Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ерлік ешқашан ұмытылмайды: Тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан 17 сарбазды еске алу шаралары өтті

Ерлік ешқашан ұмытылмайды: Тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан 17 сарбазды еске алу шаралары өтті
Автор
2026 жылғы 7 сәуір – ел қауіпсіздігі жолында жанын пида еткен ерлерді еске алатын тағылымы терең, жүрекке салмақ салатын ерекше күндердің бірі. Осыдан 31 жыл бұрын, 1995 жылдың дәл осы күні Тәжік-ауған шекарасында қызметтік борышын адал атқара отырып, ерлікпен қаза тапқан Қазақстан Республикасы Ішкі әскерінің (қазіргі Ұлттық ұлан) 17 сарбазының рухына тағзым ету мақсатында кең ауқымды еске алу шаралары ұйымдастырылды.

Бұл күн – тек өткенге тағзым ғана емес, жас ұрпаққа ерліктің, батырлықтың, Отанға деген шексіз сүйіспеншіліктің үлгісін көрсететін маңызды рухани тәрбие мектебі.

Еске алу шаралары таңғы сағат 08:30-да 5513 әскери бөлімінің саптық алаңындағы ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Салтанатты митинг барысында жиналған қауым батырлардың рухына бір минут үнсіздік жариялап, олардың ерлігіне тағзым етті.

Митингте алғаш болып сөз алған Ұлттық ұлан ардагері, запастағы генерал-майор Р.Көшербаев бұл күннің маңыздылығына тоқталып өтті:

– Бүгін біз ел үшін ең қымбат – өмірін құрбан еткен ерлерді еске алып отырмыз. Бұл – жай ғана еске алу емес, бұл – ұрпақ санасына ерліктің мәнін сіңіру. Сол бір қиын кезеңде біздің сарбаздарымыз нағыз батырлықтың үлгісін көрсетті. Олардың ерлігі – мәңгілік. Біз сол аманатқа әрдайым адал болуымыз керек, – деді ол.

Сонымен қатар, 5513 әскери бөлімінің командирі, полковник А.Солтанов та өз сөзінде батырлардың ерлігіне ерекше тоқталды:

– Әрбір сарбаз үшін Отан – қасиетті ұғым. Ал сол Отанды қорғау жолында жанын қиған азаматтардың ерлігі – біз үшін мәңгілік өнеге. Бүгінгі жас буын сол батырлардың жолын жалғап, ел тыныштығын күзетуде. Біз олардың есімін ешқашан ұмытпаймыз, – деп атап өтті бөлім командирі.

Еске алу шаралары 2-кезеңі Жеңіс саябағында жалғасын тапты. Мұнда да тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан сарбаздарға арналған ескерткішке гүл шоқтары қойылып, жиналған қауым батырлардың рухына тағзым етті.

Бұл жерде сөз сөйлеген Тәжік-ауған ардагерлер ұйымының төрағасы, запастағы подполковник С.Жүсіпов сол бір жылдардың ауыртпалығын еске алып, батырлардың қайсарлығын ерекше атап өтті:

– Біз сол кезеңнің куәгеріміз. Қаншама қиындықты бастан өткердік. Бірақ біздің сарбаздарымыз ешқашан мойыған жоқ. Олар соңғы деміне дейін Отан алдындағы борышын орындады. Бүгінгі ұрпақ сол ерлікті білуі тиіс, оны мақтан тұтуы керек, – деді ол.

Іс-шараның салтанатты бөлігі Ы.Дүкенұлы атындағы мәдениет үйінде өткен кеш барысында қаза болған сарбаздардың ата-аналарына құрмет көрсетіліп, марапаттар табысталды. Бұл сәт ерекше толқынысқа толы болды.

Жиналған көпшілікке жүрекжарды сөзін арнаған қатардағы жауынгер Нұрманов Дидардың анасы Нұрманова Назипа апа аналық жүректің ауыр мұңымен қатар, перзентіне деген мақтаныш сезімін жеткізді:

– Балам ел үшін жанын берді. Ана үшін бұл – орны толмас қайғы. Бірақ мен баламды мақтан тұтамын. Ол өз Отанын қорғады. Осындай құрмет көрсетіп жатқан баршаңызға алғыс айтамын. Балаларымыздың ерлігі ешқашан ұмытылмасын, – деді ол көзіне жас алып.

Бұл еске алу шаралары – батырларға деген құрметтің ғана емес, ел бірлігінің, рухани тұтастықтың айқын көрінісі. Әр айтылған сөз, әр қойылған гүл – ерлікке деген тағзымның белгісі.

Тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан 17 сарбаздың есімі – тарих бетінде алтын әріппен жазылған. Олардың ерлігі – ел жадында мәңгі сақталады, ал рухы – әрдайым биік.

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар