
Енді қажылық визасы тек Nusuk платформасы арқылы беріліп, оған ресми медициналық анықтама қоса ұсынылуы тиіс. Денсаулығы қажылық жасауға жарамсыз деп танылған адамдарға виза берілмейді.
Барлық министрліктер мен қажылықты ұйымдастыру мекемелері үміткерлерді қажылық парызын өтеуге кедергі келтіретін аурулар мен жағдайлардың бар-жоғын анықтау мақсатында мұқият медициналық тексеруден өткізуге міндетті.
Сауд Арабиясы Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, келесі санаттағы адамдарға қажылыққа баруға рұқсат етілмейді:
диализді қажет ететін бүйрек жеткіліксіздігі бар науқастар;
жүрек жеткіліксіздігімен ауыратындар;
үздіксіз оттегін қажет ететін өкпе аурулары бар адамдар;
бауыр жеткіліксіздігі белгілері бар бауыр циррозымен ауыратындар;
ауыр психикалық және неврологиялық бұзылыстары бар тұлғалар, соның ішінде кәрілік деменциясы барлар;
жүктіліктің соңғы триместріндегі және асқыну қаупі жоғары жүкті әйелдер.
Сондай-ақ белсенді жұқпалы аурулары бар (туберкулез, геморрагиялық қызба және басқа қауіпті инфекциялар), химиотерапия немесе иммуносупрессивті ем қабылдап жүрген адамдарға да қажылыққа баруға тыйым салынады.
Қажылық істері министрлігі жалған ақпарат ұсынған немесе жаңа талаптарды бұзған тұлғаларға қатысты қатаң шаралар қолданылатынын ескертті.
Қажылық пен умраны ұйымдастыру және өткізу жөніндегі ұлттық қоғамдық кеңес қажыларды жаңа ережелерді бұлжытпай орындауға шақырып, бұл талаптардың басты мақсаты — қажылыққа қатысушылардың өмірі мен денсаулығын қорғау екенін атап өтті.