Қазақстанда жалған стоматологиялық клиникалардың иелеріне іздеу жарияланды
- author AR-AY
- Бүгін, 16:40
- 1

Қаржылық мониторинг агенттігі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) қаражатты заңсыз шығару ісіне қатысы бар деген күдікпен үш азаматқа іздеу жариялады.
Іздестіріліп жатқан күдіктілер:
Дүйсенов Аслан Қамбарұлы, 1992 жылғы;
Иманбаев Габбас, 1998 жылғы;
Елешев Есимхан Баяндиевич, 1987 жылғы.
Тергеу мәліметінше, олар 46 млрд теңгеден астам қаражатты заңсыз иемдену мақсатында жалған стоматологиялық клиникалардың атын пайдаланып, қылмыстық схема ұйымдастырған. Бұл үшін тіс емдеу қызметі көрсетілгендей медициналық құжаттар рәсімделген. Шын мәнінде Маңғыстау және Атырау облыстарындағы жеті стоматологиялық клиника ешқандай медициналық қызмет көрсетпеген.
Күдіктілерге қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қабылданған. Дегенмен олар тергеуден жасырынғандықтан, іздеуге жарияланып отыр.
Айыпталушылардың бірі — бұрынғы полиция қызметкері Дүйсенов Аслан Қамбарұлы. Ол бұған дейін де ауыр қылмысы үшін сотталғаны белгілі. 2016 жылы Қылмыстық кодекстің 105-бабы («Өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу») және 362-бабы («Қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану») бойынша кінәлі деп танылып, бес жылға бас бостандығынан айырылған.
Қаржылық мониторинг агенттігі іздеуде жүрген азаматтардың қай жерде жүргенін білетіндер болса, +7 (7172) 70 84 78 нөміріне хабарласуды сұрайды. Ақпарат бергендерге сыйақы төленіп, анонимділік сақталатынына кепілдік берілген.