
Басқарма басшысының айтуынша, қазіргі уақытта облыста 1,2 миллион халық (337,1 мың отбасы) бар екен. Отбасылардың әлеуметтік-материалдық жағдайын санатары бойынша жіктеп, нақты жағдайы төмен отбасылармен жұмыс жүргізу мақсатында «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесі құрылып, 2024 жылдың тамыз айыннан бастап жұмыстар қарқынды басталып кеткен.
– Облыстағы халықтың әл-ауқат деңгейі төмен Д және Е санаттарындағы халық саны 2025 жылғы 10 қаңтардағы жағдай бойынша 98,8 мың отбасыны немесе облыс халқының 29,1 пайызын құраған болатын. Үкімет тарапынан белгіленген межеге сәйкес 2025 жылдың соңына дейін облыста Д және Е санаттарындағы отбасыларды 7 пайызға немесе 6 916 отбасыға азайту межесі қойылды. Жалпы жоспар 91 888 отбасыға дейін төмендету. Биылғы 4 қазандағы жағдаймен Д және Е санаттарындағы отбасылардың саны 87 562-ні құрап, Үкімет белгілеген межеден 4 326 отбасыға немесе 62,5 пайызға асыра орындалды. Бүгінгі таңда Тараз қаласы мен аудан әкімдіктеріне қойылған межелер толығымен орындалды. Тиісті облыстық мекемелерге «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесіне пайдаланушы ретінде қарау мүмкіндігі бар. Осы мәселелер бойынша «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесімен интеграцияланған тиісті ақпараттық жүйелері бар мекемелер аталған азаматтардың тізімін ала отырып нақтылау жұмыстарын жүргізуі қажет, – деді Еркін Егембердіұлы төлқұжаттары жарамсыз немесе құжаттарының мерзімдері өткен адамдар санының өскенін сөз етті.
Сондай-ақ «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыстарын жайын да баяндады.
Жиында облыс әкімі Д және Е санатындағы отбасылардың ішінен биыл қанша отбасы жоғары санатқа ауыстырылғанын сұрады. Сондай-ақ Д және Е санаттарына жаңадан қанша отбасы енгізілгенін және олардың бұл санатқа енгізілуінің негізгі себептері жайлы сауалын жолдады. Ербол Шырақпайұлы бейресми жұмыс атқаратын және жұмыссыз азаматтарға жаңа жұмыс орындарын ұсыну туралы берілген тапсырманың орындалу барысына да тоқталды.
Басқарма басшысы ұсынған мәліметтерге сәйкес, қазіргі уақытта жұмыссыз ретінде 23 720 адам тіркелген. Оның ішінде 9 493 адам ғана жұмысқа орналасқан. Бұл жоспардың 40 пайызға ғана орындалғанын білдіреді. Осыған байланысты Ербол Шырақпайұлы жұмысқа орналастыру көрсеткіштерінің төмен болу себебін және аталған бағытта қандай нақты жоспарлар мен шаралар қабылданатынын сұрады.
Басқарма басшысының айтуынша, жыл басынан бері «Отбасының цифрлық картасы» жүйесіне енгізілген өзгерістерге байланысты 31 500 отбасы жоғары санаттарға ауысқан. Ал Д және Е санаттарына 18 400 отбасы қосылған. Аталған отбасылардың осы санаттарға қосылуының негізгі себептерінің бірі – отбасы мүшелерінің тоқсан күннен асқан институционалды белгілерінің болуы және кейбір отбасы мүшелерінің кредиттік несиелерін тоқсан күннен аса өтей алмауы. Мұндай жағдайларда несие тарихы бойынша көрсеткіш 250 баллға дейін төмендеп кететін көрінеді. Десе де Еркін Егембердіұлы қаржылық тұрақсыздыққа тап болған отбасылармен жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.
– Екінші сұрағыңызға келсем, биыл халықты жұмыспен қамту картасы аясында 65 00 жұмыс орнын құру жоспарланған. Қазіргі таңда 50 мыңға жуық адам еңбекпен қамтылған. Бұл жоспардың 76 пайызға орындалғанын көрсетеді. Жыл соңына дейін жоспар толық орындалады деп күтілуде. Сонымен қатар жұмыссыз ретінде тіркелген 23 720 адамның 12 мыңы субсидияландырылған жұмыс орындарына орналасса, төрт мыңнан аса тұрғын жұмыстан айырылғаннан кейін жергілікті бағдарламалар арқылы қайта жұмысқа тартылған. Бұдан бөлек, 1 800 азамат мемлекеттік грант алып, жеке кәсіпкерліктерін ашқан. Осы азаматтар кәсіп ашқаннан кейін жұмыссыздар қатарынан шығарылады, – деді Е.Келесов.
Сондай-ақ облыс әкімі ақпараттық жүйе деректері бойынша орта білім беру мекемелеріне бармайтын 5 903 бала тіркелгенін атап өтіп, олардың шынымен де білім процесінен тыс қалу себебін және мектепке дейінгі біліммен қамтылған 7 мыңнан астам балаға қатысты қабылданып жатқан шаралар жайын сұрады.
Облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Нұрбол Оршыбеков барлық баланың біліммен қамтылғанын, негізгі мәселе ұлттық білім беру деректер қоры мен отбасылық цифрлық карта жүйесінің өзара интеграциясының болмауында екенін айтты. Соның салдарынан деректерде 4 мыңнан астам сәйкессіздік анықталған. Қазір бұл тізім өзектендіріліп жатыр екен. Басқарма басшысы бұл жұмысты аяқтауға уәде берді.
Мектепке дейінгі білімге қатысты 3-6 жас аралығындағы балаларды ақпараттық жүйеде қамту көрсеткіші 98,7 пайызды құрап отыр. 5 мыңнан астам бала ата-аналардың шешімімен үйде тәрбиеленуде, олардың көбі үш жасқа дейінгі бүлдіршіндер көрінеді. Биылдан бастап 2 жастан бастап балабақшаға қабылдау басталғандықтан, бұл көрсеткіш азаяды деп күтілуде.
Сонымен қатар облыс әкімі жеке кәсіпкерлік, шаруа және фермерлік қожалықтарда әлеуметтік төлем жүргізбейтін 9 058 адам тіркелгенін, бұл санның 21 қаңтармен салыстырғанда 40 адамға немесе 0,4 пайызға артқанын жеткізді. Осы мәселе бойынша еңбек инспекциясы департаментінің басшысынан түсініктеме алынып, Тараз қаласы мен аудан әкімдерінен «Отбасының цифрлық картасы» мен тіркеусіз жүрген тұрғындар бойынша нақты атқарылып жатқан шаралар сұралды.
– Облыс әкімдігінің білім басқармасы, Тараз қаласы және аудан әкімдіктері заңнама талаптарына сәйкес мектепке дейінгі ұйымдарға бармайтын, орта және техникалық-кәсіптік білім беру жүйесіне тартылмаған балаларды нақтылап, оларды білім беру саласының ақпараттық базасына толық енгізсін. Аталған санаттағы балаларды біліммен қамту шаралары күшейтілсін. Облыс әкімдігінің денсаулық сақтау, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармалары, сондай-ақ Тараз қаласы мен аудан әкімдіктері сақтандырылмаған Д және Е санатындағы азаматтармен түсіндіру жұмыстарын кеңейтіп, оларды жұмысқа орналастыру бойынша шараларды күшейтсін. Облыстық полиция департаменті көші-қон қызметімен және әкімдіктермен бірлесіп тұрғылықты жері бойынша тіркелмеген немесе басқа өңірлерге, елдерге көшіп кеткен азаматтарды тіркеуден шығару жұмыстарын қамтамасыз етсін. Жеке куәлігінің мерзімі өткен азаматтар бойынша түзетілген мәліметтер ұсынылып, әкімдіктермен бірлескен шаралар бекітілген алгоритм аясында жүзеге асырылсын. Мемлекеттік кірістер департаменті кәсіпкерлік қызметпен айналысатын тұлғалардың заңды түрде тіркелуін және міндетті жарналарын толық әрі уақытылы төлеуін қамтамасыз етсін. Жұмыс қарқыны жылдамдатылсын, – деді Ербол Шырақпайұлы.
Жиында сонымен қатар облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нартай Егембердиев тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару туралы баяндама жасап, осыған қатысты негізгі мәселелер талқыланды.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ