
Міржақып Дулатұлы: «Халыққа ең пайдалы адам – мұғалім» деген. Расында, ұстаз – әр азамат үшін қадірлі тұлға, балаға өмір жолын көрсететін бағыт беруші. Тәлім-тәрбие мен білімнің қайнар көзі болғандықтан, қоғамның өркениеттілігі ұстазға деген құрметпен өлшенеді. Ұстазын ұлықтаған елдің болашағы да жарқын. Сондықтан мен білім беру саласында еңбек етіп жүрген барша ұстаздарға алғыс айтамын, – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы озық ойлы ұлт қалыптастыру үшін ең алдымен білім мен ғылымды дамытуға ерекше мән беруіміз қажет екенін атап өтті.
– Соңғы бес жылда білім саласына бөлінетін қаржы үш есе артты. 1200 жаңа мектеп ашылды. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 150 білім ошағы салынды, тағы 67-сінің құрылысы жүріп жатыр. Балалардың сапалы білім алуына жағдай жасалуда. Педагогтердің мәртебесін көтеру үшін заң қабылданып, жалақысы екі есеге өсті, – деді Президент.
Сонымен қатар, биыл мұғалімдерді даярлау үшін 13 мыңнан астам грант бөлінгенін, бұл – барлық гранттың бестен біріне жуығы екенін айтты. Жастардың педагог мамандығына деген қызығушылығы артып келе жатқаны да қуантарлық жайт.
Мемлекет басшысы дарынды оқушылардың жетістігіне де тоқталды. Былтырдан бері мыңнан астам оқушы халықаралық пәндік олимпиадаларда жеңіске жетті. Бұл – ұстаздар еңбегінің жемісі екенін атап өтті.
– Бүгінгі құбылмалы заманда сапалы біліммен қатар саналы тәрбие де аса маңызды. Биыл барлық мектепте «Адал азамат» тәрбие бағдарламасы енгізілуде. Оның мақсаты – жас ұрпаққа ұлттық құндылықтарды дарытып, отансүйгіш рухта тәрбиелеу. Сондай-ақ «Таза Қазақстан» жалпыұлттық қозғалысына қолдау көрсеткен мұғалімдерге алғыс айтамын. Бұл бастама ұлт сапасын арттыруға ықпал етеді, – деді Президент.
Қ.Тоқаев білім беру ісіндегі цифрландырудың маңызына тоқталды.
– Жасанды интеллект пен цифрлық технология – бүгінгі заманның талабы. Балаларды мектептен бастап цифрлық сауаттылыққа үйрету қажет. Мұғалімдер де жаңа дағдыларды меңгеріп, білім беру процесінде заманауи технологияны кеңінен қолдануға тиіс, – деді ол.
Сөз соңында Мемлекет басшысы еліміздің дамуында «Заң және тәртіп» қағидаты айрықша орын алатынын атап өтіп, құқықтық мәдениетті қалыптастыру ісінде педагогтердің рөлі зор екенін жеткізді.
– Әділдік пен тәртіп қағидаты мектеп партасынан басталуы тиіс. Сонда ғана біз Қауіпсіз, Қуатты және Әділетті Қазақстанды бірге құра аламыз, – деді Президент.