Қазақстандықтардың өмір жасы ТМД бойынша ең жоғары деңгейге жетті
- author AR-AY
- Бүгін, 15:50
- 22

Бұл туралы Үкімет отырысында денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, МӘМС енгізілгеннен кейін саладағы қаржыландырудың орташа жылдық өсімі екі еседен артып, 23,8%-ды құраған. 2027 жылға қарай жүйе саланың негізгі қаржыландыру көзіне айналып, медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға және медицина қызметкерлерінің еңбек жағдайын жақсартуға жол ашады.
Соңғы жеті жылда бір тұрғынға шаққандағы медициналық шығыстар 98 мың теңгеден 258 мың теңгеге дейін өсті. Дәрігерлердің жалақысы 2,8 есеге ұлғайып, 442 мың теңгеге жетті. Медициналық қызметтер көлемі де 2,7 есеге артқан.
Саланың жаңғыруы халық денсаулығына оң әсерін тигізуде: орташа өмір сүру ұзақтығы 75,4 жылға жетіп, жыл соңына дейін 75,8 жылға дейін көтеріледі деп күтілуде. Бұл – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы дерегі бойынша ТМД елдері арасындағы ең жоғары көрсеткіш.
Өлім-жітім 3%-ға азайды, аналар өлімі 100 мың тірі туғанға шаққанда 14,8-ден 10,1-ге, нәрестелер өлімі 7,93-тен 6,80-ге дейін төмендеді.
«МӘМС тиімділігін дәлелдеп отыр: қаржыландыру көлемі артып, қолжетімділік кеңейіп, бәсекелестік күшейді, ең бастысы – халық денсаулығының көрсеткіштері жақсарды», – деді Ақмарал Әлназарова.