының 88-і, Оңтүстік Қазақстан облысынан жеткізілген 615 жылқының 23-і, Алматы облысының Алакөл ауданынан жеткізілген жылқының арасынан 2 жылқы Сібір жарасы ауруына шалдыққан екен. Қалған 55 жылқыны кеселінен айықтыру үшін карантиндік шектеуге қойылды. 400 жылқы да қосымша қор үшін осында қалдырылды. Красногор аудандық партия комитетінің хатшысы К.Асқарбеков облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы М.Ткаченкоға жолдаған хатында Қордай ауданынан жеткізілген 56 жылқының 8-інен комиссияның мұқият қарауының нәтижесінде ауру шыққанын, қалған 63 жылқы дивизияға өткізілгенін баян еткен.

 Облыс ресурстарынан қарастырылып, дивизияға 9 автокөлік бөлінді.

1942 жылдың 25 шілдесінде дивизияның майданға аттанатыны туралы хабар жетті. Бұл жайлы архивтегі 282-қор, 1-тізімдеме, 339-іс, 22-қорапта кеңінен қамтылған.

14 эшелонға тиелген атты әскер дивизиясының соңғы эшелоны 1 тамыз күні таңғы сағат 8.05-те майданды бетке алды. Мұның алдында 30 шілде күні таңертең сағат 7.30-да Жамбыл қаласындағы «Спартак» стадионында 105-ұлттық атты әскер дивизиясына ҚазақКСР Жоғарғы Кеңесінің туы тапсырылды. Туды облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы М.Ткаченко салтанатты жағдайда дивизия өкілдеріне табыс етіп, дивизия командирі, генерал-майор Керзимов қабылдап алды.

Салтанатты сәт үстінде дивизия жауынгерлері Панфилов атындағы 8-гвардиялық дивизияның жауынгерлері сияқты Отан қорғау жолында жауымен шайқасып, ерліктің ерен үлгісін көрсететіндіктеріне сендірді. Олардың қатарында 3-полктың минометшісі Әбжапар Бидашов қасиетті Отанның жерін қорғауда ешнәрседен аянып қалмайтындығын айтса, ал Қордай ауданының перзенті, бұрынғы тракторшы Досым Қалиев жаумен қасық қаны қалғанша шайқасуға қаруластарын шақырды. Әбдірахман Жансақалов дивизия комиссары ретінде майданға аттанған еді.

Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Шиелі ауылының перзенті Әбдірахман Жансақалов 1910 жылы кедей шаруаның отбасында дүниеге келген. Буыны бекімеген жас бала жастай жетім қалып, ауыл байларының малын бағып күн көрген. 1929 жылы Қызылорда қаласына келіп, 2 жылдық кооперативтік курсты, содан соң кооперативтік техникумды тәмамдаған. 1930 жылы Жаңақорған аудандық партия комитетіне жұмысқа орналасады. Аудандық партия комитетінің жолдамасымен Балқашстрой құрылысына жіберіліп, осында ВТУЗ-дың даярлығынан өтеді. 1935 жылы Алматыдағы марксизмленинизм курсын аяқтап, іле-шала марксизм-ленинизм институтына жіберіледі. 1937 жылы Батыс Қазақстан обкомына партия жұмысына жолдама алады. 1938 жылы Батыс Қазақстан облысының облыстық білім бөлімін басқарады. Осы жерден Жамбыл облысына жолдама алады. 1940 жылы КП/Б/К Жамбыл облысы бойынша ұйымдастыру бюросының кадр жөніндегі бөлім бастығының орынбасары қызметін атқарады. Осы аралықта Шу ауданында жүргізілген «Тасөткел» суқоймасының құрылыс бастығының орынбасары қызметінде ұйымдастырушылық қабілетімен танылады. Соның нәтижесінде КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының жарлығымен «Құрмет белгісі» орденімен марапатталады. 1941 жылдың сәуірінен Жамбыл облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметінде болды.

Жаз айында дивизия Мәскеу әскери округінің құрамына келіп қосылды. 105-ұлттық кавалериялық атты әскер дивизиясының командирі болып полковник Владимир Калашников тағайындалды. Жау бұл кезде Мәскеуден 200 шақырым қашықтықта жолындағысын жайпап, ентелеп келіп қалған еді. Дивизия құрамындағы 4 165 адам қайтадан шұғыл әскери дайындықтан өткізілді, өйткені Мәскеу маңында өте ауыр соғыстар болатындығы мәлім еді. Мәскеуге қарай шегінген әскери бөлімдердің шығындары ұлғайып, оларды қайта толықтыру, жасақтау қажеттілігі артты. Тылдан жаңа келіп жатқан әскери күштер осы мақсатқа жұмылдырылды. Азаматтық соғыс жылдары атты әскердің қандай рөл атқарғанын баршамыз білеміз. 1941 жылы соғыста атты әскердің соғыс техникасымен мұздай қаруланған жауға қарсы шабуыл қиындық тудырған. Сөйтіп, бұлар жеме-жемге келгенде атты әскерді басқа әскер құрылымдарға қоса отырып соғыс тәсілдерін үйретуге мәжбүр болған. Жамбылдан барған 105-ұлттық кавалериялық атты әскер дивизиясына осы мақсатпен әскери құрамалардың қарамағына берілді.

1943 жылдың 21 қыркүйек күні Жамбыл облыстық Кеңесі атқару комитетінің атына әскери хат келіп түсті. Онда былай делінген екен: «Командования мен саяси бөлім сізге қазақ халқының ардагер ұлы Жамбыл облыстық Кеңесі атқару комитетінің бұрынғы төрағасы Әбдірахман Жансақаловтың қазасы туралы хабарлайды. Жансақалов полк командирінің саяси бөлім жөніндегі орынбасары болып істеді. Өзінің партия, совет орындарында істеген көп жылғы тәжірибесін дұрыс пайдалана отырып, әскери бөлімді соғысқа жақсы әзірлей білді. Оларды социалистік Отанымыз бен коммунистік партияға шексіз берілу рухында тәрбиеледі. Соғыста ержүрек батыр болды. Жауынгерлік тапсырмаларды орындау ісіне офицерлер құрамын жұмылдыра білді. Соғыстағы ерлігі үшін Ә.Жансақалов қаза болғаннан кейін I дәрежелі «Отан соғысы» орденімен наградталды. Жансақаловтың денесі Запорожск облысы, Гуляй Поле қаласының орталық алаңындағы туысқандар бейітіне қойылды».

(Облыстық «Еңбек туы» газеті. 1965 жыл, 12 мамыр)

Архивте сарғайған газет тігінділерін ақтара отырып осы бір тілдей хабарды кездейсоқ таптық. Есіл ер Отан қорғау жолында шейіт болыпты. Архивтен таппаған деректі осылайша газет бетінен көзіміз шалып қалды. Қазір облыстық архив тарапынан «Облыстық атқару комитеті: Кеңестік кезеңде» атты кітапты әзірлеу үстіндеміз. Бұйыртса, бұл дерек сол кітапта жария болмақ.

 Әділбек БАҚҚАРАҰЛЫ,

облыстық мемлекеттік архивт

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар