Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

1 қозы 1 миллион 400 мың теңгеге сатылды

1 қозы 1 миллион 400 мың теңгеге сатылды
Автор
Нарықта құны болмағандықтан шаруалар қойдың терісі мен жүнінен пайда табуды көп жылдан бері ұмытқан. Есесіне еттің бағасы базарда шарықтап тұр. Ақсаңдаған қойға дейін құны аспандаған мына заманда мыңғыртып мал айдамаса да қорасындағы 5-10 тұяқ малының дене тұрқы келісті, өзі салмақты, етті болуына ден қойғандардың қатары бүгінде көбейіп келеді. Дұрыс-ақ, өйткені нарықта сұранысқа не ие болса, соған ден қойғандардың ұтылмайтыны анық.

Жалпы етті қой өсірудің ең басты шарты малды асылдандыру екені баршаға мәлім. Бұл тұрғыда мемлекет малын асылдандырғысы келетіндерге тиісті қолдау көрсетіп келеді. Ол енді өз алдына бөлек әңгіме. Біздің айтпағымыз, қазіргі уақытта даланың да, қаланың да қазағы асылтұқымды мал ұстап, одан алынған тұқымды өзгелерге сатып пайда табуға білек сыбана кірісуінде. Мәселен, өткен сенбіде Жамбыл ауданының «Ас-Ер» мал базарында өткен асылтұқымды қой жәрмеңкесінде осыны аңғардық.

Жалпы бұған дейін облыс көлемінде бірнеше рет асылтұқымды қой көрмесі мен жәрмеңкесі өткенін білеміз. Осы жолғы жәрмеңкеге мал әкелгендердің дені Тараздан болғандықтан қалада отырып-ақ қыруар пайда табуға болатынын ұққандай болдық. Онда әкелінген қошқарлардың кейбірінің салмағы 200 келіге дейін барады екен. Қошқар өсірумен айналысып жүрген шаруалар жәрмеңкеге елге танымал тұқымдарды алып келіпті. Мысалы, «Бульдозер», «Атаман», «Борман», «Гламур» сияқты атауларға ие атақты қошқарлардың тұқымдарына жұрттың қызығушылығы ерекше болды. Әрине, асылтұқымды малдың бағасы да арзан емес. Ондағы қозылардың өзі 100 мың теңгеден басталып, кейбір ірі қошқарлардың бағасы 135 мың АҚШ долларына дейін барды. Ал атағы алысқа кеткен асылтұқымды қойдың кейбірінің құны бұдан да жоғары болуы мүмкін. Өйткені Тараз қаласының «Әли» шаруа қожалығы «Байсары» атты тұқымнан тараған қошқарға сатып алушылар 130 мың АҚШ долларын ұсынғанда, иесі «150 мың АҚШ доллар» деп бермей қойыпты. Иесі 1 қозысын 1 миллион теңгеге сатқанын айтты. Саулықтың бағасы 300 мың АҚШ долларына дейін барады.

Байзақ ауданы, Байзақ ауылындағы «Әлинұр» шаруа қожалығының төрағасы Елнұр Шартықбаев жәрмеңкеге 30 саулық әкеліпті. Асылтұқымды саулықтар 5-15 мың АҚШ доллары аралығында ұсынылды.

Жәрмеңкеде Жамбыл ауданының әкімі Ерлан Қыдыралыұлы да жүрді. Орайын тауып, аудан әкімімен де әңгімелестік. Ерлан Қыдыралыұлы мал бағасын салыстырып көргенін, шаруалар асылтұқымды мал ұстауға ден қоюы қажеттігін, оның ішінде жастар осы кәсіпті қолға алса жаман болмайтынын сөз етті. Сондай-ақ «Ас-Ер» мал базары басшылығына базарды жаңғыртудан өткізу қажеттігі жөнінде тапсырма берілгенін айтты.

– Мұндай қымбат қойды бұрын-соңды сатып алып көрген емеспін. Біздің сатып алып жүргеніміз қарапайым шаруашылық қойлары ғой. Базарды аралап жүріп, 200, 500, тіпті 700 мың теңгеге асылтұқымды қой сатып алып жатқандарды көрдім. Баға әділ, жүйелі деп ойлаймын. Өйткені қой өсірудің өзіндік бейнеті, машақаты бар, – деді Е.Қыдыралыұлы.

Осы жәрмеңкенің өтуіне атсалысқан, анығын айтқанда, ұйымдастырушылардың бірі Елдар Боранбекпен де тілдестік.

– Жәрмеңкені өткізудегі басты мақсат – шаруалардың тәжірибе алмасуына жағдай жасау, малын асылдандыруға ықпал жасау. Біздің облыстың шаруалары Меркіде, Шуда, биыл Қордайда өткен көрме мен жәрмеңкелерге белсенді қатысып келеді. Халықаралық көрмелерге де қатысып жүр. Көрмеге апарылған қой салмағы, дене тұрқы, жүні секілді түрлі талап бойынша сынға түсіп, ішінде лайықтыларының иесі марапатталады. Былтыр Қордай ауданында өткен көрмеде сынға түсіп, үздік шыққан мал иесіне Талант есімді бір ағамыз өз атынан «Нива» автөкөлігін тарту еткен болатын. Осындай үлкен істі шаруалар өздері атқарып жатыр. Тараздағы осы жәрмеңкені де өзіміз ұйымдастырдық. Алдағы уақытта халықаралық көрме ұйымдастырсақ деген ниетіміз бар. Мен де жәрмеңкеге 40 шақты асылтұқымды малымның ішінен 12-ісін осында алып келдім. Оның жетеуі қозы, төртеуі саулық, екеуі қошқар. Қойым Қырғыз Республикасынан шыққан «Арашан» тұқымына жатады. Содан тараған «Гладиатор» мен «Найза» деген қошқарларыма 10 мың АҚШ долларын сұрап тұрмын. Қозылардың бағасы 1 мың, ірілері 2 мың АҚШ доллары, саулық 5 мың АҚШ доллары тұрады. Өзім Тараз қаласына тиіп тұрған Құмжота елді мекенінде тұрамын. Бізде жайылым жер жоқ. Сонда да осындай уақытта малды бір мезгіл маңайдағы арық-атызды жағалатып жайып алуға тырысамыз. Қандайда бір бос жатқан жерді байқап, сұрастырсаң, ол бір дөкейдің жері болып шығады. Біз секілді шаруа баққан адамдар қойын амал жоқ қорада ұстауға мәжбүр. 1 түк жоңышқаны 1500 теңгеден жаз айында сатып алып қойғанмын. Былтыр келісін 80 теңгеден сатып алған жемді биыл 127 теңгеден сатып алмақшымын. Жерге қар түспей жатып жемшөптің бағасы жоғары болып тұр. Еліміздегі ауылшаруашылық саласының басы-қасында жүрген азаматтар «Еттің бағасы қымбаттаса, Қазақстанда мал қалмайды» деген пікір айтып жүр. Мал бағасы көтерілсе шаруалар кәрі-құртаң, жаман-жәутік малын байлап, оған жемшөп алып шаруасын дөңгелетеді, тұрмысын түзейді. Мысалы, қазір Сарысу ауданында кейбір шаруалардың малы жердің оты болмағандықтан шөптің тамырын жеп жатыр. Бұл қыс түспей жатып жұттың зардабы сезіліп жатқанын аңғартуда. Олар жемшөп қымбат болғандықтан малын байлап сатуға құлықсыз, себебі ақтамайды. Осы және жайылымның жоқтығы, халықаралық көрме өткізу секілді мәселелерді осында келген облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Есеновке де айттым, – деді ол.

Жуалы ауданынан келген Дархан Станбеков 20 бас «Байсары» тұқымын әкеліпті. Күреңбел ауылындағы «Жанасыл» шаруа қожалығына тиесілі малдың біреуінің бағасы 500 мың теңгеден басталады. Шаруашылықтағы 1 мың қойдың 600-і саулық болса, жалпы уақ малдың 80 пайызы асылтұқымды.

Сол секілді «Омар» шаруа қожалығының басшысы Дәурен Көпбосыновпен де сөйлестік. Ол бір қошқарына 135 мың АҚШ долларын сұрап тұрды.

Жалпы қой өсірушілердің еңбегін насихаттап, осы салаға қызығушылардың қатарын арттыруды көздейтін жәрмеңкеге Түркістан облысы мен Шымкент қаласынан да 50-ге жуық шаруа қожалық қатысты.

Асылтұқымды қойдың саудасы қызған іс-шарада қазақтың ұлттық ойыны арқан тартыс пен қол күрес ұйымдастырылды. Бәйгенің алдына 100 мың теңге тігілді. Соңынан аукцион ұйымдастырылды. Мысалы, жәрмеңкеде 1 қозы 100 мың теңгеге саудаланса, аукционда ең таңдаулы деген 1 қозы 1 миллион 400 мың теңгеге сатылды.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар