
Фестиваль шымылдығы қатысушылар мен құрметті қонақтарды қарсы алу рәсімімен басталды. Қызыл кілеммен жүріп өткен театр қайраткерлері Асқар Тоқпановтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті. Бұл – қазақ театрының дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлғаға деген құрметтің айқын көрінісі.
Сахнада Асқар Тоқпановтың бейнесі көрсетіліп, жасанды интеллект арқылы қайта жаңғырған даусымен сөзі тыңдалды. Арнайы қойылған актерлік миниатюралар мен көріністер де көрерменге ерекше әсер сыйлады.
Іс-шараға арнайы қатысқан облыс әкімі Ербол Қарашөкеев фестиваль қатысушыларын және театр өнерін сүйер қауымды құттықтап, өз ізгі тілегін білдірді.
– Қадірлі театр сүйер қауым! Киелі Тараз жеріне қош келдіңіздер!
Баршаңызды республикалық театр фестивалінің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын!
Театр – бұл жай ғана өнер ордасы емес, театр – ұлттың жүрегі, руханияттың қайнар көзі. Ол – халқымыздың салт-дәстүрі мен тарихын, бүгіні мен ертеңін бейнелейтін өмір шежіресі.
Елімізде өнер мен мәдениетке, соның ішінде театр саласына тұрақты түрде қолдау көрсетіліп келеді. Өйткені театр сахнасында көтерілген әрбір мәселе – қоғамның бүгінгі тынысы. Мұнда қойылым ғана емес, өмірдің өзі өріледі.
Актердің шынайы шеберлігі мен режиссердің көрегендігі көрерменге терең ой салып, рухани байытады, көкейдегі сауалға жауап іздетеді. Сондықтан театр – тәрбиенің мектебі, парасаттың биігі. Ол жас ұрпақты елін сүюге, әділдік пен адамгершілікке баулитын ұлы құрал.
Мемлекет басшысының 2025 жылғы 14 наурыздағы Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында мәдениет пен театр өнеріне айрықша назар аударуы – соның айқын дәлелі. Президентіміз өз сөзінде: «Тәуелсіздік жылдарында мәдениет саласында көп жұмыс атқарылды. Сахна өнеріне құштар жастардың көбеюі – қуанышты жайт. Әсіресе, аймақтарда театрларды салуға және дамытуға ерекше мән беру керек», – деп атап өткен болатын. Бұл бастама өңірімізде көптен бері көтеріліп жүрген мәселенің бірі – жастар театрының ашылуына түрткі болды. Халық сұранысын ескере отырып, «Тараз» жастар театры студиясы ашылып, өңірдің мәдени өміріне жаңа серпін берді.
Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театры бүгінде еліміздегі іргелі өнер ордаларының бірі. Театрдың іргетасын қалаған ұлт өнерінің корифейлері – Шәріпбай Сәкиев, Мұхамедқали Табанов, Сәти Үмбетбаев, Сатылған Атамқұлов, Жомарт Абызбаев, Отарбай Тұрымқұлов, Тәжімет Әлмұхамедов, Нұргүл Майтанова, Молдаш Сәкиев, Тұраш Әбуов сынды өнер майталмандарының еңбегі ұрпақтан ұрпаққа үлгі болып келеді. Олардың салған сара жолы мен қалыптастырған дәстүрі бүгінгі буынның шығармашылығында өз жалғасын табуда.
Жамбыл театрының өзіндік мектебі қалыптасып, жаңа режиссуралық ізденістермен, тың қойылымдармен толығып келеді.
90 жылдық тарихы бар қасиетті қара шаңырақтың ұжымына рухани құндылықтарымызды дәріптеудегі еңбектері үшін шынайы алғыс білдіремін.
Барша театр қызметкерлеріне зор шығармашылық табыс, жаңа жетістіктер мен шабыт тілеймін!
Театрдың бүгінгі атауы да қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби режиссер, ұстаз, профессор, Қазақстанның халық артисі Асқар Тоқпановтың есімін иеленуі – үлкен мақтаныш. Сондықтан, мәдени мұрамызды дәріптеу және дара тұлға есімін ұлықтау мақсатында өткізіліп отырған театрдың 90 жылдығы мен Асқар Тоқпановтың 110 жылдық мерейтойына арналған республикалық театр фестивалі құтты болсын! Фестивальға қатысушы барлық театр ұжымдарына сәттілік пен шабыт тілеймін! Киелі өнер жолындағы еңбектеріңіз жемісті болып, шығармашылық табыстарыңыз арта берсін! Рухани-мәдени байлығымызды дамытуда қажырлы еңбектеріңізбен ел ықыласына бөлене беріңіздер! – деген Ербол Шырақпайұлы келесі кезекте мәдениет саласына еңбегі сіңген бірқатар азаматты «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісімен, Құрмет грамотасымен және Алғыс хатпен марапаттады.
Салтанатты сәттің шырайын қазақ театрының ақтаңгері, КСРО және Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Асанәлі Әшімов пен Қазақстанның халық артисі, Театр қайраткерлері одағының төрағасы Тұңғышбай Жаманқұловтың сахнаға шығып, жүрекжарды естеліктерімен бөлісуі аша түсті. Қос тұлға да Асқар Тоқпановтың ұлт өнеріндегі орнын ерекше атап өтіп, театр ұжымын мерекемен құттықтады.
Айта кетейік, фестиваль аясында көрермендер бес күн бойы еліміздің әр өңірінен келген үздік театр ұжымдарының қойылымдарын тамашалайтын болады. Атап айтсақ, С.Қожамқұлов атындағы Ұлытау облысының қазақ музыкалық драма театры (Жезқазған) Георг Бюхнердің «Войцек» драмасын, Атырау облыстық Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры Мұхтар Әуезовтің «Қорғансыздың күні» трагедиясын, Р.Сейітметов атындағы Түркістан сазды драма театры Әлдихан Қалдыбаевтың «Жалғыз желкен» драмасын сахналап, өмір мен өнердің, ар мен намыстың арасындағы тартысты көрсететін болады. Сонымен бірге Қ.Қожамияров атындағы республикалық мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театры (Алматы) Ғабит Мүсіреповтің «Қозы мен Баян» трагедиясын, Б.Римова атындағы Талдықорған драма театры Александр Володиннің «Кездесу мен қоштасу» драмасын, Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театры өз репертуарындағы шоқтығы биік қойылымдардың бірі – Міржақып Дулатұлының «Бақытсыз Жамал» трагифарсын сахналайтын болады.
Фестиваль аясында тек қойылымдар ғана емес, шығармашылық-танымдық шаралар да өткізілмек. Солардың бірі – театр сыншылары, режиссерлер, студенттер мен БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен «Тоқпанов – феномен!» атты «дөңгелек үстел». Фестиваль қатысушылары үшін арнайы ұйымдастырылған экскурсия барысында қонақтар Тараз қаласының тарихи-мәдени орындарын тамашалайтын болады.
Айжан ӨЗБЕКОВА