«AR-AI» жастар газетінің 20 жылдығына орай шағын футболдан турнир өтті
- author AR-AY
- Бүгін, 10:40
- 40
Жарыстың ашылу салтанатында «AULIEATA-MEDIA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бас директорының орынбасары Алпамыс Қазыбаев пен Жамбыл ауданы әкімдігі жастар ресурстық орталығының директоры Жандар Тоқсаба сөз сөйлеп, жарысқа қатысушы командаларға сәттілік тіледі.
Турнирге 6 команда қатысты. Олар екі топқа бөлініп, өзара мықтыны анықтап алған соң 4 команда жартылай финалға шықты.
Алдымен «Жамбыл телеарнасы» мен «ОХШО» командалары кездесіп, финалдық кезеңге берілер жолдаманы сарапқа салды. Бұл кездесуде «ОХШО» командасы мықтылығын дәлелдеп, қарсыластарынан 4:3 есебімен басым түсті. Екінші кездесу «Тараз пресс» пен «Жамбыл жастары» командалары арасында өтті. Жан алысып, жан беріскен ойын «Тараз пресс» командасының пайдасына аяқталды. Есеп 6:3.

Осылайша финалда «ОХШО» мен «Тараз пресс» командалары кездессе, үшінші орынға «Жамбыл жастары» және «Жамбыл телеарнасы» командалары таласты. Тартысқа толы болған кездесулердің қорытындысында «Тараз пресс» командасы бірінші орынды жеңіп алса, екінші орын «ОХШО» командасына бұйырды. Үздік үштікті «Жамбыл телеарнасы» түйіндеді.
Турнир жеңімпаздары бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ бірнеше номинация бойынша жеңімпаздар анықталып, арнайы жүлделер табысталды. Жүлдегерлер қатарынан көріне алмаған «ШТК», «Жамбыл жастары», «Таспагерлер» командаларына да жарысқа белсене қатысқаны үшін сый-сияпат жасалды.





