Жиынға этномәдени бірлестік өкілдері, өңірлік «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігінің мүшелері, мемлекеттік тілді меңгерген этнос өкілдері, тіл үйренушілер, БАҚ өкілдері қатысты.
Клубтың негізгі мақсаты – мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, ұлтымыздың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын дәріптей отырып, қолайлы тілдік орта қалыптастыру.
Жиынды өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Асқарбек Сейлхан, Жамбыл ауданы күрді этномәдени бірлестігінің белсенді мүшесі Сабри Асанов ашты.
Сондай-ақ, арнайы шақырылған қонақтар қатарында Журналистер одағының мүшесі, Ақпарат саласының үздігі Ерман Әбдиев пен облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасы тілдерді оқыту орталығы басшысының орынбасары Перизат Атабекқызы болды.
Бүгінге дейін «Мәміле» пікірталас клубының 7 отырысы ұйымдастырылды. Онда отбасылық құндылықтар, туыстық қатынастар, еліміздің әдебиеті мен тарихы, қоғамдағы жастардың өзекті мәселелері көтерілді. Әр отырысқа мәдениеттанушы, тарихшы, тілдің кәсіби оқытушылары, креативті спикерлер тартылды.

Тіл жанашырларына арналған басқосуда студенттік ассамблеяның төрайымы, тіл жанашыры Аяна Ким қазақ тіліне деген ыстық ықыласын білдіріп, тілге деген сүйіспеншіліктің маңызын атап өтті. Сондай-ақ, әнші, актер, қоғам белсендісі, тіл жанашыры Сергей Семыкин әрбір қазақстандық мемлекеттік тілді құрмет тұтуы тиіс екенін атап өтіп, орамды ойларын ортаға салды.
Жиын соңында «Қоғамдық келісім» мекемесі басшысының орынбасары Сәуле Құрманқұлова мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге үлес қосып жүрген клуб мүшелеріне алғыс хат, сертикаттар мен сыйлықтар табыстады.
Клуб жұмысы алдағы жылы да жалғасын табады. Айта кетерлігі, клубтың аз ғана уақыт ішінде тұрғындар арасында танымалдығы артып, мемлекеттік тілді меңгеруге ниет білдірген түрлі этнос өкілдерінің зор қызығушылығын тудырып отыр деп сеніммен айтуға болады.
Элизат ҚОНЫСБАЙ,
«Қоғамдық келісім» мекемесі
«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен
байланыс» бөлімінің жетекші-сарапшысы




