
Редакцияда әр сәрсенбі «Газетный день» болады. Газетті беттеп, таңғы сағат 4-5-терде баспаханаға апарып өткізгенше мен де қайтпай жүретінмін. Корректор секілді мәтін оқып, «барып кел-шауып кел» қызметіне жарағаныма мәзбін өзімше. Ал жазғаным нөмірге шықса, онда тіпті қуанып, автор ретінде тұрған аты-жөнімді қайта-қайта оқып газетті қолға алғанша асығатынмын. Сонда бәрі маған: «Сенің орныңда болғанымызда үйде ұйықтап жатар едік», –деп күлетін.
Мектеп бітіріп, журналистика мамандығының 1-курсында оқитын кезімде телеарнада тағылымдамадан өтіп жүргенімді көрген Болат ағай: «Журналист болам десең, алдымен газеттен баста. Газетте жұмыс істеген журналист телеарна мен радиода да еркін еңбек ете алады. Маған кел, алдымен келісімшарт бойынша жасайсың, одан соң көреміз», – деді. Солай 19 жасымда «AR-AI» газетіне жұмысқа кірдім. Одан кейін бір айдан соң штатқа қабылдандым.
Болат ағадан мақтау да, ұрыс та естіген кездер көп болды. Жұмысқа жан-тәнімен берілген, қарамағындағы әр қызметкеріне шын жанашыр басшы еді. Көп нәрсені үйреткен, журналистикаға баулыған нағыз ұстазым болды. Осы күнге дейінгі әрбір жетістігімнің артында сол кісінің еңбегі жатқанын айта аламын.
Гүлнұр Ембердиева, Алтынбек Қартабай, Дәулет Төленді, Есет Досалы бастаған аға-әпкелер жаңадан келген мені барынша қолдап, жол көрсетті. Алыс жерге ақпаратқа жіберсе, адасып қаламын ба деп Нұрболат Әлдибекке қолқа салатынмын. Ол бір қалжыңдап алып, бірге алып баратын. Өркен Кенжебек елімізге танымал, мықты кісілермен көп араласатын. Астанада билік басында отырған саясаткерлердің пікірін алып беріп, менің жазатын мақалаларымның маңыздылығын арттыра түсетін.
Ұжымда кіл жастар жұмыс істегендіктен небір қызықты сәттер көп болды. Саятхан Сатылғанов, Табиғат Абаилдаев, Динара Естаева, Бану Жиенбаевалар кабинетте қалжыңдап, ойнап-күліп отырып-ақ жұмыстарын жасайтын.
Ғани Сүгірәлиев компьютермен дизайн жасаудың, мәтін терудің майын ішкен маманы. Тілшілер мақаланы қолмен жазса, ол әп-сәтте теріп тастайтын.
Бірде мақаланың басын ойланып отырып, ақ параққа «Таааак ....» деп қойып, ары қарай мәтінді жазып кетсем керек. Кейін оны Ғани автоматты түрде тере жөнеліпті. Содан газеттің беттері бас редакторға кірер кезде мақаламның тақырыбы «Таааак...» деп тұр. Әбден күлгеніміз бар.
Газет шыққан күні ешқандай кемшілік болмаса екен деп жиналысқа қорқып кіретінбіз. Сонда Маржан Өсерова: «Газет шыққан күні түнімен жұмыс жасаған емес, қылмыс жасаған адам сияқты келеміз», – деп айтушы еді. Келесі нөмірге ұсыныс табу басты проблема болатын. Анша-мұнша тақырыпты Болат аға місе тұтпайтын.
Қазір ойлап отырсам, ол кездегідей мейірімді басшы мен бірлігі жарасқан ұжым баға жетпес байлық екен ғой.
Бүгінде сол ауызбіршілікті бекем ұстап отырған ұжым жастардың жүрегіндегі жалынды сөндірмей, оқырманның жүрегінен ойып тұрып орын алған.
Осындай арайлы «AR-AI» газетін абыроймен басқарып отырған бас редактор Тұрсынбек Сұлтанбеков бастаған барша шығармашылық ұжымды мерейтоймен шын жүректен құттықтаймын!
Құндыз Бөгенбаева,
Жамбыл облысы Полиция департаментінің аға жедел уәкілі