Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Мемлекеттілік дәстүрі жаңғырған кезең

Мемлекеттілік дәстүрі жаңғырған кезең
Автор
Республика күні – бұл қазақтың сан ғасырлық мемлекеттілік дәстүрі жанғырған, бостандық үшін күрескен бабалар арманы ақиқатқа айналған күн.

1990 жылы 25 қазанда Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Жоғарғы Кеңесінің шешімімен Қазақ ССР-інің Мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміз үшін үлкен тарихи оқиға болды.

Декларация – еліміздің тәуелсіздік алуына жол ашқан ақжолтай құжат болды. Бұл құжат Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негізін қалыптастырды. Осы сәттен бастап Қазақстан жеке мемлекет ретінде таныла бастады. Елімізде саяси дербестіктің алғашқы лебі есті. Ел егемендігін бүкіл дүние жүзі қолдады.

Еліміздің егемендігін айғақтайтын құжаттың  қабылданғанына биыл 35 жыл толып отыр. Егемендік туралы декларацияның қабылдануымен егеменді мемлекеттіліктің іргелі қағидаттары ретінде Қазақстанның жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздері бекітілді. Алғаш рет ел аумағының тұтастығы, оған қол сұғылмайтындығымен қатар, қазақ халқының және Қазақстандағы басқа да этнос өкілдерінің төл мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету мен дамыту, ұлттық қадір-қасиетті нығайту сияқты мемлекеттік қағидаттар пайда болды. Құжатта саяси, экономикалық және әлеуметтік мәселелерді өз бетінше шешу принципі де жарияланды. Осы кезден бастап демократиялық қоғам құру мақсатында ел ішіндегі қоғамдық-саяси құрылымға біраз өзгерістер енгізіле бастады. Қазақстан өзінің ішкі әскерлерін, мемлекеттік қауіпсіздік және ішкі істер органдарын құру құқығын алды. Президент мемлекет басшысы, әкімшілік-атқарушы жоғарғы биліктің басшысы болып танылды. Осы декларацияның арқасында кеңестік заңдарды қолданудан бас тартып, өз Ата Заңымызды құруға қадам бастық. Осы қағидаттардың негізінде көп кешікпей 1991 жылғы 16 желтоқсанда еліміз өз Тәуелсіздігін жариялады. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заң қабылданды. Осылайша еліміз ешқандай дүрбелеңсіз тәуелсіздікке қол жеткізіп, ата-бабаларыз аңсаған азат елге айналдық.

Тарихқа үңілсек, жоғарыда айтқандай Республика күні мемлекеттік мереке болып алғаш рет 1995 жылы қазанда жарияланды. 2009 жылы «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңға өзгерістер енгізіліп, Республика күні мемлекеттік мерекелер тізімінен алынып тасталды және бұл әдеттегі жұмыс күніне айналды.

Елдікке бастаған ерекше күн мерекелер қатарынан алынып тасталғанымен, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев оны қайтадан атаулы күндердің бірі етіп бекітуі көпті ерекше қуантқан жайт болды.

2022 жылы Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды.

«Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан, қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылғы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын. Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек» – деді Мемлекет басшысы өз сөзінде.

Осы бастамадан кейін Қазақстан Республикасының Парламенті «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңға түзетулер енгізді.

Осылайша 25 қазан – Республика күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен ұлттық мереке болып бекітілді. Сөйтіп арада 13 жыл уақыт өткеннен кейін Республика күні қайта тойлана бастады.

Иә, Республика күнінің өз мәнінде қайта аталып өтетін болғаны – ортақ қуаныш.

Мұндай ұмтылыс халықты біріктіреді, барлық азаматтарды бостандық, теңдік және тәуелсіздік идеялары мен құндылықтары төңірегінде біріктіреді. Сондықтан бүкіл әлем бойынша және әртүрлі елдерде Республика күні тәуелсіздік жолындағы ел тұтастығы пен бірлігі мерекесін білдіреді. Егемендікті жариялау – әрбір мемлекет тарихындағы маңызды қадам. Мысалы, Үндістанда Республика күні елдің британдық доминион мәртебесінен республикаға өтуін белгілейтін Үндістан Конституциясының қабылданған күні 26 қаңтарға сәйкес келеді. Үндістанның тағы екі ұлттық мереке – Тәуелсіздік күні және Махатма Гандидің туған күні аталып өтіледі. Бразилияда да осындай мереке бар. 15 қараша Бразилия Республикасын Жариялау күні деп белгіленген. 1889 жылы дәл осы күні әскери төңкеріс болып, нәтижесінде монархиялық басқару формасы жойылып, президенттік республика құрылды.

Бүгінде еліміздің егемендігі қалыпты нәрсе ретінде қабылданады. Бірақ, тәуелсіздік ата-бабаларымыздың ерен еңбегінің нәтижесі болғанын әрдайым есте ұстаған жөн. Олардың ұрпақтары ретінде біздің алдымызда Қазақстанның тәуелсіздігі мен егемендігін сақтау мен нығайтудың жоғары мақсаты тұр.

Қазіргі таңда Республика күні – еліміздің басты ұлттық мерекесі. Биыл біз бұл мерекені осы мәртебеде төртінші рет атап өтеміз.

Республика күні – халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайтатын, бірлігімізді бекемдеп, ынтымағымызды арттыратын айшықты мереке. Бұл атадан келе жатқан бірлік пен ынтымақтың, елдіктің ұлы жеңісі әрі жемісі. Республика күні халықтың бірлігі күні деп те сеніммен айтуға болады.

Олай болса, Тәуелсіздік тұғырын нығайтып, жаңа Қазақстанның туын жықпай, мемлекетімізді биіктерге көтеру – бәрімізге ортақ міндет.

Дана халқымыз «Жақсы сөз – жарым ырыс» дейді. Республика күні тілегіміз – түзу, ниетіміз – ақ, көңіліміз кіршіксіз қалыпта Отанымыз – Қазақстанмен мақтанып, бірлігімізді нығайтып, елдігімізді танытайық. Елдікке бастаған мерекеде бірге қуанайық.

Бабалар аманаты – егемен еліміздің еңсесі ешқашан түспесін!

Көк туымыз желбіреп, еліміздің мәртебесі асқақтай берсін!

Асан ТІЛЕМІСОВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар