Жамбылда 24,5 млн теңгенің малын ұрлаған топтың басшысы 7 жылға сотталды
- author AR-AY
- Бүгін, 15:34
- 12

Талас ауданы полиция бөліміне аудан тұрғындарының шаруа қожалықтарына тиесілі түйе, жылқы және сиыр малдарының ұрланғаны туралы бірнеше арыз түскен.
Прокуратураның үйлестіруімен облыстық ПД Криминалдық полиция басқармасы және Талас аудандық полиция бөлімі қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде өңірде мал ұрлығын кәсіп еткен қылмыстық топтың әрекеті әшкереленді.
Талас пен Мойынқұм аудандарының 42, 48, 33 және 30 жастағы бес тұрғыны алдын ала сөз байласып, 2024 жылғы ақпаннан бастап бір жылдан астам уақыт бойы жайылымдардан 38 бас түйе, 16 бас жылқы және 1 бас сиырды заңсыз иемденген. Келтірілген жалпы материалдық шығын 24 миллион 550 мың теңгені құрады.
Тергеу барысында ұрланған малдың басым бөлігі табылып, иелеріне қайтарылды.
Барлық фактілер бойынша Қылмыстық кодекстің 188-1-бабымен («Мал ұрлығы») сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп, іс сотқа жолданды.
Сот үкімімен қылмысты ұйымдастырушы 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның үш сыбайласына 3 жылдан шартты жаза берілсе, тағы біреуіне 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.