
Мен жұмысқа қабылданған соң, арада аз ғана ай өткенде газеттің бөлім меңгерушісі, облысқа танымал айтыскер Есет Досалының үйлену тойы өтті. Сол тойға көптеген белгілі кісілер шақырылды. Белгілі күйші Аман Малдыбаев, әйгілі айтыскер Әзімбек Жанқұлиевтың жары Бақыт Сапаралиева әуелете ән салды. Қатты қызықтым. Газетте аз уақыт жұмыс істесе де осынша абырой жинаған әріптесімнің тойы көңілден шықты. Араға екі ай салып менің де үйлену тойым өтті. Газеттің беделі ғой, менің тойыма да көптеген жақсылар мен жайсаңдар келді. Сонда газетте еңбек ету үлкен абырой екенін ұқтым.
Кейінірек келіншегім Назира да облыстық жастар газетінде еңбек етті. Жас отбасы деп біздерді қолдаған бас редактор Болат Үмбетәліұлына рахмет. Арасында облыстық «Ақ жол» газетіне ауыстым, басқа жұмыстар істедім. 2011 жылы белгілі журналист Оралхан Дәуіт «Ар-Ай» жастар газетінің бас редакторы болып барды. Міне, осы кезде аталған газетке жұмысқа қайта шақырылдым. Әуелі беттеуші, көп ұзамай жауапты хатшының міндетін атқарушы болып істедім.
«Ар-Ай» газетінде еңбек ететін журналист жігіттерден үйренгенім көп. Бәріміз бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай тату болдық. Редакциядағы отырыстар, мерекелік кештер өте қызықты өтетін. 2011 жылдың жазында бүкіл редакция болып Қырғыз елінің Ыстықкөл аймағында төрт күн бойы демалып қайтқанымыз бар. Сол күндер өте жақсы, әсерлі өтті.
Қазір басқа салада жүрсем де, жастар газетінде өткен жылдарды есімнен әсте шығарған емеспін. «Ар-Ай» газетінде еңбек еткен жігіттермен үнемі байланысып тұрамын. Өкініштісі, бізге ақыл-кеңесін айтып, бағыт-бағдар берген, қамқорлық көрсетіп, кәсіби маман ретінде шыңдалуымызға септігін тигізген Болат Бекжанов, Әлдихан Қалдыбаев ағаларымыз өмірден озды. Көлік жүргізуші Марат Қырықбайұлы ағамыз да жарық дүниемен қош айтысты. Бәрі де ақжарқын азаматтар еді. Жатқан жерлері жайлы, топырақтары торқа болсын.
«Ар-Ай» газетінің редакциясы - нағыз шығармашылық шеберханасы. Менің бұл басылымнан үйренгенім көп. Барша әріптестерімді газеттің 20 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын.
Данияр Жаманбаев,
жеке кәсіпкер, меценат,
Жамбыл облыстық «AR-AI»
жастар газетінің бұрынғы беттеушісі