Шу ауданында ерекше балаларға арналған алғашқы иппотерапия орталығы ашылды
- author AR-AY
- Бүгін, 12:55
- 21

Бұл медициналық, психологиялық және әлеуметтік оңалтуға бағытталған ерекше жоба.
Жаңа орталықтың ашылуы ата-аналар мен мамандар үшін ғана емес, бүкіл аудан тұрғындары үшін үлкен қуаныш болды. Енді ерекше қажеттіліктері бар балалар өз өңірінен шықпай-ақ тиімді көмек ала алады.
Орталықты құру идеясы игі іске бейжай қарамайтын, белсенді тұрғындардың бастамасы. Олардың мақсаты қозғалыс, сөйлеу және қабылдау қабілетінде бұзылыстары бар балаларға атқа міну арқылы оңалуға мүмкіндік беру.
Иппотерапияның тиімділігі бұрыннан дәлелденген. Сабақ кезінде бала бұлшық еттерін нығайтып, қимыл-қозғалыс үйлесімін дамытады, сонымен қатар жануармен қарым-қатынас жасау арқылы сенім мен қуанышты сезінеді.
Орталықтың ашылуына жергілікті билік өкілдері, қоғамдық ұйымдар, педагогтар мен ата-аналар қатысты. Шара барысында жылы сезім мен үмітке толы атмосфера орнады барлығы да бұл оқиғаның маңыздылығын жақсы түсінді.
Іс-шарада аудан әкімі Бақытжан Жанибеков сөз сөйлеп, жобаның аймақ үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті.
– Бүгін біз жай ғана оңалту орталығын емес, нағыз ізгілік пен қамқорлық ордасын ашып отырмыз. Иппотерапия – балаларға өзіне деген сенімділік пен өмірге деген қуаныш сыйлайтын ерекше мүмкіндік. Осындай жобаның дәл біздің ауданда жүзеге асқаны біз үшін үлкен мақтаныш, – деді аудан әкімі.
Сондай-ақ ол әлеуметтік бастамаларды қолдау жергілікті биліктің басым бағыттарының бірі болып қала беретінін айтты.
– Ерекше балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар үшін бұл істің маңызы зор. Сондықтан аудан әкімдігі ұйымдастырушылық және материалдық тұрғыда барынша қолдау көрсетуді жалғастырады. Біз тек бірігіп қана әр балаға қамқорлық пен назар аударылатын қоғам құра аламыз, – деді Бақытжан Жанибеков.
Орталық барлық талаптарға сай жабдықталған және қауіпсіз әрі тиімді сабақ өткізуге арналған қажетті құралдармен қамтамасыз етілген. Мұнда тәжірибелі мамандар жұмыс істейді: екі иппотерапия нұсқаушысы, медбике, психолог, әлеуметтік қызметкер, ветеринар және басқа да сала мамандары.
Орталық жетекшісінің айтуынша, биылғы бағдарлама екі айға созылып, 40-тан астам баланы қамтиды. Сабақтар әр баланың жағдайы мен ерекшелігіне қарай жеке және шағын топтарда өткізіледі.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл орталықтың ашылуы үлкен істің бастамасы ғана. Келесі жылдан бастап кешеннің аумағын кеңейту, мамандар санын көбейту және жаңа оңалту әдістерін енгізу жоспарлануда.
– Біз бұл орталық балалар тек ем алып қана қоймай, өздерін бақытты әрі қажет сезінетін орынға айналсын дейміз, – дейді Шу қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Меліс Бейсембаев. – Мұнда мейірім мен сенімге толы жылы атмосфера қалыптасады.
Ашылу рәсіміне келген ата-аналар қуаныштарын жасыра алмады. Көптеген отбасы үшін мұндай орталықтың ашылуы көптен күткен үміттің жүзеге асуы.
Бұған дейін иппотерапия сабақтары тек Тараз қаласы мен Меркі ауданында ғана өткізілетін. Енді мұндай мүмкіндік Шу ауданының балаларға да қолжетімді болды. Жаңа орталық тек ем алу орны ғана емес, қамқорлық пен адамгершіліктің нышаны.
Осындай игі бастамалар әрбір жаңа қадамымен ауданның әлеуметтік жауапкершілігі мен өзара қолдау үлгісін қалыптастырады. Ал алғаш рет атқа мінген балалардың күлкісі – жақсылықтың шын мәнінде шипа болатынының айғағы.