Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Басты құндылық – тыныштық пен бейбітшілік

Басты құндылық – тыныштық пен бейбітшілік
Автор
Талайдың тағдырын бір арнаға тоғыстырған осынау қасиетті қазақ жерінде жүзден аса ұлт пен ұлыстың өкілдері бір мақсат-мүдде аясында тірлік кешіп келеді. Халқымызда «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деген нақыл сөз бар. Ынтымағы жарасқан елдің ғана болашағы жарқын болары сөзсіз. Ауызбіршілік пен түсіністік, ортақ келісім болған жерде ел игілігі үшін нәтижелі іс болатыны анық.

Қасиетін халқы таныған, киесін көпұлтты жұрты мойындаған Әулиеата жері – қашан да татулық пен бірліктің, ынтымақ пен өзара келісімнің ордасы болған берекелі өңір. Бүгінде мұнда 87 этнос өкілі ортақ Отанымыздың тыныштығы мен тұрақтылығына атсалысуда. Өңірде барлығы 75 этномәдени бірлестік бар. Облыста тұратын әрбір этнос өкілінің ұлтына, тіліне, мәдениетіне, тарихына құрметпен қарау біздің басты міндетіміз.

Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамдық институт ретінде елдегі тұрақтылық пен тұтастықты сақтаудың мызғымас тұғырына айналып отыр. ҚХА-ның осы күнге дейін ұстанған негізгі мақсаты – республикадағы ұлттық саясатты жүргізу және қоғамдағы саяси жағдайларға болжам жасау негізінде қоғамдағы ынтымақты қамтамасыз ететін іс-тәжірибелік ұсыныстарды ойластыру, ел Президентінің республика азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын қорғау кепілі ретіндегі қызметіне атсалысу десек, ұйым бұл үдеден сөзсіз шығып келеді. Келер жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толғалы отыр. Отыз жыл аз уақыт емес. Атамекеннен алысқа кетіп бүгінде Отаным деп табан тіреген түрлі этнос өкілдері еліміздің өсіп өркендеу жолында аянбай еңбек етіп келеді.

Бүгінгі таңда Ассамблеяға этно-әлеуметтік топтарды біртұтас азаматтық ұлтқа интеграциялау, бірлік пен келісім саясаты, жастармен жұмыс, этносаралық қарым-қатынас және этносаралық саладағы медиация, мемлекеттік тілді дамыту мәселелері бойынша ағарту жұмыстарын жандандыру міндеттелген. Этномәдени бірлестіктер мен өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылымдарының қатысуымен негізгі бағыттар бойынша өзара сәйкестікті нығайтуға, бейбітшілік пен қоғамдық келісімді сақтауға, мемлекеттік тілді насихаттауға бағытталған ауқымды жобалар дәстүрлі түрде іске асырылуда.

Биыл Тараз қаласында және аудандарда ағартушылық «Достық керуені» және дәстүрлі «Бейбітшілік және келісім» облыстық жобалары жүзеге асырылуда. Аталған жобалардың шеңберінде өңірлік ҚХА құрылымдарының, нақтырақ айтқанда, Аналар, Ақсақалдар кеңесінің, «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің, медиаторлардың, Ғылыми-сараптамалық зерттеу тобының қатысуымен ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар, түрлі этнос өкілдерін мемлекеттік тілді үйренуге ынталандыру арқылы қазақстандық бірегейлікті дамытуға бағытталған этнос балалары арасында «Мың бала» республикалық мәдени-ағарту жобасы жалғасын тапты.

Биыл ҚХА Ассамблеясының кезекті «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты XХXІІІ сессиясы өтті.

Сессияда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев күш-жігерімізді біріктіру арқылы ғана болашақ жетістіктердің берік тұғырын қалап, саясатта, экономикада, мәдениетте және әлеуметтік салада түбегейлі өзгерістер жасай алатынымызды жеткізді. Ел болып жұмылып еңсеретін істердің жайын да атап өтті. Бұл тұрғыда сессия отырысында аталған тапсырмаларға сай Жамбыл облысында жүйелі жұмыстар  жүргізілуде.

Қазақстан дүние жүзінде ешкімге ұқсамайтын, тек қана өз еліміздің ішкі ерекшеліктерінен туындайтын уақыт сынынан сүрінбей өткен саяси, әлеуметтік, экономикалық және ұлттық дамудың қазақстандық моделін қалыптастырды. Бұл барша қазақстандықтардың абырой-беделін бұрын-соңды жетпеген биікке көтеріп, осы мемлекетке негіз болған ұлтымыздың дарқан мінезі мен парасатын күллі әлемге паш етті. Қазақ халқы өзінің ерекше қасиетінің арқасында елімізді мекендеген этностардың басын қосып, мемлекет құраушы ұлт, тәуелсіз ел бола алатынын көрсетті.

Еліміздің кең пейілі, тарихи төзімі мен ұлтаралық татулық негізінде Тәуелсіз Қазақстанда саяси тұрақтылық берік орнықты. Біздің бұл өнегемізді әлемнің аса беделді сарапшылары мен халықаралық ұйымдары бірауыздан әлем халықтарына үлгі боларлық басты жетістігіміз деп мойындады.

Бір шаңырақ астында тату тәтті өмір сүру – қазақтың қонақжайлылық, бауырмалдық сіңген таза қанында деп білеміз.

Назерке ОҢҒАР,

«Қоғамдық келісім» мекемесінің ақпараттық

жұмыс және қоғаммен байланыс бөлімінің жетекші-сарапшысы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар