 
                                        Осы күнге дейін байқау 8 рет ұйымдастырылыпты. Биыл байқау ережесі жарияланғаннан-ақ редакцияға хаттар толассыз келе бастаған. Үш айда 72 шығарма түскен.
Жастардың кітап оқуға қызығушылығын арттыруды, ұмыт бола бастаған детектив жанрын қайта жандандыруды мақсат еткен байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен танымал қаламгерлер қатысқан екен. Мәселен, олардың арасында Алматы қаласының адвокаты Бауыржан Ахметов, Қызылорда облысынан полиция полковнигі, ардагер Әмірбек Шаймағамбетов, жазушы-журналист Нұрлыбек Саматұлы, «Хабар» агенттігінің басқарушы директоры Серік Әбікенұлы, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, медиа-менеджер Ғалымжан Елшібай және басқа да зиялы қауым өкілдері болды.
Биыл Жамбыл облыстық соты да байқауға арнайы жүлделер тағайындап, бұл игі дәстүрге өз үлесін қосыпты. Кешті ««Заң» Медиа-корпорациясының» басшысы Досымбек Өтеғалиев жүргізді. Байқаудың тұрақты қатысушысы Серік Әбікенұлы, жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы және облыстық мәслихаттың депутаты, журналист Оралхан Дәуіт құрамында болған қазылар алқасына Парламент Сенатының депутаты, танымал журналист Нұртөре Жүсіп төрағалық етті.
Жиында сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов: «Қазақ әдебиетінде жаңа бағыттың негізін салып, керегесін кеңейтіп берген қаламгердің туындыларының бүгінгі қазақ қоғамындағы өскелең ұрпақ үшін тағылымдық-тәрбиелік маңызы зор. Осы орайда Кемел Тоқаев атындағы детектив шығармалар байқауы сегіз жылдан бері әдебиеттің жаңа тынысын ашқан ерекше дәстүрге айналды. Жыл өткен сайын ауқымы кеңейіп, жүлде қоры еселеніп, жас қаламгерлерге қанат бітірді. Бұл игі бастама, әдеби дода алдағы уақытта да жалғасын таба беретініне сенімім мол», – деді.
Сонымен қатар жиында облыстық сот төрағасының міндетін атқарушы Нұрмұхаммат Абидов, «Хабар» агенттігінің басқарушы директоры Серік Әбікенұлы, жазушы журналист Көсемәлі Сәттібаев сөз сөйлеп, қатысушыларға ізгі тілектерін жеткізді.
Байқаудың қорытындысы бойынша бас жүлдені «Мылқау түн» шығармасы арқылы Гүлден Жылгелдиева жеңіп алды. Ал додаға «Қиыс жол» шығармасымен қосылған Айзада Кенжемолдаеваға бірінші орын бұйырды. Екінші және үшінші орын иегерлері де арнайы сертификатпен марапатталды. Басқа да қатысушыларға сыйақы берілді.
Сымбат ҚУАНЫШ







